Accessibility links

Алматы маңындағы Алатау елдімекенінде ақпараттық технологиялар паркі ашылды

  • Гүлмира ХАМЗА

Қыркүйектің 15 күні Алматы маңындағы Алатау елдімекенінде «Alatau IT-City» ақпараттық технологиялар паркі ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, парктің тұсауын кесті. Қазақстан үкіметі осы паркті Орта Азия аймағында жаңа интеллектуалды орталыққа айналдыруды көздеп отыр.

Жұма күні Қазақстанда жаңадана ашылған арнайы экономикалық аймақ - «Аlatau IT-City» ақпараттық технологиялар паркіне мемлекеттік бюджеттен 25 миллион доллар көлемінде ақша жұмсалған. Арнайы экономикалық аймаққа бөлінген 343 гектар жердің әзірге тек 14 гектары ғана пайдалана басталды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұма күні өзінің осы ойын жүзеге асырған үкімет мүшелеріне рахмет айтты. Негізінен, мұндай парк ашу ойы Нұрсұлтан Назарбаевқа 2002 жылы Индияда болғанда келген екен, бұл жайында Қазақстан президенті парктің ашылу салтанатында айтты.

- Ғаламдық мақсат-мұратымыз - Қазақстанды шикізат тәуелділігінен айыру. Мұнай, газ сияқты шикізатсыз баламалы экономика құру, - деді президет Назарбаев.

Қазіргі таңда Қазақстан президенті де, республика үкіметі мүшелері де жаңадан ашылған паркқа керек инвесторларды шақырып отыр. Ал болашақта бұл жерде қазақстандық ғалымдар мен болашақта ғалым болатын жастар жұмыс істей алады, білімдерін тереңдетіп, жоспарларын іске асыра алады. Енді жастар осы мүмкіндікті пайдалана алатындай болу керек, дейді Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов:

- Қазір мемлекет көп жеңілдік беріп отыр. Салықтан босатып отыр, кеңсенің орындары Алматыдағы кеңселерге қарағанда әлдеқайда арзан. Енді барлығы қаражатқа байланысты ғой, сол себептен ірі компаниялар қызығушылық білдіруі мүмкін. Жанымызда Қытай бар, Ресей бар. Қазақстанның өзінде көп нәрсе дамып келе жатыр. Негізінен, сол шетелдік компаниялардың тәжірибелерін алып келіп, отандық компаниялардың дамуына үлес қосуымыз керек. Біз қазір жоғарғы оқу орындарын қарап жатырмыз, себебі түрлі оқу орындарының түрлі ойлары мен жоспарлары бар. Енді осыған байланысты келіссөз жүргізу керек.

«Alatau IT-City» ақпараттық технологиялар паркінде қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан компанияларға “Глотур мульти медия” жатады. Қазіргі кезде бұл компания өзіне керек зауыт салып жатыр. Болашақта жоспарлары іске асса, бұл компания қазақстандықтар мен Қазақстанға көрші жатқан елдерді арзан теледидар, компьютермен қамтамасыз етпек.

Еркін экономикалық аймақта жұмыс істеуге бел бұған компания жетекшісі Ханат Тохтарұлының айтуынша, жұмыс барысында олар түрлі жеңілдіктерге ие болғанымен, қиындықтар да жоқ емес.

- Қиындықтар болашақта да бола береді. Біздің мекеме үстіміздегі жылдың наурызында құрылды, біз осы паркке келген алғашқы компания болдық. Сол себептен алғашқылардың бірі болып жаңа ашылған парктің ыстығын да, суығын да көріп жатырмыз. Қиындықтың басым бөлігі мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды немесе рұхсат алғанда болады. Бірақ, ондай қиындықтарға қарамастан, біз өз жұмысымызды алға жылжытып, зауытымызды салып жатырмыз.

«Alatau IT-City» ақпараттық технологиялар паркінің құрылысы 4 бөлімнен тұрады. Соңғы сатысы 2010 жылы аяқталады деп жоспарланған.
XS
SM
MD
LG