Accessibility links

Қазақстан үкіметі қоғамдық ұйымдардан түскен «БАҚ туралы» заң жобасын кері қақты


13-қыркүйекте Алматыда бір топ депутаттар бастамасымен әзірленген БАҚ туралы жаңа заң жобасына қатысты үкіметтің қорытындысына Қазақстанның бірқатар журналистік ұйым өкілдері келіспейтіндіктерін мәлімдеді. Естеріңізге салсақ, биылғы жылдың шілде айының 5-інде президент қол қойған «БАҚ туралы» заңға енгізілген өзгерістерге Қазақстанның журналистік ұйымдары мен бірқатар халықаралық ұйымдар наразылықтарын білдіріп келген. Сондықтан, бір топ депутаттар парламентке БАҚ туралы жаңа заң жобасын ұсынған болатын. Алайда, үкімет осы ұсынылып отырған жаңа заңға байланысты жасаған қорытынды да, еш негізсіз болса да, «ол заңды қабылдауға әзір ерте деген тұжырым жасап отыр» дейді Қазақстанның бірқатар журналистік ұйым өкілдері.

Қазақстанда БАҚ туралы заң төңірегіндегі даудың жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Ол заңға соңғы енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға президент биылғы 5-шілдеде ғана қол қойып еді. Қазақстан қоғамында даулы тақырып болған ол толықтырулар мен өзгертулер мыналар еді:

- БАҚ-ты тіркегенде алынатын жарнама тағайындау;

- сот шешімімен жабылған БАҚ жетекшісі үш жылға дейін басқа БАҚ жетекшісі бола алмайды;

- бас редактор ауысқан немесе редакцияның мекен-жайы ауысқан, не басылым шығу мерзімі өзгерген жағдайда қайта тіркеуден өту;

- әкімшілік тәртіп бұзғаны үшін БАҚ-тың лицензиясын кері қайтарып алу мен шығуына тиым салуға дейін жаза қолдану сияқты және басқа да бірқатар қатаң ережелер көзделген.

БАҚ туралы заңға енгізілген бұл толықтырулар мен өзгертулерге тек Қазақстан журналистер қауымы ғана емес, Брюссельдегі халықаралық журналистер федерациясы да өз алаңдаушылығын білдірген болатын. Сол кезде аталған ұйымның бас хатшысы Эйдан Вайт Қазақстан президентінің атына үндеу жолдап «бұл өзгертулер журналистерге қысым жасау мен мемлекет тарапынан бақылауды қатаңдатып жіберген, бұл жағдай БАҚ-ына деген қоғамдағы сенімді азайтады» деп көрсеткен еді. Бірақ, жаңадан келген ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевтың атымен тығыз байланыстырылған осы өзгертулерге президент қол қойып тынған. Ал бұл кезде парламентке бірқатар депутаттар БАҚ туралы жаңа заң жобасын ұсынып, ол үкіметке сараптамаға жіберілген-ді. Енді үкімет сол депутаттар ұсынып отырған жаңа заңға байланысты қортынды жасапты.

- Үкімет басшысы Даниял Ахметов қол қойған қортындыда «ол заң еліміздің қазіргі даму кезеңіне сай келмейді», «бюджеттің кіріс-шығыс бөлігіне әсер етеді» деген және т.б. уәждар айтып, БАҚ туралы жаңа заң жобасын парламентте қарамауға көшіп отыр. Біз бұл заңды біржарым жылдан бері Қазақстанның барлық дерлік аймақтарында конференцияларда талқыдан өткізіп, министірліктерден сараптамадан өткізіп, олардың айтқан ұсыныстарының 80 пайызыдайын ескерген болатынбыз, - дейді «Әділ сөз» қорының басшысы Тамара Калеева.

Ал парламент депутаты әрі осы жаңа заңның жанашыры Сергей Кисилев «бұл жобамен жұмыс жалғаса береді» деп отыр.

- Қазір біз бұл жобаны кері шақыртып алып, үкімет айтып отырған кейбір тұстарын өңдеп, олармен ымыраға келуге тырысамыз және келешекте қайтадан парламентке ұсынбақпыз, - дейді Кисилев мырза.

Сондай-ақ, Қазақстанның бірқатар журналистер ұйымы ұсынып отырған жаңа заң жобасының төмендегідей артықшылығы бар деп отыр.

БАҚ тіркеу үшін - ескерту ғана қажет (қолданыстағы заңда - рұқсат алу қажет); ар-намысты қорғау үшін талап-арызды беру уақыты реттелген; кез келген бұқаралық ақпарат құралын монополиялауға жол берілмейді, халықаралық стандарттарға сәйкес шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауапқа тартылмайтын жағдайлардың тізімі кеңейтілген, т.б. бірқатар жеңілдіктер бар.

Бірақ, Қазақстан журналистер ұйымының өздері «бұл парламентке ұсынылып отырған жаңа заң жобасы да идеалды деуге келмейді, бұны да жетілдіру керек» деп есептейді. Қазақстан заңнама кеңістігінде БАҚ туралы заң төңірегіндегі даудың толастамай отырғанын Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев былай деп түсіндіреді:

- Үкіметтің БАҚ саласындағы заңдар туралы байсалды саясаты жоқ! Соңғы бес жыл – ол тұрақты түрде тұрлаусыздық таныту. Естеріңізде болса, осыдан 3 жыл бұрын сол кездегі қоғамдық келісім және ақпарат министрлігі парламент арқылы БАҚ туралы заңды өткізбек болғанда біз президент арқылы ол заңды тоқтатқан едік. Енді министрлік «толықтырулар мен өзгертулер» әдісіне көшті. Және оны парламент арқылы өткізіп те жатыр. Менің түсінгенім, ақпарат министірлігі әзірлемеген заң әрқашан жаман болып шығады екен.

Сөйтіп, БАҚ туралы заң төңірегіндегі дау әлі өз жалғасын таппақ және «біз соңына дейін соғысамыз, әрине, ол біздің БАҚ құралдарының жеңісімен аяқталады деп сенемін», дейді Тамара Калеева.
XS
SM
MD
LG