Accessibility links

Алматыда Қытай мәдени күндері ашылды


Қыркүйектің 20 күні Алматыда Кытай халық респуликасының Қазақстандағы мәдени күндері ашылды. Салтаннаты кеште өнер көрсеткен Қытайдың Ганьсу провинциясының Опералық театры өз елінің мәдениет министрлігі тарапынан «Алдыңғы қатарлы мәдени ұжым» атағына ие болған. Өнер ұжымының Қазақстандағы өнер сапары 25 қыркүйекке дейін жалғаспақ.

Қытайдың Ганьсу провинциясының Опералық театры 1939 жылы құрылған екен. Осы уақыт ішінде театрдың көркемдік ұжымы 200ден астам түрлі пьесаларды сахнаға шығарған. Бұл жолы Қазақстанға әкелген композиция – Дуньхуан Әуендері деп аталады. Ондағы әрбір көріністің өзіндік тарихы бар. Олардың басым көпшілігі тарихи, аңыз-әпсаналардың желісіне құрылған. «Көк періштесі» деп аталатын көріністің негізіне аңыздағы кейіпкер – адамзатқа бақыт әкелетін перизаттың бейнесі жатыр. Оның әсем даусын естіп, әуезге елтіген жан қуаныш пен ғанибетке бөленеді-міс.

Пьесадағы басты роль – перизатты сомдаушы, Ганьсу провинциясының Опералық театрының әншісі Минь Сяохуэй өнерге 12 жасында келгенін айтады. Қазақстанға сапар жөніндегі жағымды жаңалық аяқ астынан келді, Ганьсу опералық театры бұрын-соңды алыс сапарға шыққан емес дейді Минь Сяохуэй:

- Қазақастан туралы ақпаратым мүлдем аз. Бұрын Кеңес Одағы кезінде Мәскеуге барғанмын. Ал енді Алматының әсемдігіне тамсанып отырмын. Жол ұзақ әрі ауырлау болғаны мүлдем қаперден шығып, таудың таза ауасы шаршағанымызды басқандай. Біздің көркемдік ұжымның өнері жергілікті халықтың көңілінен шыққанын көрдік, ыстық ықыласын көрсетіп-ақ отыр. Бізді де қазақстандық өнер майталмандары Қытайға келіп, тамсандырар деп сенеміз.

Кытай халық республикасының Қазақстандағы күндерінің ашылуына орай келген Қытай Мәдениет министрінің орынбасары Мэн Ляосы өз сөзінде Қазақстанмен арадағы орнаған барлық саладағы, әсіресе, мәдени тұрғыдағы байланыстарға толық қанағаттанатындығын жеткізді.

- Біздің мәдени байланыстарымыз берік екендігін барлық саладағы тығыз қарым-қатынастарымыздан көріп отырмыз. Қазақстанның Қытайдағы күндері келесі жылы өткізіледі деп жоспарланды. Тарихымызда ортақ кезеңдер көп болды, ал қазір жақсы көрші ретінде тату-тәтті өмір сүріп отырмыз. Мұндай татуластық әлі ұзаққа созылатынына баршамыз сенімдіміз.

Кытай халық респуликасының Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынасы 1992 жылы орнатылған еді. Ал екі ел арасындағы ынтымақтастықтың орнауының 10 жылдығына орай, 2002 жылы Қазақстан мен Қытай арасында алғаш рет мәдени шаралар ұйымдастырылды. Екі мемлекеттің басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Ху Цзиньтао кездесулері көршілес елдердің мәдени күндеріне ұласты. Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат вице-министрі Арыстанбек Әлиев өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық жоғары деңгейде орнап отырғандығын айтты.

- Осы жазда Шанхай қаласында Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің ІІ халықаралық фестивалі өткен еді. Мемлекеттер арасындағы татулықтың бір белгісі - осындай мәдени шаралардың тұрақты өткізіліп тұруы. Мұндай достастық екі елдің басшылардың арасындағы ымыраластығының арқасында деуге де болады. Біздің мемлекеттер арасында 1993-99 жылдары қабылданған Біріккен Декларациялардың негізінде Көршілестік, достастық және серіктестік жөнінде Келісім шарта та жасалған болатын.

Кытай халық респуликасының Қазақстандағы мәдени күндері 25 қыркүйекте Астанада мәресіне жетпек.
XS
SM
MD
LG