Accessibility links

Астанада ядролық технологияларда қолданылатын өнім шығаратын ғылыми зерттеу кешені ашылды


Қыркүйектің 21-күні салтанатты түрде ашылған бұл кешен ядролық технологияларда қолданылатын өнім шығаратын болады. Ғимарат қасындағы үйлердің тұрғындары ядролық ғимаратты қаланың ішіне салуға болмайды деп қарсылығын білдірген еді. Физик ғалымдар болса бұл кешеннің зиянынан гөрі пайдасы зор деп отыр.

Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда ядролық технологиялар төңірегінде жұмыс жүргізетін өндірістік шикізат және құқықтық база бар. Бұл байлық Қазақстанға Кеңес Одағынан қалған дейді олар. Ол кезде ядролық технологиялар саласы құпияда сақталған. Кейін Қазақстаннан көптеген ғалымдар кетіп қалған. Қаржы тапшылығынан көптеген зертханалар жабылып қалды. Сондықтан қазір уақытты бекер жібермеу керек, дейді физик ғалымдар. Ал Астана тұрғындары ядролық деген сөзден қорқып, қоршаған ортаға кесірін тигізуі мүмкін ғимаратты неге қаланың ішіне салып жатыр деп наразылықтарын білдірген. Ғылыми зерттеу кешенінің дәл артындағы Абылайхан көшесіндегі 2/4 үйдің тұрғындары ғимараттың салынуына наразылық білдірген.

Ал физик ғалымдардың біразы радиация шығаратын көптеген технологиялар адам өміріне енген,-дейді. Қазақстанның индустрия және сауда министрі Владимир Школьниктің айтуыншада ғимарат тұрғындардың үйінде тұрған телеқабылдағыштар сияқты қауіпсіз.

Астанадағы ғылыми зерттеу кешенінің директоры Қайрат Көтербековтың айтуынша кешеннің қауіптілігі жоқтың қасы:

- Бұл кешеннің ешқандай зияны жоқ. Бұның қуаты аздау болғансоң зияны жоқ. Радияциялық фоны даламен бірдей, шамамен сағатына 17 микрорентген.

Көтербеков бұл кешеннің зиянынан гөрі пайдасы көп деп отыр. Оның айтуынша кешен болашақта Қазақстанның ядролық технологияларға жұмсап отырған шығынын азайтуға тиіс. Өйткені тіпті атом электр стансасын салмасада ядролық технологиялар саласынан едәуір қарыжы табуға болады, дейді ғалымдар:

- Мысалы жай суды тазалауға сүзбе сияқты. Сосын қанды тазалауға болады. Ауру адамдарға дәрі екпес бұрын дәріні сүзбеден өткізсе ешқандай вирус өтпейді. Қазір көбін сатып алып жатыр. Біз ендігі жылдан бастап осы жұмыстарды бастаймыз. Енді бірінші өнімдері ендігі жылы шығып қалар, бірақ, қазір айту қиынғой.

Ресми мәлімет бойынша ғимарат президент Назарбаевтың тапсырмасымен салынған. Ғимаратта салмағы 110 тонналық магнит орналасады, ол кез келген затты иондауға мүмкіншілік береді. Осы жолмен жасалатын ядролық мембраналар яғни, жұқа пленка ядролық технологияларда пайдаланады. Қазақстанның ядролық физика институтының директоры Қайрат Қадіржановтың айтуынша ғимарат салған қаржының сыртында маман оқытуға қаржы жұмсалған:

- Доллармен теңге бағалары өзгередіғой. Сол енді 16-17 миллон доллар кетті бәріне. Кешенге балаларды дайындау бар, кадр дайындау үшінде сол ақшаны пайдаландық.

Физик ғалымдардың пайымдауынша бұл қаржы өтеледі. Мысалы, мұнай құбырларын тазалауға, радиофармацевтикада қолданылатын препараттар жасауға және өте мықты қаптағыштар жасауға ядролық технологиялар қажет екен. Сондай-ақ, ядролық технологиялар медициналық материалдарды хирургтарға даярлап тазалауға септігін тигізеді екен. Бар әлемде көптеген елдер ядролық технологиялардан орасан табыс тауып келеді деген ақпарат бар. Салыстыратын болсақ Қытайда ядролық технология қолданудың арқасында ел бюджетіне 820 миллион доллар табыс түскен. Сондықтан, Қазақстанға көштен қалмау керек, дейді ғалымдар.
XS
SM
MD
LG