Accessibility links

Әлем композитор Дмитрий Шостаковичтің 100 жылдығын атап өтуде

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Әйгілі композитор Д.Шостаковичтің 100 жылдығы қарсаңында бұл мерейтойлы күнге орай өнерсүйер қауым автордың классикалық туындыларымен мерекелік концерттерден, күй дискі, бейнетаспаларынан жақыннан танысу мүмкіндігі туып отыр.

1906-жылы Санкт-Петербург қаласында поляк отбасында дүниеге келген Шостакович 20-ғасырдағы ең әйгілі және жұмбақ сырға толы сазгер ретінде белгілі. Шостакович 15 симфония, 2 опера, 3 балет, 15 ішекті квартет және ондаған кинофильмге музыкалар жазған.

Өнертанушы Оксана Дворниченко Шостакович өмірінің соңғы 1974-жылында ол жөнінде құжатты фильм түсірген кезде танысқан. Композитор ауыр өкпе дертіне қарамастан соңғы 1975-ші жылға дейін муызка жазумен болған.

- Шостаковичтің денсаулығы өте нашар еді. Біреумен сәлемдескенде қолын сол қолымен тіреп ұстап тұратын, әсіресе музыкалық ноталарды жазғанда қиналатын. Бірақ, бұл дене ағзасының тозғанымен, рухтың өлместігі-өшпестігінің үлгісіндей еді. Бұл қажымас қайраттың белгісі болатын. Шостакович өз өмірінің соңғы жылында бірнеше жаңа шығарма жазып үлгірді. Оның жоспары көп еді. Антон Чеховтың Қара Монах деген шығармасы негізінде опера жазбақ болды, бірақ ниетіне жете алмады, - дейді Ольга Дворниченко.

Шостакович өзінің шекті квартеттері және симфонияларымен 20-ғасырдың Бетховені деген атаққа ие болған.

Міне сол аса әйгілі композитордың ол кездегі советтік идеология басшылығымен ара-қатынасы өте күрделі болған көрінеді. Шостакович арнаулы орындарының қатаң бақылау күзетінде болған.

Композитор алғаш рет Мзяскілік Лейди Макбет операсын жазған кезде коммунистик режимнің таяғын жеген.

1936-жылы қаңтарда Сталин ол операны көргеннен соң 2 күннен кейін «Правда» газетіндегі бас мақалада Шостаковичті буржуазиялық формализм, аласапыран жолында деп айыптаған.

Ондай қаралауға композитор 1948-жылы тағы да кезіккен. Дегенмен, Шостакович большевиктер көсемі Ленин мен Сталинге арнаған шығармалары үшін марапатталып отырған, Жоғары кеңесте депутат та болған. Тіпті, 1973-жылы идеологиялық қысымның арқасында диссидент физик Андрей Сахаровқа қарсы жазылған шабуыл хатына қол қоюға мәжбүр болған. Бірақ, ол үшін өмірінің соңына дейін өкінген.

Өнер зерттеуші Дворниченко, композитор Шостаковичтің Совет үкіметімен өте жақын байланыста болды деген пікірмен келісе алмайтындығын айтады.

- Мен бұл бойынша көп зерттедім. Көптеген архивтік құжаттардан кейін көзім жеткені – композитор өте қатты қысым астында болған. Өле-өлгенше оның әр басқан қадамы бақылау астында болған. Ал жайлы кітапханада отырып, ол қорқақ еді, хаттарға қол қойған, деп айта салу оп-оңай. Тіпті, оның талай рет өзіне қол жұмсамақ болғандығы – ақиқат шындық, - дейді зерттеуші.

Шостаковичтің ең әйгілі шығармаларының бірі - 7-ші симфония. Ленинград симфониясы деп аталған ол дүние 1941-жылы неміс фашистері қаланы қоршауға алған кезде дүниеге келген. Ал 1942-жылдың тамызында қарны аш музыканттар қоршаудағы қалада тұрып, сол симфонияны орындап шыққан. Залға кіре алмаған көрермен ол симфонияны сыртта тұрып тыңдаған. Ол фашистік басқыншылыққа қарсы қарғыс үніндей жаңғырған болатын. Қоршаудағы қаладан ұшақтармен тараған симфония партитурасы сонау мұхиттың арғы бетіндегі Америкаға дейін жеткен. Өрт сөндіргіштің шлемін киген композитордың бейнесі «Тайм» журналының алғашқы бетінде жарияланған.

- Бір музыкалы шығарманың бүкіл әлемдік мәртебеге ие болуы өте сирек құбылыс. Ол симфонияны, әдетте, саясатпен де, мәдениетпен де, халықтық қозғалыспен де байланыстырады. Себебі, бұл шығарма халықтарды бірлікке шақырды. Ленинград симфониясын әлемдік көптеген оркестрлар орындады. Ол тарихқа сазды шығарма ретінде ғана емес, халықтарды біріктіретін күш ретінде де еніп қалды, - дейді Оксана Дворниченко.

Міне енді, 21-ғасырдың басында да композитордың муызыкалы сазы жұртшылықтың жүрек қылын жертіп, рухани әлемге бөлеп келеді.

Шостаковичтің 100 жылдығына орай бұл күндері Прага қаласында да сазгердің шығармалары негізінде әзірленген үлкен өнер бағдарламасы жалғасуда.
XS
SM
MD
LG