Accessibility links

Шымкентте ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың саны 49-ға жетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Жергілікті мамандар ВИЧ инфекциясы балаларға қан құю кезінде жұғуы мүмкін деген болжамдар айтуда.

Жұма күні Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің берген хабары бойынша, қыркүйектің 8-і күнгі соңғы мәліметке сай, Шымкенттегі ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалар саны 49 болды. Осыған орай, облыста ВИЧ індетін жұқтырған балалармен бір уақытта емдеу мекемелерінде болған бес жасқа дейінгі балалар тексеруден өтуде. Жалпы, биылғы жыл басынан бері қан құйылған 9989 бала тексеруден өтуі тиіс. Бүгінгі күні олардың 3599-ы, яғни 36 пайызы тексеруден өтті деп хабарлап отыр Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Балалар арасында індеттің таралу себептерін тексеретін құрамына денсаулық сақтау министрлігі мен департаменттерінің, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау мекемелерінің мамандары кірген комиссия өз жұмысын одан әрі жалғастыруда.

Мамандар әзірге індет балаларға қан немесе қаны бар препараттарды ауыстырып құю кезінде жұғуы мүмкін деген болжамдар айтуда. Денсаулық сақтау миинстрі Ерболат Досаев балалардың ВИЧ індетін жұқтыруына байланысты ахуалмен көзбе-көз танысу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына келді деп хабарланды.

Сәрсенбі күні өткен парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар денсаулық сақтау саласының басшылығына қатаң сын айтып, ахуалды тексеруге байланысты нақты нәтижелерді жария етуді және кінәлі адамдарды жазаға тартуды талап еткен болатын.

“Біз 50 адамның өмірін қыршыннан қиып отырмыз. Мұны жасап отырған жергілікті дәрігерлер мен олардың басшылары, Денсаулық сақтау министрі. Бұған неге министр жауап бермейді? Мәселе осында. Министрдің өзі кеше біз айғай-шу көтергеннен кейін сол өңірге барыпты. Осы уақытқа дейін анық-қанығына неге өзі жетпейді? Бүгін республикалық бюджеттің тұсаукесері болған кезде кейбір менің әріптестерім Досаевты, жергілікті медицина басқару жүйесінің басшыларын мақтай жөнелді. Адам өлтіру жетістік болса оларды біз үлкен сыйлықтарға ұсынайық”, - дейді Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов.

Осы сапардан оралған соң Денсаулық министрі Досаевты парламенттің отырысына қайта шақырып, одан нақты жауапты талап етеміз деген депутат Серік Әбдірахманов осындай келеңсіздіктерге жол бергендер қатаң жазалануы керек деп есептейді.

“Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары моральдық шығын өндіруге әрекет жасауы керек. Соған прокуратура, жергілікті жердегі ішкі істер департаментінің қызметкерлері де атсалысуы керек. Ал міндеттеріне үстірт, немқұрайлы қараған дәрігерлер қылмыстық кодекстің 307 бабы бойынша жауапқа тартылуға тиіс”, - дейді заңгер Мұстақым Төлеев.

Осыдан бір ай бұрын баспасөз беттерінде Оңтүстік Қазақстан облысында аталмыш дертті жұқтырғандардың жалпы саны 754 адамға жеткендігі айтылған еді. Қазақстан бойынша бұл дертті жұқтырып ресми тіркелгендер саны осы жылдың маусым айында 6 мың адамнан асқан.

“Шығыс-Батыс” СПИД қорының Алматыдағы өкілі Линара Ахмедзиянова келтірген деректе Қазақстан бойынша ВИЧ инфекциясымен туған балалар саны осы жылдың шілде айының 1-інде 245 болған. Оның айтуынша, 2006 жылдың шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ дертіне шалдыққан 31 жүкті әйел есепте тұрған. Оның 18 нәрестесін өмірге әкелсе, 9-ы жасанды түсік жасатқан.

Ал Оңтүстік Қазақстанда орын алып отырған жағдайға денсаулық сақтау министрлігі мен департаменттерінің, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтер мамандарынан құрылған комиссия әлі екі ай бойы тексеру жүргізбекші.
XS
SM
MD
LG