Accessibility links

12 қыркүйек - Алтынбек Сәрсенбайұлының туған күні

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстан оппозициясының көсемдерінің бірі тірі болса бүгін 44 жасқа толар еді. Бұл күні жұртшылықтың қатысуымен марқұмның зиратының басына қойылған құлпытастың ашылу салтанаты мен Алтынбектің өмірі жайлы деректі фильм көрсетіліп, «Есік» мейрамханасында ас берілді.

Биылғы жылғы 11 ақпанда жанындағы екі серігімен бірге Алматының шетінде зұлымдықпен атып өлтірілген Қазақстан оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының 44 жасқа толған күнін Алматы жұртшылығы мен оппозициялық бағыттағы барлық дерлік партия көсемдері қатысып үлкен шарамен атап өтті. Жұрт Кеңсайдағы зират басына бірнеше автобус және елу шақты жеңіл автокөлікпен келді. Бұл жерде Алтынбектің қарт ата-анасы мен туған туыстары да болды. Қазақи дәстүр бойынша зират басында әруақтарға құран бағышталды. Зират басындағы кіші-гірім жиында сөз сөйлеген шешендер Алтынбектің Қазақстанның саяси сахнасында атқарған шаруалары мен қол жетпеген армандары жайлы біраз әңгімелеп кетті. Онда айтылған негізгі ойды Қазақстан Компартиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин қысқаша былай қортындылады:

- Алтынбек өзімен бірге қазақтың асыл қазынасын алып кетті. Оның елімізді өркендету мақсатындағы терең ойлары өзінің көзі тірісінде іске асырылмай қалды... Сол себептен де Алтынбектің қазақ елінің тарихының төрінен орын алатыны, менің ойымша, сөзсіз! Оны жасайтын қалғандарымыз – біз! Ал Алтынбекке оқ атқызған адамды қарғыс атсын деймін! Әумин!»

Зират басындағы Алтынбекке қойылған құлпытас, оның маңайындағы кейбір аты көпшілікке онша мәлім емес тұлғалардың ескерткішіне қарағанда қарапайым ғана. Бірақ, «архитектор Бек Ибраевтың жобасымен жасалған бұл ансамбльдің мағынасы кең әрі терең» дейді жазушы Зейнеп Ахметова апай.

«Алтынбектің өзі өмірде өте қарапайым болды. Даңғазалықтықты, мақтаншақтықты, өркөкіректікті қаламаған адам. Басына қойылып отырған белгі де соншалық көзге қарапайым болғанымен мағынасы соншалық тереңге кетіп жатыр. Әлем-жәлем қылып қоюға да болар еді, бірақта мынау Алтынбектің табиғатына, оның жаратылысына сай болмас еді! Мынау құлпытас белгінің жалпы сымбаты бесіктас іспеттес болғаны оның еліне керемет адал перзент бола білгенінің белгісі. Ал анау бәйтерек іспеттес құлпытас көнеден келе жатқан қазақи дәстүр бойынша ел бастаған батырларға қойылатын белгі. Оның төменгі жағындағы таңба – Албандардың таңбасы болып басталып, жоғарғы жағындағы архар мүйіз белгі Алтынбектің рух өрлігінің белгісі, кеудесін ешкімге таптатпағаны – соның белгісі, айналасындағыларға соны айтып тұр. Айналаның барлығы жасыл көк шөппен көмкерілгені көгере берсін дегенді білдіреді. Мынау қарағай жәй өссе де көп өсетін ағаш, өсе берсін дегенді білдіреді. Мына жердегі қасиетті арша – артындағы ұрпақтарын кесір-песірден сақтайды деген белгі. Сонымен бірге Алтынбегімнің өз сөзі жазылған тақта тас, - деді Рысбек.

Құлпытаста «Ел азаматтарының бақытты һәм бақуатты өмір сүруі үшін күрестік... Бәріне де уақыт пен халық төреші» деген Алтынбек Сәрсенбайұлының сөзі қашалған.

Көпшілік зират басынан соң Алтынбек жайлы жасалған деректі фильм көруге «Қазақстан» кинотеатрына барып еді, біраз әбігер болды.

- Қалалық әкімшілік киноны көрсетуге үлкен кинозалдарын берген жоқ! Сондықтан шағын болса да осы «Қазақстан» кинотеатр басшыларымен уағдаласып, адамдардың алғашқы легі киноны көріп те үлгерді, бірақ кино қиындықпен көрсетілді. Біраз уақыт электр жарығын сөндіріп тастап, кино көрсетілуіне кедергі жасалды. Бұл енді биліктің ескі аруы ғой, сол ауруы қайтадан қозған болуы керек. Енді киноның мағынасын олар түсінгеннен кейін, билік халықтан қорқады. Өз халқынан өзі қорыққандығы сондай, киноны көрсетуге мүмкіндік бермей отыр. Қазір енді қала басшылығындағы азаматтармен сөйлескелі жатырмыз, мүмкін солар ақылына келіп рұқсат етер. Ал таршылық жасап, жоқ, болмайды десе, онда көпшілік бұл киноны көре алмауы да мүмкін, - деді Алтынбектің ағасыі Рысбек.

Дегенмен депутат Амалбек Тшанның араласуымен жиналған көпшілік ол киноны көрді, әйтеуір. Фильм Алтынбектің мектепте бірге оқыған кластастарының естеліктерімен қатар оның саяси көзқарастары және елдегі саяси ахуалға да өзінше көзқарас білдірген сияқты әсер қалдырды. Десе де көпшілікке ұнағаны байқалды. Фильмнен алған әсерлері жайлы көрермен көпшілік өкілі Болатбек Төлепберген былай деп ой бөлісті:

- Фильм маған ұнады. Алтынбектің тағдырына байланысты, өміріне байланысты, соңғы кезде қалай болды, өмірден қалай кетті - соның бәрін жақсы қиюластырған. Жалпы адам ретінде, азамат ретінде, саясаткер ретінде, оның Қазақстан саяси сахнасындағы ролі қандай болды? Соларды аша білген деп ойлаймын.

Ал осы фильмді жасаған режиссер Асылбек Абдулов шығарма жайлы былай дейді:

- Бұл фильм – біз жайлы. Алтеке қазіргі кезеңде Қазақстанда өмір сүріп жатқан қазақтардың жиынтық бейнесі іспеттес, олардың ұмтылыстары мен үміттерінің бейнесі іспеттес дер едім. Маған Алтеке Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлиндермен бір қатарда тұрғандай! Білмеймін, ол жақсы ма, жаман ба, бірақ осы уақытта шындық үшін адам өмірін құрбан етуі керек. Халықтың бақыты үшін де солай – адам өмірін қиюы керек. Ондай уақыттар біздің тарихымызда болған да және жалғасып та жатыр. Сол үшін біз өзіміздің де, өзгенің де кім екенін есте тұту үшін, қайдан, қайда бара жатқанымызды түсіну үшін бұл фильмді түсірдік.
XS
SM
MD
LG