Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ індетін жұқтырған балалар қатары күн өткен сайын ұлғая түсуде

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Оңтүстік Қазақстан облысында қан құю салдарынан қорғаныш тапшылығының қоздырғышы індетін жұқтырған сәбилердің саны – 55 ке жетті. Осылай деп Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев хабарлады. Ал Парламент депутаттарының Денсаулық сақтау министрі қызметінен кетсін деген талаптарына Ерболат Досаевтың өзі «бұл мәселені тек Қазақстан басшысы ғана шешеді, ол не айтады, соны орындаймын», – деп жауап қайтарды БАҚ өкілдеріне.

Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған төтенше жағдайға байланысты халықаралық ұйымдар көмек қолдарын созамыз деп отыр. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевтың хабарлауынша, 18-қыркүйектегі мәліметке қарағанда, аймақта күн өткен сайын дертке шалдыққан балалардың қатары ұлғая түсуде. Қазір қорғаныш тапшылығының қоздырғышы ауруын жұқтырған сәбилердің саны 55-ке жетті. Өткен жұмада бұл көрсеткіш 54 болатын. Ал Оңтүстік Қазақстан сенбіге дейін тексерілген нәрестелердің үшеуінде бұл ауру анықталмаған болып шықса, алтауыныкі әлі зертханада екен.

Алда дәрігерлер әлі елу пайыз екі жасқа дейінгі баланың қанын тексереді. Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев екі жасқа дейінгі он мыңға жуық сәбидің тек бес мыңдайын ғана қарап үлгергенін айтады.

Ал бөбектерге қан құйған 700 медициналық қызметкерлерді толығымен тексеруден өткізіпті. Олардан ВИЧ-инфекциясы анықталмапты. Ал үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысының қан беру орталығында 164 адам донор болған екен.

«Оның 140- ын тексерсе, 7 қан берушінің қан талдауы зерттеуде жатыр, ал 17 донор іздеуде», – дейді Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев.

Қан тапсырғандардың ішінде көше қаңғыбастары да болған деген ақпарат шықты. Алайда Ерболат Досаев бұл ақпараттың өтірік-расы анықталып жатқандығын айтты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы аталмыш төтенше жағдайды Парламент мәжілісінің депутаттары «үлкен қылмыс» деп бағалаған еді. Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов министрдің қызметінен кетуін талап етсе, оның әріптесі Серік Әбдірахманов Ерболат Досаевты сотқа беретінін мәлімдеген болатын.

Ал Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев депутаттардың өзіне қатысты көтерген мәселесіне төмендегідей жауап берді:

– Менің қызметімнен кету-кетпеу мәселесін тек Елбасы ғана шешеді. Сендер неге маған қойған сұрақтарыңды Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығына қоймайсыңдар?

Оңтүстік Қазақстан облысында қан құю салдарынан 55 баланың вич-инфекциясын жұқтыруын халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары «трагедия» деп қабылдады. Алайда олар мұны депутаттар көтеріп отырғандай қылмыс деп қарауға болмайтындығын айтты.

- Өйткені бұл мәселе – әлеуметтік проблема, - дейді олар.

Мәселен, БҰҰ-ның балалар қорының өкілі Александр Зуев «жоғары және төменгі сатыдағы медициналық қызметкерлер өз жұмыстарына салғырт қарамағанда және орындалуға тиіс кішкентай талаптарды орындағанда мұндай қайғылы жағдай орын алмас еді», дейді. Ал БҰҰ бағдарламасының өкілі Шоджи Юрико бұл мәселені тездетіп шешу үшін БАҚ басты рөл орындайтындығын айтты.

«Олар төтенше жағдайды қылмыс ретінде айқайлатып көрсетпей, керісінше жұқтырылған қорғаныш тапшылығы белгісімен ауыратын адамдардың өз беттерінше келіп, емделуіне мүмкіндік жасау керек», – деді Шоджи Юрико.

Дәл осындай төтенше жағдай Кеңес Одағы заманында 1988-1989 жылдары Оңтүстік Ресейде орын алыпты. Онда 250 сәби бір инені бірнеше рет қолданудың салдарынан вич-инфекциясын жұқтырған. ЮНЕЙДС-тің Орталық Азия елдері бойынша өкілі Ирина Савченко «дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында 100 бала бүгінгі таңда өмір сүріп жатыр», дейді.

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының өкілдері Оңтүстік Қазақстан облысында вич-инфекциясын жұқтырған сәбилерге шұғыл көмек көрсетеміз деп отыр.
XS
SM
MD
LG