Accessibility links

Жамбыл облыстық соты оппозиция белсендісін бес жылға бас еркіндігінен айыру туралы алдыңғы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Жамбыл облыстық сотының қадағалау коллегиясы “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының мүшесі Әлібек Жұмабаевтың аппеляциялық шағымын қарап, қалалық соттың оны 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Жұма күні «Азаттық» радиосына Әлібек Жұмабаевтың қорғаушы адвокаты Серікқали Мусин осы іске қатысты соңғы жайттарды хабарлады:

- Қыркүйектің 13-і күні Әлібек Жұмабаевтың үшінші аппеляциялық шағымын қараған Жамбыл облыстық сотының қадағалау коллегиясы мамыр айының 15-і күнгі қалалық соттың шешімін күшінде қалдарды.

Оппозиция белсендісі Әлібек Жұмабаев ҚР қылмыстық істер кодексінің 24-бабы төңкеріс жасауға шақыру, 247-бабы бұзақылық жасағаны үшін және 318-бабы ҚР президентінің ар-намысына тигені үшін айыпталған еді.

Өткен жылдың қараша айының 28-і күні қамауға алынған Әлібек Жұмабаев президенттікке үміткер болған Жармахан Тұяқбайдың сайлау алды науқан жұмыстарына белсенді араласады. 2005 жылдың қазан айының 23-інен 24-іне қараған түні белгісіз біреулер Тараз қаласы мен қала маңындағы елді-мекендерде президент Н.Назарбаевтың бірнеше билбордын ішіне бояу салынған жұмыртқалармен атқылап бүлдіреді және көрнекті жерлерге президентке қарсы ұрандар жазады. Осы оқиғадан кейін күдіктілерді іздеуге кіріскен тиісті орындар арасында Әлібек Жұмабаев бар бір топ жас жігітті қамауға алынған еді. Қалалық сот оны бес жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарғаннан кейін “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының өкілдері сот үкімін “саяси астары бар заңсыз үкім” деп бағалаған болатын.

Жалпы ұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай сот шешімінің қитұрқы саяси астары бар деп санайды.

- Әлібек Жұмабаевты бостандыққа шығару үшін түрлі шараларға баруға дайынбыз. Ғалымжан Жақияновты босатуға жасалған наразылық шарасынан кем болмайтын шаралар ұйымдастырамыз, - дейді Тұяқбай мырза.

Адам құқығын қорғаушыларлар да Ә.Жұмабаев саяси көзқарасы үшін түрмеде отыр деп есептейді.

- Билік Ғалымжан Жақияновты мерзімінен бұрын бостандыққа шығарғаннан кейін Қазақстанда тағы бір саяси тұтқын пайда болды. Өйткені, Әлібек Жұмабевқа тағылған айып пен шығарылған соттың үкімі оның саяси тұтқын екендігін айғақтап тұр, - дейді Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

Әлібек Жұмабаевтың қорғаушы-адвокаты Серікқали Мусин енді Қазақстанның Жоғарғы сотына шағымданатындарын айтады.
XS
SM
MD
LG