Accessibility links

Келесі жазғы Олимпиада ойындары Қытайда өтпек, бірақ халықаралық ұйымдар бұл елдегі адам құқығы мәселесіне алаңдап отыр

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

2008-жылы Қытайда өтетін жазғы олимпиадалық ойындардың бұл мемлекет үшін саяси маңызы ерекше болып тұрғандығы мәлім. Талдаушылардың пікірінше, бұл спорттық шара арқылы Қытай өзінің әлемдік аренада заманауи, ашық мемлекетке айналғандығын көрсетпек.

Қытай ресмилерінің жариялаған деректеріне қарағанда Олимпиада ойындары үшін қажетті көптеген ғиматтар салынып үлгірген. Дегенмен Олимпиадаға қатыстығы бар өзге жағдайлар ойдағыдай емес көрінеді. Лондонда орналасқан халықаралық Амнести интернашнал ұйымының айтуынша, Қытайдағы адам құқын қорғау мәселесі үміттенгендей емес, керісінше нашарлай түскен.

Жазғы Олимпиада ойындарын өз елінде өткізуге талас болған кезде - сонау 2001-жылы Қытай Олимпиада комитеті ол елдегі адам құқықтары жағдайын барынша жақсартамыз деп уәде берген болатын. Бірақ, мәлім болғанындай, жағдай олай болмай отыр, дейді Амнести интернашнал. Құқық қорғаушы бұл ұйымның дерегіне қарағанда, Қытайда күн сайын дерлік азаматтардың құқы бұзылу жағдайы орын алып келеді екен.

– Кемінде өткен бір жылда, біз Қытайдың бірқатар аймақтарында адам құқықтарының аяқ асты болғандығын байқадық. Бұл арада журналистер, заңгерлер және адам құқын қорғаушылар қатты қысымға алып, қудаланды. Адам құқығы саласында істейтін бірқатар адамдар сотталып, түрмеге түсті, - дейді Коринна-Барбара Францис.

Францис ханымның айтуынша, қытайлық ресми орындар сөз, пікір айту еркіндігіне қатаң қысым жасап келеді екен.

– Ресмилер енді Интернеттегі дүниелерге де бақылау орната бастады. Соңғы апталардың өзінде шетелдік агенттіктердің жаңалықтарының жолын бөгеп тастады, - дейді зерттеуші.

Ол үшін Қытай үкіметі мен кезінде үлкен уәде берген халықаралық Олимпиадалық комитет жауап беруі тиіс, дейді Францис ханым.

Дегенмен, Швейцарияда орналасқан Олимпиада комитеті өз жауапкершілігін басқашалау сипаттайды екен. Джизелла Дейвистің айтуынша, Олимпиада комитеті күрделі саясат мәселесінде шетелдік үкіметтерге өз сөзін өткізе алмайды екен. Өкілдің айтуынша, Бейжиңдегі Олимпиадалық ойындарға әлі екі жыл бар болғандықтан Қытай өз сөзінде тұрмады деу асығыстық болады екен.

Дегенмен, Амнести интернашнал ұйымының өкілінің пікірінше, Халықаралық комитет, бәрібір, адам құқы мәселесінде белсенділік көрсетуі қажет екен.

- Олимпиада комитеті Қытайдағы адам құқықтары жағдайын бақылап отыруы тиіс. Сондықтан комитет уәде беріліп, бірақ орындалмаған аймақтардағы жағдайды Қытай үкіметіне хабарлап тұруы тиіс, - дейді Коринна-Барбара Францис.

Сонымен, жазғы 29-шы Олимпиада ойындары енді екі жылдан кейін, 2008-жылдың 8-інші тамызында Қытай астанасы Бейжиңде үлкен салтанатпен басталып, ол әлемдік спорттық бәсеке екі аптаға жалғаспақ.
XS
SM
MD
LG