Accessibility links

Келесі жылы Қазақстан балалар құқығы бойынша Конвенцияның жалпы орындалуы бойынша есеп береді. Бұл туралы сәрсенбі күні БҰҰ-ның балалар құқығы бойынша комитет төрағасы Якоб Эгберт Доэк хабарлады. Бұл ретте ол Қазақстандағы балалар құқығына қатысты үш мәселені атап көрсетті. Олар: жетім балалардың, мүгедек балалардың жағдайы және Қазақстандағы балалар қылмысының өсуі.

Қазақстан жайлы патриоттық ән салып жатқан «Үміт» балалар үйінің бөбектерін аналары уақытша мемлекеттің асырауына табыс еткен. Мұндай ата-анасының қарауынсыз қалған балалардың саны Қазақстанда 70 мыңнан асады, олардың болашағы да мемлекет назарынан жиі тысқары қалатындығын айтады, ұзақ жылдар Қазақстанда қайырымдылық жұмысымен айналысып келген ағылшын бизнесменінің әйелі Френсис Калуей.

- Оларға өте обал. Себебі, балалар үйінен кеткеннен кейін жетім балалар қайда барып жұмыс істерлерін, қандай қызметпен айналысатындарын білмейді. Сондықтан, мен олардың оқу құралдарын алып, жақсы білім алуларына, одан кейін жақсы жұмыс табуларына көмектескім келеді. Өйткені, олар – сіздердің, Қазақстанның болашағы. Енді бір 5 жылдан кейін Қазақстанда да Англиядағы сияқты балалар үйі азайды деп үміттенем, - дейді Френсис Калуей.

Алайда, әзірге Қазақстанда балалар үйінің саны кемімей отыр. Ал жетімдердің жағдайы Қазақстан үшін ең бірінші мәселе болу керектігін сәрсенбі күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар құқықтары жөніндегі комитетінің төрағасы Якоб Эгберт Доэк Алматыда қазақстандық үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуінде айтты.

18 жасқа толған балалардың жағдайы сол күйі қамқорлық пен назар салуды қажет етеді, бірақ ол жоқ, деген Якоб Эгберт Доэк. Сонымен бірге БҰҰ-ның балалар құқығы жөніндегі комитет төрағасы Қазақстан үшін келесі маңызды мәселелер қатарына мүгедек балалардың жағдайын жатқызады. Алматылық Айгүл Ауғанбаева мүгедек балаларға қатысты Қазақстан заңдарының орындалмауы салдарынан 16 жастағы кемтар қызының денсаулығын түзеп, дұрыс білім алуына мүмкіндік жасай алмай отырғанын айтып, мұғын шағады:

- Заңда мүгедек балаларды пәтермен қамтамасыз ету мәселесі көрсетілген. Бірақ, бұл сөз жүзінде ғана. Арбада отырған балалар пәтерден-пәтерге көшіп жүреді. Менің қызым 16-ға келді, бірақ әлі баспанаға қолымыз жетпей жүр.

Қазақстанда мүгедек балалардың құқықтары ешбір салада орындалмайды дейді Мүгедек балалар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Әсия Ахтанова.

- Ең алдымен балалардың еркін жүріп-тұруына мүмкіндік алу құқығы, тең білім алу, демалу құқығы, ақпарат алу құқығы сақталмайды. Яғни, олар қоғамнан оқшауланған. Өйткені, бізде мүгедек балалар тек арнаулы мектептерде оқиды. Аралас мектептер мен балабақшалар болмағандықтан, оларда таңдау құқығы жоқ. Қарапайым оқу орындарына оларды алмайды. Демалу құқығы мүлдем жоқ. Себебі, біздегі лагерьлер, демалыс үйлері оларға лайықталмаған. Инфрақұрылымдар, жолдар, қоғамдық көліктер, ғимараттардың ешқайсысы кемтар балалардың жағдайын ескермеген, - дейді мүгедек балалар ата-аналарының қауымдастығы басшысы Әсия Ахтанова.

Сонымен бірге Қазақстандағы балалар арасындағы қылмыс БҰҰ-ның назарына ілігіп отыр. «Балалар мәселесі, оның ішінде жастары кәмелетке жетпеген заң бұзушылардың құқықтарына қатысты жұмыстардың әлі жеткілікті екенін» айтады Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов.

Бұл кезде БҰҰ-нда Қазақстан үкіметінен республикадағы балалар құқығы жөніндегі екінші есебін күтіп отыр. Оған қоса бұл мәселе бойынша қазақстандық үкіметтік емес ұйымдар да балама есептерін әзірлеуде. Балама есеп 2007-ші жылдың қаңтар айында ұсынылса, балалар құқығы жөніндегі ресми мемлекеттік есеп келесі жылдың мамыр айында тыңдалмақ.
XS
SM
MD
LG