Accessibility links

Африкада жұмыс істеп жатқан ғалымдар палеонтология саласында соңғы 30 жылдан бергі ең үлкен жаңалықтың ашылғандығын хабарлады

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Бұдан 3 миллион 300 мың жыл бұрын өмір сүрген сәбидің қаңқасы Ефиопия құмды даласында аршып алынды. Бұл жаңалық ең ежелгі сәбидің қаңқасы болып отыр. Оның бойынан адам тектес маймыл және адамға тән белгілер байқалған.

Жаңа табылған қаңқаға Сәлем деген ат берілген. Ефиопша бұл сөз “бейбітшілік” дегенді білдіреді. Ол қаңқа 2000-шы жылы Ефиопияның Дикика құмды өңірінде табылған болатын. Стоматологиялық ең соңғы үлгідегі құралдарды қолдана отырып, оны зерттеу бірнеше жылдарға созылды. Ел астанасы Аддис-Абебада, қыркүйектің 20-сы күні болған баспасөз мәслихатында Эволюциялық антропология бойынша Макс Планк институтының Зересени Алемсегедтің басқаруындағы ғалымдар тобы осы жаңалық жөнінде жариялады.

Бұған дейінгі ең ежелгі деген сәби қаңқасы Неандерсал дәуіріне жатқызылып келген еді. Оның жасы 25 мың жыл деп есептелуде. Ал, Сәлемнің сүйектеріне 3 миллион 300 мың жыл болды деудің өзі бұл жаңалықты теңдессіз етіп отыр, дейді ғалымдар. Бұл қаңқаның әрбір бөлігі жақсы сақталғандықтан да ол сәбидің қандай болғандығын ғалымдар елестете алады. Дәл осы аймақта 1974-ші жылы табылған, Люси деген атқа ие болған үлкен адамның қаңқа қалдықтарымен салыстырғанның өзінде Сәлемнің ғылым үшін маңызы зор болғалы тұр. Оның оң аяғымен қадам басуы адамға, ал иықтары адам тектес маймылға ұқсап жатады, дейді мақала авторы, «Азаттық» радиосының тілшісі Жереми Бранстн.

Миының көлеміне қарап та Сәлем атты 3 жасар нәресте қыздың өтпелі кезеңді басынан өткеріп жатқан кезінде қаза болғанын байқауға болады. Қазіргі кезде жаңа туған сәбилердің шарана кезіндегі ми көлемі тым шағын болады да, ол жылдар бойы баяу өседі. Сондықтан адам баласының балалық шағы біразға созылып, мидың дамуы ақылдың толысу үдерісімен қоса жүреді. Ал, адам тектес маймылдардың миы тез өседі екен. Мысалы, 3 жыл ішінде олардың миы толық көлеміне жетіп үлгереді.

Ғалымдар сөз етіп отырған Сәлем атты нәрестенің миы 3 жасында үлкен адамдар миының тек 60-70 пайызындай көлемге ғана жеткен екен. Лейпцигтегі Макс Планк иститутының профессоры Жан-Жак Хаблин болса Алемсегед тобына басшылық жасауда.

“Түрлі топтардың, оның ішінде адам баласының жойылып кеткен тегінің алғашқы даму сатысын түсінуге біз, жалпылай алғанда биологтар өте, өте қызығушылық танытудамыз. Бірақ бұл - өте күрделі. Себебі, бізде әсіресе 2,3,4 миллион жыл бұрын өмір сүрген тектер жөнінде материалдар жоқ. Бізде тек- тіс, бас сүйегінің бөліктері, қол, аяқ сүйектері сияқты жекелеген нәрселер ғана бар. Ал, Дикикадан табылған қыздың тұтас қаңқасы, тіпті ең нәзік деген сүйектері де сақталған”, - деді Хаблин.

Осы ғалым “ғажап жаңалық” деп атаған, Ефиопия өңірінен табылған бұл жаңалық аталған елді палеонтология ғылымы үшін тағы да айрықша маңызға ие өңірге айналдырмақшы.
XS
SM
MD
LG