Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.08.2006 жыл


Жұма күнгі баспасөз Бақай тұрғындары биліктің күшімен бұзылған үйлердің жүз шақтысын қайта тұрғызып алғандығы туралы жазыпты. Сонымен бірге басылымдар Қазақстанның ОБСЕ-ге төрағалық ету процесін Вашингтон кедергі келтіруі мүмкін екендігіне мән беріпті.

Алматы маңындағы Бақай ауылының билік күшімен бұзылған 300-ге тарта үйдің 100-шақтысы қайта тұрғызылып жатқандығы туралы «Караван» газетінде баяндалыпты. Түріксіб ауданының әкімі Владимир Васильев бақайдағы жағдайдың одан әрі шиеленісіп кеткендігін газетке берген сұхбатында айтқан. «Баспаналарды заңсыз тұрғызушылар өздерін бұл жерден қуатын болса, күшпен қорғануға барын айтып отыр, деді аудан әкімі. Сонымен бірге Владимир Васильев өткен дүйсенбі күні Бақайдың қырық тұрғынымен кездескендігін айтқан. Тұрғындар әкімнен бұл жерлерді өздеріне заңдастырып беруін талап етіп, олай болмаған жағдайда халықаралық құқық қорғаушыларға, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымына шағындануға бар екендігін жеткізген» деп жазды «Караван» газеті.

Бұл уақытта республикада мүлікті заңдастыру акциясы жүріп жатқандығына «Новое поколение» газеті мән беріпті. «Бұл процесс осы жылғы шілденің 3-күні басталған болатын. Алайда бір ай бойы тіркелмеген мүлкі барлар бір ай бойы тіркеу орындарын іздеп жүріп қалды. Бірақ мұндай тіркеу комиссиялары әлі құрылып бітпеген болатын» делінген мақалада. Билік өкілдері акцияның алғашқы айындағы жағдайды халық мүлкін тіркегісі келмейді дегенмен түсіндіргендей болған. Сөйтіп мүлікті тіркеу акциясы шын мәнінде тамыз айынан басталған. Бірақ жергілікті әкімшіліктер бір айдың ішінде комиссияларды жасақтауға үлгермепті. «Мәселен, Астанада алғашқы тіркеу комиссиясы өткен сәрсенбі күні ғана ашылған. Үкіметтің мәліметі бойынша, республикада 5 миллионға жуық тіркелмеген мүлік бар. Олардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан» деп жазды «Новое поколение» газеті.

Мүлікті тіркеуге қатысты қиын сұрақтардың көбейіп бара жатқандығына «Литер» газеті тоқталып өтіпті. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында қазіргі күні мүлікті тіркеу туралы 500-ге жуық өтініш түсіпті. Шығыс Қазақстан облысы бойынша салық комитетінің төрағасы Ердан Нұрланбаевтың айтуынша, қиыншылық көбіне жылмымайтын мүлікті рәсімдегенде туып отыр. «Мысалы, 30-40 жылғы үйлерді қалай заңдастыруға болады? Заң бойынша бұл үйлер бұзылып, оның орнына жаңасы тұрғызылуы тиіс. Ауылдардағы үйлердің көбі шикі кірпіштен тұрғызылған. Бұл үйлерді ешбір шенеунік заңдастырып бермейді. Яғни, ауылдағы баспаналардың жартысы заңсыз болып шығады. Облыста жарты миллионнан астам заңдастырылмаған баспана бар екен» деп жазды «Литер» газеті.

Ал «Айқын» газетінде мемлекеттік мекемелердегі олқылықтар туралы жазылыпты. «Батыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік мекемелерді тексеруге кіріскен Есеп комитетінің қызметкерлері 37 органды қарап, соның барлығында дерлік ел қазынасын талан-таражға салу қылмыстары ашылды» делінген мақалада. Есеп комитетінің жетекшісі Омархан Өксікбаевтың айтуынша, «комитет бұл облыста ел қазынасынан бөлінген жалпы сомасы 788 миллион теңгенің әлдекімдердің жемі болып кеткендігін анықтап отыр» деп жазды «Айқын» газеті.

Басылымдар сонымен бірге Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесіне де мән беріп өтіпті. Қазақстан мен АҚШ арасындағы «стратегиялық достық» пен «бауырлас әріптестікке» қарамастан Вашингтон Астананың ОБСЕ-ге төрағалық ету процесіне кедергі келтіруі мүмкін екендігі «Деловая неделя» газетінде жазылыпты. «АҚШ еуропалық мемлекет саналмаса да, америкалықтар өздерінің Еуропадағы одақтастары арқылы кәрі құрлықтағы әртүрлі бастамаларды болдырмай тастауға қабілетті» делінген мақалада. «Сол себепті ОБСЕ-ге төрағалық ету мәселесінде АҚШ-тың және оның Еуропадағы басты одақтасы Ұлыбританияның өз ұстанымын айтпағаны Қазақстанның сыртқы әстер министрлігін алаңдатып отыр» деп жазды «Деловая неделя» газеті.

Бұл уақытта Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға сапары екі мемлекет әріптестігінің жаңа белестерін айқындайтындығына «Казахстанская правда» газеті мән беріпті. Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, «АҚШ-пен арадағы әріптестікті арттыру Қазақстанның ұлттық мүддесіне сай келеді. Н.Назарбаевтың Вашингтонға кезекті сапары екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуына кепіл болмақ» делінген «Казахстанская правда» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG