Accessibility links

Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Қазақстанмен сауда-саттық қарым-қатынас орнатқылары келеді

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Дүйсенбі күні Парламент Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшелері Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының саяси кеңесінің мүшелерімен кездесті. Делегацияны төменгі палатаның депутаты, қазақ азаматы Қабыл Оспанұлы бастап келді. Ондағы мақсат 20 млн. халқы бар Шыңжаң ауданы мен Қазақстан арасында сауда-саттық орнату және Шыңжаң кәсіпкерлерінің Қазақстанға кіруіне жол ашу.

Қазақстанмен шекаралас Қытай халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы Қазақстанмен өздерінше қарым-қатынас орнатқылары келеді. Олар «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деген қазақтың мақалын алға тартып, «Қытай астанасы Бейжіңге тауар тасымаладағаннан гөрі, шекаралас жатқан Қазақ елімен сауда-саттық орнатқан әлде-қайда жеңіл», – деп отыр шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының саяси кеңес мүшелерінің өкілдері. Әрі делегацияны бастап келген қазақ азаматы Қабыл Оспанұлының сөздеріне қарағада орталық қытайдың өзі саясаттағы басты назарын Орталық Азия елдеріне аударып отырған көрінеді.

«Қытай өкіметі Қазақстан қауіпсіздігіне ешқандай залал келтірмейтін келісімдерге қол қойған», – дей отырып, қытай делегациясы Қазақстан Парламенті депутаттарының тамырын басып, «Қазақстан Үкіметі тарапынан қазақ жерін пайдаланып игеруге, кен орындарын ашып, қаржы құюда қандай жеңілдіктер, мүмкіндіктер бар?», – деп сұрады.

Сонымен бірге олар Қазақстан ет өнімдерін Шыңжаң ауданынан алса екен деген де тілектерін білдірді. Өйткені қытай өкілдерінің сөздеріне қарағанда, соңғы уақытта Шыңжаң ұйғыр ауданында малдың басы едәуір өскен.

Қазақстан тарапынан Парламент Мәжілісінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Әбдрахманов жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін мұндай қарым-қатынасқа мүмкіндік беру керек деді «Азаттық» радиосына:

– Өздерінің сұрауы бойынша, кәсіпкерлерді түртіп, оларға ыңғайлы жағдай жасап отыруымыз керек. Себебі жасыратыны жоқ, біздің де кейбір лауазым иелерінің есігін ашу оңайға соқпайды. Жасыратыны жоқ кейбір басшылар бар, жалаңдап, біреудің келгенінің қалтасына қарап отырады. Міне сондай қолайсыз жағдайлар кедергі болмас үшін байланыстарымызды тұрақты деңгейге көтеруіміз керек те, заңдарымызды ыңғайлатып, қандастарымыздың жақындауына жағдай жасауымызы керек.

Қытайдан келген Қабыл Оспанұлы қазақ диаспорасының өкілі болғандықтан да сөз арасында ебін тауып, қытайдағы қазақ мәселесін айтып кетті. Ол қытайда халық көп, жер аз болғандықтан қазақтардың мүмкіндігінше өз атамекендеріне оралғысы келетіндігін жеткізді. Бірақ қазақ үкіметі жыл сайын квотаны аз бөлетіндігін тілге тиек етіп, Қазақстанға көшіп келетін азаматтарды мал-мүлкімен шекарадан өткізсе деген тілегін білдірді Мәжіліс депутаттарына.

Қытаймен шекаралас ауданнан сайланған Қазақстан Парламентінің депутаты Ермұханбет Омаров шеттегі қазақтарды елге әкелуде Қазақстан Үкіметі тарапынан да шешілмеген мәселелер көп екенін жасырмайды. Ол тиісті заңдарға өзгеріс енгізу керек дейді:

– Қытай еліндегі қазақтардың бүгін мен қазақ еліне көшем десе бірден мәселе шешілмейді. Біріншіден, квотаны көбейткенімен қытай мемлекеті қазақтардың бәрі көтеріліп елдеріне кетсін деген саясат ұстанып отырған жоқ. Олар да қазақтарды мүмкіндігінше сол жерде ұстағысы келеді.

Бүгінде Қытай өлкесінде ресми мәлімет бойынша бір жарым млн. қазақ бар. Алайда депутат Ермұханбет Омаров қытайдағы қазақтардың саны екі млн. ға жетіп қалды дейді:

- Қазақстанда ағайын-туған, жақындарым бар солар шақырып жатыр деген саясатпен көбі Қазақстанға келіп жатыр. Соның өзіне қытайдың жергілікті Үкіметінен неше түрлі көптеген құжаттар жинайды. Оған біреудің шамасы келеді, біреудің шамасы келмейді. Ол жақтан өту қиындау.

Қытайдағы қазақтарды барынша Қазақстанға көшіру мәселесін Мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов өзі басқаратын комитет болып қолға алатындығын айтты «Азаттық» радиосына:

– Атамекеніне ораламыз деген қытайда қазақтардың саны көп екен. Бірақ біздің Үкімет тарапынан ол жаққа басқа мемлекеттерге қарағанда квотаны азайтыпты. Бұл неге? Содан кейін олар өздерінің мал-мүлкімен өтсек, соған Қазақстан Үкіметі кедергі болмаса дейді. Сол себептен осының барлығын қарастырып, өзіміздің комитеттің отырысын өткізетін шығармыз.
XS
SM
MD
LG