Accessibility links

Чернобыль апатын жойғандардың атын жамылып жүргендер кімдер?

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қыркүйектің 8-і күні Алматы қаласы және облысы бойынша Чернобыль апатына қатысушылар одағының өкілдері жалған құжатпен Чернобыль апатына қатысушылар санының көбейіп отырғандығы жөнінде мәлімдеме таратты. “Чернобыль құтқарушысы” деген жалған құжатпен тегін жәрдем алып келген азаматтардың анықталғанын айтқан аталмыш одақ өкілдері Қазақстанның Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қорғаныс министрліктеріне хат жолдап, бұл мәселені тексеруді талап етіп отыр.

Мұндай ақпаратты бейсенбі күні Алматы қаласы және облысы бойынша Чернобыль апатына қатысушылар одағының президенті Рахым Әбдікәрімов жария етті. Ол аталмыш одақты 2001 жылдан бері басқарып отыр.

- Осы уақыт ішінде «Чернобыль құтқарушысы» деген жалған құжатпен жылына екі рет тегін медициналық көмек, әлеуметтік жәрдемақы алып келген 8 азаматтың аты-жөні белгілі болды, - дейді Рахым Әбдікәрімов.

Ол сөзіне дәлел ретінде мөр басылып, фотосуреттері жапсырылған жалған құжаттардың көшірмесін алға тартты. Оның айтуынша, мұндай заңсыздықтардың кейбірі Чернобыль апатына қатысушылар емделетін госпитальға тегін ем алуға келгендер арасында анықталыпты. Рахым Әбдікәрімов алға тартқан жалған куәліктерге Р. есімді азамат қол қояды. Алайда, бүгінгі күні қайда екені, немен айналысатын белгісіз ол азамат 1991-2000 жылдар аралығында Алматы қаласы және облысы бойынша Чернобыль апатына қатысушылар одағының президенті болған екен. 9 жыл Алматы қаласы және облысы бойынша Чернобыль апатына қатысушылар одағының президенті болған Р.-дың куәліктерге қол қойып, мұндай құжаттар таратуға құқығы жоқ дейді Рахым Әбдікәрімов.

- Чернобыль апатына қатысушыларға құжатты тек Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ғана бере алады, - дейді Р.Әбдікәрімов.

Оның өзіне қарағанда, дәл қазіргі уақытта қанша жалған құжаттар дайындалып сатылғаны белгісіз.

- Біздің қоғам шын мәнінде Чернобыль апатының зардаптарын құтқаруға қанша адамдар қатысты, кімдер жалған құжатпен жүр - соны білуі керек, - дейді ол.

Ресми деректер бойынша, осыдан 20 жыл бұрын Чернобыль апатының зардаптарын жоюға Қазақстаннан 30 мыңға жуық ер азамат аттанған. Ал биылғы жылдың қаңтар айындағы деректерде олардың тек 6321 ғана тірі қалғаны жазылған. Қатарлары сиреп, өмір бойына мүгедек болып қалған апат құтқарушыларының бүгінгі күні мүгедектігіне байланысты мемлекеттен алатын әлеуметтік жәрдемақысы 7 мың теңгеден, яғни 50 доллардан сәл жоғары екен.

Жалған құжатпен қатарларын толтырып жүрген азаматтардың іс-әрекетіне наразы екендіктерін айтқан «чернобылдықтар» бұл мәселе құзырлы орган назарынан тыс қалмайды деп сенеді.
XS
SM
MD
LG