Accessibility links

Алматыны қаржы орталығына айналдыру жұмыстары басталып кетті

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Қазақстан президентінің 2006 жылғы бірінші ақпанындағы жарлығымен Алматы қаласының аймақтық қаржы орталығы қызметін басқару жөніндегі республикалық агенттік құрылған болатын. Агенттік төрағасы Әркен Арыстанов ақпан-тамыз айларындағы атқарылған жұмыстары барысымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне таныстырды. Қаржы ортылығын құруға байланысты 2006 жылғы республикалық бюджеттен бір жарым млрд. теңге бөлінген болатын. Алматы қаласының аймақтық қаржы ортылығы қызметін басқару жөніндегі агенттіктің төрағасы Әркен Арыстановтың айтуынша, мемлекет қазынасынан бөлінген ақшаның үштен екісі ғимарат алуға және ұйымдастыру жұмыстарына жұмсалынған.

Сонымен бірге Алматы қаласын қаржы орталығына айналдыруға шетелден де кеңесшілер келіп, жәрдем беріп жатыр екен. Мәселен, Ресей астанасы Мәскеуден келген «Ренессанс Капитал» компаниясының директоры Олег Железко Алматыны қаржы орталығына айналдыру үшін ең алдымен халықаралық компанияларды Алматыдан филиалдарын ашуға шақыру керек дейді:

– Бұл қазақстандық компанияларды қаржыландыру үшін маңызды екен. Сонымен бірге акция иеленуге жергілікті инвесторлар мен зейнетақы қорларынан басқа батыс инвесторларын тарту керек. Бұл Қазақстанның қаржы нарығын шетелдік инвесторлар мойындау үшін қажет.

Ал аймақтық қаржы орталығы агенттігінің төрағасы Әркен Арыстановтың сөздеріне қарағанда, Алматыны қаржы ортылығына айналдыруда Сингапурдың тәжірибесіне сүйеніп жатыр екен.

Соңғы жеті ай ішінде Алматыдан кеңселерін ашқан шетелдік компаниялар да жоқ емес. Олардың бірі Лондон қаласындағы «Numis Securities» компаниясының негізін қалаушы Оливер Хэмсли. Оливер Хэмсли бүгінде Лондон сауда биржасында Қазақстандық компаниялардың қойылып жатқанын айтады.

«Қазір Лондон сауда биржасында Қазақстанның «Қазақмыс» компаниясы мен «Қазақалтын» компаниясының акция пакеттері саудаға қойылыпты. Бұл шетелдік инвесторлардың, әсіресе еуропалықтардың қызығушылығын арттырып отыр», – дейді Оливер Хэмсли.

Алматы қаласының аймақтық қаржы орталығы қызметін басқару жөніндегі агенттіктің төрағасы Әркен Арыстанов бүгінде ғаламдық банк инвесторларын тарту үшін Сингапурде келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтады. Сонымен бірге ол қаржы орталығына білікті, ағылшын тілінде еркін сөйлей алатын мамандарды жұмысқа шақырып отыр.

Қаржы орталығының міндеті – құнды қағаздар нарығын реттеу, оның халықаралық капитал нарығымен ырықтануы, Қазақстан Республикасының экономикасына инвестиция тарту, қазақстандық капиталды шетелдік құнды қағаздар нарығына шығару.
XS
SM
MD
LG