Accessibility links

Бүгін - 11-қыркүйек оқиғасына 5 жыл


Осыдан 5 жыл бұрын, Нью-Йорктағы қос алып мұнараға ұшақпен жасалған террорлық шабуылда қаза тапқандардың арасында қазақстандық Жаннетта Цой да қастандық құрбаны болды.

Жаз маусымы аяқталып, күз жақындағанда Алматы қаласының тұрғыны Валентин Андреевич Цойдың отбасын ерекші бір мұңға батады. Жыл сайын қыркүйектің 11 күні олар алыстағы Америкада террорлық шабуыл құрбаны болған қызы Жаннетта Цойды еске алады.

Жастары 60-тан асқан Раиса мен Валентин Цойлардың жалғыз қызы Жаннетта Цой осыдан бес жыл бұрын Америкадан болған террорлық шабуылдың құрбаны болды. АҚШ-қа кеткенге дейін Жаннетта Цой американдық Марш деп аталатын сақтандыру компаниясынының Қазақстандағы бөлімінде жұмыс істеген. Соңынан грин-карт ұтып алып, өзі көптен аңсаған арманына ие болған еді. 2001 жылы жазда Жаннетта жұбайы және 4 жасар қызымен Америкаға көшіп барды. Ол елде Жаннетта жаңадан жұмысқа кіріскен соң, екінші күні – 2001 жылғы қыркүйектің 11-інде, ол жұмыс істеген кеңсеге екі ұшақ келіп соғылғаны бүкіл адамзат үшін күтпеген оқиға болды.

Жаннетта грин-карт алғанда өзі жұмыс істеп жүрген компания оны Нью-Йорк қаласындағы кеңсесіне ауыстырған. Сол себептен Жаннеттаның ата-анасы қыздарының қай жерде, қай қабатта отыратынын білген екен.

- Біз теледидардан болған қайғылы оқиғанын көргенде өзімізді қоярға жер таппадық, қайта-қайта Америкаға телефон шалдық, бірақ байланыс болмады. Үшінші күні ғана күйеу баламыз хабарласып, Жаннеттаның жоқ екенін айтты, - дейді Жаннеттаның анасы Раиса Цой.

Марқұм Жаннеттаның жұбайының әжесі 82 жасар Екатерина Хон қыркүйектің 11-күні Америкада болған сол оқиға жайлы әр кез теледидардан көрген сайын, түнімен ұйыктай алмай шығатынын айтады. Сол қайғылы болған оқиғаны күні бүгінге дейін ұмытпай келе жатқан Екатерина Хон, тағдыр неге Жаннеттаның орнына неге мені алмады деп налиды.

- Жаннетта жас еді, оның қызы бар еді, ал менің жасым болса келді. Неге Құдай мені алмай Жаннеттаны алды, неге осындай әділетсіздік болады, деді Еактерина Хон.

Жаннетта мен оның күйеуі Вячеслав Лигай Америкаға кетерде Екатерина Хон өзінің қатты жылағанын айтады.

- Жүрегім бір нәрсені сезгендей болды, бәрібір қарт адамдар сезеді ғой, мен қайғылы оқиға болатынын 50 пайыздай сездім десем болады, - дейді кейуана.

Ал Валентин Цой болса қызының Америкаға кететінін естігенде қуаныпты. Себебі ондай мүмкіндік әрбір адамға беріле бермейді ғой, дейді ол. Қазір Жаннеттаның ата-анасы жыл сайын Америкаға, қызының бейтіне барады.

- Алғашында 4 жасар немереміз түсінбей, мен еш уақытта жұмысқа бармаймын, себебі анам жұмысқа кеткеннен оралмады, енді мен еш уақытта жұмысқа бармаймын деп айтатын, - дейді Жаннеттаның анасы Раиса.

Бүгінгі таңда Жаннеттаның қызы 9 жаста, ал анасы тірі болғанда қазан айында Жаннетта 38 жасқа толар еді, сол себептен біздің есімімізде тек жас, әрі әдемі қалпында қалды, дейді оның ата-анасы. Олардың сөзіне жүгінсек, Жаннеттаны қайғылы оқиға болатын күні жұмысына кешіктіргісі келгендер көп болған, бірақ Жаннетта мен баруым керек, деп жұмыска ерте барған екен. Алғашында Жаннетта не қайтыс болғандардың арасында болмаған, не тірілердің арасында табылмаған. Сөйтіп Жаннеттаның ата-анасы мен жолдасы Жаннеттаны 7 ай іздеген.

- Соңына дейін Жаннеттамыз тірі шығар деп жүрдік, бірақ көкек айында біздің бар үмітіміз жойылды, - дейді Раиса Цой.

Қазіргі кезде Жаннеттаның Александра есімді қызы Раиса мен Валентин Цойлардың бар алданышына айналған, себебі ол анасына өте ұқсас.

- Ең бастысы болашақта мұндай оқиғана қайталанбасын, себебі, бұл өте ауыр, - дейді Жаннеттаның әкесі Валентин Цой.
XS
SM
MD
LG