Accessibility links

Шымкентте ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың саны 52-ге жетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Шымкентте тағы 3 сәбиде ВИЧ инфекциясы анықталды. Облыстық Денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрсұлу Тасмағанбетова және оның орынбасары Рахима Қуандықова қызметтерінен кетті. Осыған дейін кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту керек деп мәселе көтеріп, Қазақстанның Бас прокуратурасына депутаттық сауал жолдаған Парламент мәжілісінің депутаты, бұрынғы дәрігер Ерасыл Абылқасымов “Азаттық” радиосына қыркүйектің 12-сі күні берген сұхбатында ВИЧ инфекциясына шалдыққан 4 сәбидің көз жұмғандығын хабарлады.

Қыркүйектің 12-сі күні электронды ақпарат құралдары арқылы Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі таратқан хабарламада Шымкентте тағы 3 сәбиде ВИЧ инфекциясы диагнозы расталып, олардың жалпы саны 52-ге жеткендігі айтылған. Сондай-ақ, министрлік облыста балаларды тексеруден өткізу жұмыстарын жеделдету үшін қосымша 15 дәрігер-маман аттандырылды делінген.

Сейсенбі күні осы оқиғаға орай, Шымкент қаласында журналистермен жүздескен облыс әкімінің орынбасары Мұқан Сағындықов облыстық Денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрсұлу Тасмағанбетованың өз еркімен қызметінен кеткендігін хабарлады.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Болат Байқадамов қыркүйектің 11-інде Оңтүстік Қазақстан облысындағы ВИЧ инфекциясының жаппай тарауына байланысты, облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Нұрсұлу Тасмағамбетованың тергеу амалдарының нәтижесін күтпестен, қызметінен бас тартуы керек деп мәлімдеме жасаған еді. Облыс әкімінің орынбасары Мұқан Сағындықовтың айтуынша, Тасмағанбетова ханымның қызметінен кетуіне осы мәлімдеменің де әсері болыпты.

“Кеше Байқадамов мырза Нұрсұлу Нұрғалиқызы өз еркімен қызметінен кетуі керек деді. Ол да себеп болды. Әрине ол әкім болсын, орынбасар болсын, денсаулық сақтау департаментінің бастығы болсын өз қызметіне жауап беруі тиіс. Бірақ бұл жерде біз Тасмағанбетова ханым кінәлі деп айта алмаймыз”, - дейді Мұқан Сағындықов.

Ал өткен аптаның сәрсенбісінде мәжілістің жалпы отырысында депутаттар денсаулық сақтау саласының басшылығына қатаң сын айтып, ахуалды тексеруге байланысты нақты нәтижелерді жария етуді және кінәлі адамдарды жазаға тартуды талап еткен болатын. Осыған орай, депутат Ерасыл Әбілқасымов Қазақстанның Бас прокуратурасына жіберген депутаттық сауалында тек Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінің басшысын ғана емес, сондай-ақ облыс әкімі мен денсаулық сақтау министрінің қызметінен кетуін талап еткен еді. Ол қыркүйектің 12-сі күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында:

“ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалар 52 болды. Маған жеткен ақпарат бойынша ол балалардың 4-еуі көз жұмған. Дәрігерлер қателік жасаған. Заң бойынша 3 жасқа дейінгі балаларға қан құюға болмайды. Олар балаларға жаппай қан құйған. Қысқаша айтқанда, қылмыстық іс қозғалды. Онымен қазір Бас прокуратура айналысып жатыр”, - деді.

Ал ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың көз жұмуына байланысты ақпаратқа тиісті орындар ешбір түсінік бермей отыр.

“Өз істеріне салғырт қараған дәрігерлер кінәсінен балалары зардап шеккен ата-аналар заң орындарына шағымдануы керек. Олардың құқықтарының қорғалуына прокуратура, жергілікті жердегі ішкі істер департаментінің қызметкерлері де атсалысуы керек. Ал міндеттеріне үстірт, немқұрайдылы қараған дәрігерлер қылмыстық кодекстің 307 бабы бойынша жауапқа тартылуға тиіс”, - дейді заңгер Мұстахим Төлееев.

Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Кеңес Исмайловтың айтуынша, зардап шеккен балаларға моральдық шығын төлеу мәселесі де қарастырылып жатқан көрінеді.

- Өтемақы мөлшері мен төлену мерзімдері – заңға талаптарына сәйкес орындалады, - дейді Кеңес Исмайлов.

Оңтүстік Қазақстанда орын алып отырған жағдайға денсаулық сақтау министрлігі мен департаменттерінің, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтер мамандарынан құрылған комиссия әлі екі ай тексеру жүргізбекші.
XS
SM
MD
LG