Accessibility links

Қарағанды облысының ірі шахталарының бірінде болған өрт салдарынан адам шығыны бар

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 20-сы күні таңертеңгі сағат 08-ден 56 минут өткенде Қарағанды облысындағы ірі шахталардың біріне саналатын В.И. Ленин атындағы шахтада белгісіз себептен кенет жарылыс болып, іле-шала өрт басталған. Алғашқы болжам бойынша, өрттің шығуына жер астында метан газының мөлшерден тыс жиналуының әсерінен кенет қопарлыс беруі себеп болған көрінеді.

Шетелдік инвестор қолындағы «Миттал Стил Теміртау» компаниясы қожалық ететін бұл шахтада өрт болатын күні, яғни сәрсенбі күні таңертең 374 кенші жер астында 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатыпты.

Кенет болған жарылыс салдарынан іле шала шыққан өрт кезінде кеншілердің көбі жер үстіне қарай өздері амалдап шыққан болса ал құтқарушылар 100 ден астам кеншіні құтқарып алған. «Миттал Стил Теміртау» компаниясының көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презенттің айтуынша, өрт салдарынан қаза болған 18 кеншінің мәйіті табылып, олар жер үстіне шығарылған.

- Алайда әлі де 25 кенші жер астында қалып отыр, олардың тағдыры белгісіз, - деген Г.Презент мырза.

Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығы Станислав Ситник сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, шахтадағы өрт жағдайының әлі ауыр екендігін, өрт салдарынан шахта ішінің шектен тыс қызып кеткендігін және шахта іші улы газ-тозаңдарға толып кеткендігі құтқару жұмыстарына бөгет жасап тұрғандығын айтты.

- Алайда, соған қарамастан жер астында қалған кеншілерді құтқару, іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, - деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, шахтадағы өрттің неден болғандығын тексеру үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылып, іске кіріскен. Бұл комиссия сонымен бірге өрт салдарынан қаза болған адам шығыны мен материалдық шығындарды да анықтамақшы.

Соңғы жеткен хабарлардан жер астынан тағы екі кеншінің тірі табылғандығы мәлім болды.

- Сонымен, жер астында енді 23 кенші қалып отыр. Олардың тағдыры белгісіз жағдайда, - деді Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығы С.Ситник.

Қарағанды облысындағы ірі кеніштердің бірі саналатын Ленин атындағы осы шахтадағы өртке байланысты және адам шығыны барлығын ескеріп, Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин шетелде демалып жатқан демалысын үзіп, өрт болып жатқан шахтаға аттанып кеткен . Ал Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Шалбай Құлмаханов өртке байланысты Астанадан Қарағанды облысына жолға шыққан.

Қарағанды облыстық прокуратурасы Ленин атындағы шахтада орын алған өрт пен соның салдарынан болған адам өліміне байланысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастайтындығын хабарлады.

Ал «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшылығы шахтадағы жарылыс салдарынан қаза болған кеншілердің отбасына 1,5 млн теңге көлемінде төлемақы төлейтіндіктерін хабарлады.
XS
SM
MD
LG