Accessibility links

22 қыркүйек - Қазақстан халықтарының тілдері күні.

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Осыдан тура 17 жыл бұрын - 1989 жылы қыркүйектің 22-күні Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданған болатын. Ол заңда, сол кездегі Қазақ ССР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі - ұлтаралық тіл деп бекітілді. Содан бергі өткен уақыт ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қаншалықты өзгерді?

«Тіл туралы» заңның Қазақстанда қолданысқа енгеніне биыл 17 жыл толып отыр. Осы өткен уақыт ішінде бір буын қалыптасты. Қазірде мектеп қабырғасынан аттап, студенттер қатарына іліккен сол буынның өкілдерінің бірі, Алматыдағы Қазақ Ұлттық Техникалық Университетінің 1 курсында оқитын Әйгерім өзімен бір мезгілде дүниеге келген заңның қоғамдағы көрінісі туралы ойын былайша жеткізеді:

- Қызмет көрсету орындарына барғанымда, қазақ тілінен орыс тілінің жоғары тұрғандығын сезінемін. Ортам да, жастар да қазір орыс тілінде сөйлеуге бейім тұрады. Университетте көп оқулықтар орыс тілінде, қазақшаға аударылғандары аз. Меніңше, Қазақстан басшылығы қазақ тілін менсінбейтін сияқты.

Саясаттанушылардың пікірінше, қайта құру дәуірінде ұлттық құндылықтарды жаңадан жаңғырта бастаған Қазақстанда көптеген кедергілер болған. Десе де, заң қабылданған 1989 жылы Қазақ ССР Жоғары Кеңесінде депутат болып жүрген Серікболсын Әбділдин, билік қазақ тілінің жағдайын дұрыс шешіп алу жолында, оңтайлы сәтті дұрыс пайдаланбағанын айтып, сол кездегі саяси ахуал туралы былайша еске алады:

- Қазақ тілін дамытуға мүмкіндік өзінен-өзі ашылды. Оны жүзеге асыру тұрмақ, қарқынды дамытуға да мүмкіндік болды. Ол ашық айтылды. Егеменді Қазақстан деген, Қазақстанның мемлекет құратын ұйтқысы қазақтар деген жарқын жарияланды.

Бүгінде саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан мемлекеттік тілдің дәрежесі өз деңгейінде емес деген пікірлер айтылып жүр. Мысалы, тілдер туралы заңдардың дұрыс жұмыс істемеуіне, ең алдымен заң нормаларындағы қателіктер кінәлі дейді, Алматы қаласы әкімдігіндегі Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Кенжехан Матжанов.

- Осы тіл саясатын жүзеге асырудың заңдылық тетіктері мен нақты шаралары белгіленбеген. Әрине, алғашқы заң - сол кездегі уақытқа, саяси, қоғамдық жағдайға сай қабылданған тіл заңы болатын. Ал енді уақыт өтті, қоғам дамыды. Қазір біз мүлде басқа сатыға көтерілдік. Міне, осы орайда тіл саясатын жүргізудің жаңа үлгісін жасау керек.

Жыл сайын мемлекет тарапынан қазақ тілінің деңгейін көтеру бағытында әртүрлі қолдаулар көрсетіліп, қазынадан миллиондаған қаржы бөлінуде. Қазақ тілінің дамуына септесу мақсатында құрылған Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Эрнест Төрехановтың пікірінше, билік атқарып жатқан шаралардың көбісі діттегеніне жетпей келеді.

- Сол кітаптардың ішінен іріктеп, миллиондап шығарып, тегін таратуға болады. Әрбір қазақстандыққа, маған керек дегеннің қолына ұстатып жіберсе, сонда ғана жұмыс жүреді. Әйтпесе, мынандай үздік-создық тірлікпенен біз біраз өмірімізді өткізіп аламыз ба деп қорқам, - дейді Эрнест Төреханов.

Ал филология ғылымының докторы, академик Әбдуәлі Қайдардың айтуынша, соңғы жылдары қазақ тілі саласында атқарылдып жатқан шаралар қарқынды. Оның пікірінше, кеңес үкіметі кезінде бірен-саран кездесетін аударма сөздіктер қазірде көбейіп, сеңнің беті қозғала бастаған.

- Қазақша-орысша сөздіктер шығарылып жатыр. Енді 15 томдық қазақ тілінің сөздігі дайындалу үстінде. Жалпы, атқарылып жатқан шаралар көп қой, - дейді Әбдіуәлі Қайдаров.

Жыл сайын бұл мемлекеттік тіл мерекесін Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстар да тойлап келеді. Сонымен қатар, Қазақстанда 100–ден асатын ұлттардың біразында өз тілдерін оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халықтарының Ассамблеясы да жұмыс істеп тұр.
XS
SM
MD
LG