Accessibility links

Польша кеден қызметі Қырғызстан Парламентінің бұрынғы төрағасының қол багажынан 595 грамм героин тапты


«Азаттық» радиосының тілшісі хабарлағанындай, қыркүйектің 6-сы, сәрсенбіде, Қырғызстандық белгілі саяси қайраткер Парламенттің бұрынғы төрағасы Өмірбек Текебаев Польшадағы Крыница қаласына халықаралық экономикалық конференцияға бара жатқанда Варшава әуежайындағы кедендік тексеру кезінде 595 грамм героинмен қолға түскен. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі ол оқиғаны растап, мәлімдеме таратты.

Бұл хабар жетісімен, Қырғызстан парламентінен 30 шақты депутат жағдайды талқылаған. Жұма күні Қырғызстан парламенті төтенше мәжіліс өткізіп, үкіметтен белгілі қайраткер Текебаевті ол күдікті жағдайдан арашалап алуға шақырды.

Бұл жағдайдың анық-қанығына жету үшін Варшаваға Қырғызстанның Беларус еліндегі елшісі жедел жеткен. Анықталғаны – героин Өмірбек Текебаевтің багажындағы ағаш матренка қуыршағынан табылған.

Ө.Текебаев Парламент жетекшілігінен кеткеннен соң оппозициядағы Реформа үшін деген қозғалыстың теңтөрағалық қызметіне келген. Сол қозғалыстан мүше және парламент депутаты Мелис Ешімханов: «бұл Текебаевқа қарсы арандату әрекеті, сондықтан біз Сыртқы істер министрлігі, Қауіпсіздік және кедендік қызметі ресмилерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз», деген.

Келесі бір депутат Темир Сариевтің тілшімізге айтуынша, Текебаевпен бірге қырғызстандық депутат Данилов және құқық қорғаушы Құрманов болған. Текебаевтің өзі багажындағы героинді менікі емес деген.

Демократия және азаматтық қоғам үшін коалициясының жетекшісі Еділ Байсаловтың айтуынша, бұл жағдайды өзге күштер ұйымдастырған болуы керек.

- Бұл қырғызстандық құпия қызметтің бұрынғы парламент төрағасы, қазіргі оппозиция жетекшісіне қарсы ұйымдастырған арандату жұмысы. Оны халықаралық қауымдастық және халық алдында абыройдан жұрдай етпек болған әрекет, - дейді Байсалов.

Еділ Байсаловтың тобы бұл мәселені Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымы алдына қоймақ.

Бейүкіметтік Интербілім қозғалысынан Асия Сасықбаеваның айтуынша, героинді Ө.Текебаевтің багажына тиісті орындар салған болуы керек, себебі, дипломатиялық паспорты бар Текебаев поляк кеден қызметіне багажын қарсылық көрсетпай-ақ ашып берген.

- Егер бірер шикілігі болса дипломатиялық иммунитетке ие азамат өз багажын ашуға бермеген болар еді. Бірақ, бұрынғы спикер Текебаев поляк полициясына өз багажын өз қолымен ашып берген, - дейді Сасықбаева.

Текебаевтің Польшада тұтқындалуы оған үлкен рухани соққы болып тұр, дейді Сасықбаева. Текебаев кезінде бұрынғы президент А.Ақаевті, кейінірек қазіргі елбасы Бақиевті де қатты сынап келген.

Ақпан айында президент Бақиевтің жұмысы жөнінде, ит болды ғой, оның орнында мен болсам асылып өлген болар едім деп, Текебаев жұртты бір дүрліктірген болатын.

Міне енді, Адам құқықтары комиссиясының төрағасы Тұрсынбек Ахунның тілшімізге айтуынша, Сыртқы істер министрлігі және прокуратурадан арнайы топ Ө.Текебаевқа қолдау көрсету мақсатында Польшаға барған.

Поляк заң орындары Ө.Текебаевты бір тәуліктен кейін еркіндікке шығарған.
XS
SM
MD
LG