Accessibility links

Атлантис ғарыш кемесін ұшыру мерзімі тағы да кейінге қалдырылды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Ғарыш кемесінің ұшыру мерзімінің тағы кейінге қалдырылуының себебі, - техникалық ақаудың табылғанынан болуда. Бұл жөнінде АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі хабарлап отыр. Бұған дейін ол ұшыру мерзімі қыркүйектің 7-сіне белгіленген еді. 11 күнге белгіленіп отырған бұл сапардың басты мақсаты - Жер орбитасындағы Халықаралық ғарыш бекетінің құрылысын қайта жандандыру. Коломбия ғарыш кемесі мен оның ішіндегі астронавтар жоқ болып кеткен 2003-ші жылдан кейін құрылыс жұмысы тоқтап қалған еді.

Егер бәрі де жоспардағыдай болса, онда ішінде 6 астронавты бар Атлантис ғарыш кемесі Халықаралық Ғарыш бекетіндегі құрылыс жұмысын қайта жалғастыратын болады. СТС-115 жасағының басты міндеті - 2003-ші жылдан бері алғаш рет Халықаралық Ғарыш бекетіне өте маңызды деген жабдықтарды жеткізу. НАСА сарапшысы Килие Климнің айтуынша, бұл құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін аталған бекеттің электр-генераторларының қуаты екі есеге көбейетін болады.

Салмағы 17 жарым тонна болатын бұл көмекші құрылымның іске қосылуы бірнеше сатыдан тұрмақшы екен. Көтергіш кранға ұқсас механизм ғарыш кемесіндегі заттарды көтеріп алып, оны көмекші құрылымға апарып қондырады. Содан кейін әлгі жүкті бекеттің роботтық қолдарына табыс етпекші. Келесі кезеңде астронавтар әлгі көмекші құрылымды роботтық құрылыммен жалғастыратын болады. Осыдан соң ғана Шатл астронавтары сыртқа шығып, орталық механизім мен электр желілерін іске қосу арқылы көмекші құрылымды Халықаралық Ғарыш бекетінде бұрыннан бар құрылымдарға байланыстыратын болады.

Дәл осындай шаралар келер жылы қайталанатын болады. Осылайша электр қуатын 100 киловатқа жеткізу көзделуде. Содан кейін ғана Халықаралық Ғарыш бекеті герметикаланған, жекелеген модуларды қабылдап, ғарыш кемелерінің 15 рет қатынауынан кейін, өзінің жоспарланған көлеміне жете алады. Клив Симпсон - “Спейсфлайт” журналының редакторы. Оның айтуынша, алғашқы жаңа модулды Еуропа Ғарыш агенттігі жасайды. Коламбус деп аталатын модул Шатл кемесімен 2007-ші жылдың қыркүйек немесе қазан айларында ұшырылатын болады.

“Жыл өткен сайын, ғарыш бекетінен аса маңызды ақпараттар тасқының келе бастауы мен жаңа дәуірдің басталғандығының куәсі болмақшымыз. Жасақ құрамы үш адамнан төртеуге, одан кейін бес-алтыға көбейген сайын мұның өзі жаңалықтар тасқынына айналмақшы. Халықаралық дәрежеден қарағанда, мұның өзі- қомақты іс, бұрынғы-соңғы халықаралық үлкен жоба”, деді Симпсон мырза.

Симпсонның айтуынша, ғарыш кемесінің қайта ұшырылуы Ғарыш бекетіндегі астронавтар санын бір адамға көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Коламбустан кейін 2008-ші жылы Жапон модул бөлігі жеткізілмекші. Бұл үлгі Коламбус модулынан гөрі үлкендеу болмақшы.

Симпсон мырзаның сөзіне қарағанда, америкалық және ресейлік модулдер бөлігі жеткізілгеннен кейін Халықаралық ғарыш бекетінің көлемі бес бөлмелі үйдей болып, ал салмағы шамамен 500 тоннадай болмақшы. Ол бекет құрылымының ұзындығы, қос қапталымен қосып есептегенде, 116 метрге жетеді екен.
XS
SM
MD
LG