Accessibility links

Грузияның жікшілдік бағыттағы Оңтүстік Осетия республикасында жағдай шиеленісе түсуде

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Грузияның орталық үкіметі мен Солтүсті Осетия арасындағы сөз сайыстары күш қолдануларға да ұласып кетіп жатыр. Өткен аптада Осетия жасақтары Грузия Қорғаныс министрі мінген тікұшақты атып түсірді. Және атыстар барысында төрт адам қаза болған. Сондай-ақ бұл аймақ Грузиядан бөлініп шығу үшін қараша айында референдум өткізбекші.

Ресей Думасының төрағасы Борис Грызлов өз сөзінде Оңтүстік Осетияның тәуелсіздік алу үшін референдум өткізу жөнінде шешім шығаруға хұқы бар, деді.

“Грузия осетиялықтар үшін басқа таңдау жолын қалдырмады”, - деді ол.

Ол сондай-ақ қарашаның 12-сінде болатын референдумға Ресей өз парламентарилерін жібереді, деді. Бұған орай ресми Тблиси болса “Грузияның территориялық тұтастығын қолдаймыз дегендегісі Ресейдің осы ма?” деген сауал тастауда.

Мәскеудің аталған аймақтағы рөліне байланысты Уашингтон мен Брюссельдің шыдамы таусыла бастағанға ұқсайды. “Ресей бейбітшілік сақтау күштерінің Оңтүстік Осетия мен Абхазияда тұруын Уашингтон бұдан былай қолдамайды” деген мәлімдемені өткен айда АҚШ сенаторы Ричард Лугар мырза екі рет қайталады. Бұл орайда дипломатиялық қадамдар орынды деген пікірін білдірді ол. Ал, Еуропа кеңесінің бас хатшысы Терри Девис қыркүйектің 13-і күнгі сөзінде Оңтүстік Осетияның референдум өткізуі уақыт пен мүмкіндіктерді текке жоғалту, деді.

Соңғы қалыптасып отырған жағдай бірнеше жылдар бойы жүргізілген келіссөздердің ешқандай өзгерістер әкеле алмағандығын дәлелдегендей. Оңтүстік Осетияға Грузия құрамында кең тұрғыдағы автономия беру жөніндегі жоспар осетиялықтардың басым бөлігі үшін пайдасыз идея болып көрінуде. Солардың бірі, тілші-журналист Ирина Келехсаиева.

“Соғыстан кейінгі жастар өздерін Грузия құрамында елестете алмайды. Біз көптен бері гүржі тілінде сөйлеген жоқпыз. Сондай-ақ тәуелсіз мемлекет боламыз деген идеяға үйреніп қалдық. Егер шынымен тәуелсіздік алсақ, онда біз Ресей құрамына қосыламыз. Грузия үкіметінің бізге байланысты әрекеттерінің өзі Оңтүстік Осетияның Грузия құрамында автономия немесе федерация бөлігі ретінде өмір сүре алмайтындығына біздің көзімізді жеткізіп отыр”, - деді Келехсаева.

Гиорги Хайндрава шілде айына дейін Грузияның қақтығыстарды шешу ісі бойынша министрі еді. Ол аталған қызметте Осетия басшыларымен келіссөздерге жауапты болатын.

“Мұның өзі Грузия мен Ресей арасындағы теке-тірес екендігі әркімге де айқын болса керек. Цхинвали билігі - ешнәрсе емес. Бұл Мәскеу бұйрықтарын орындаушы ғана. Менің ойымша, мақсат - жағдайды барынша ушықтыру. Және жергілікті жанжалдарды қоздыру, әрине, Мәскеу үшін қажетті”, - деді Хайндрава.

Байқалып отырғанындай мұнда пікірлер бір-біріне мүлдем қарама-қайшы. Ортақ шешімге келу мүмкіндігін табу қиынға соғуда. Аймақтағы жағдайды шешуде Ресейге бейтарап рөл берілген болатын. Грузиялықтар қазіргі кезде келіссөздердің құрылымын өзгертіп, оның құрамынан Ресейді шығарғылары келетіндерін айтуда.
XS
SM
MD
LG