Accessibility links

23 қыркүйек күні Алматы қаласының мөлтекаудан тұрғындары наразылық жиынын өткізді

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

23 қыркүйек күні Алматы қаласында Шаңырақ, Бақай және тағы басқа да елді мекен тұрғындарының баспана мәселеніне қатысты рұқсат етілген наразылық жиыны болды. Бейбіт жиынға қала тұрғындарынан бөлек, «Шаңыраққа тірек» қоғамдық ұйымы, Алға (ДВК) халықтық партиясы және басқа ұйымдардан өкілдер келіп, Алматы мөлтекаударындағы қалыптасқан жағдай туралы өз ойларын жеткізді.

«Әркім өз шаңырағын иеленуге құқылы» деген ұранмен өткен акция елін, жерін қорғау жолында шейіт болғандар, соның ішінде 14 шілде күні «Шаңырақ» мөлтекауданындағы оқиғада қаза тапқандар аруағына құран бағыштаудан басталды. Алғаш болып сөз тиген «Шаңыраққа тірек» қоғамдық ұйымының мүшесі, cаясаткер Асылбек Қожахметов жер дауының тууына билік пен ірі қаржылық топтар арасындағы заңсыз, жасырын жасалатын келісімдер де аз үлес қоспайтынын атап өтті.

Содан кейін билік тарапынан зәбір көрген мөлтекаудан тұрғындары өз наразылықтарын ашық айтып, саяси көзқарастарымен бөлісті. Солардың ішінде биылғы жылдың 14 шілдесі күні Шаңырақтағы оқиғаға куәгер болған Асқарова Әйгерім биліктің «Шаңырақ» тұрғындарына жасаған әрекеті заң бұзушылықтарға толы болғандығын айтты:

- Үйді бұзу туралы ескерту қағазын 14-і күні көрсетпей, кейіннен әкелді. Ол заңсыз болды. Үйді бұзуға таңертеңгі 6-да келді. Күйеуімді де ешбір ордер көрсетпей-ақ заңсыз алып кетті.

Дәл осы ауданның тұрғыны Айтбаев Кендебай болса, оқиғаның аяқ астынан орын алғанын және үйлерді қиратар алдында қарапайым халықтың ойында тек қорғану болғандығын жеткізді.

- Олар қару қолданып, резіңке тоқпақты қолданғанда біздер қарап тұруымыз керек пе? Оларға заңды бұзуға болады да, бізге заң бұзуға болмайды ма? Әркім өз шаңырағын қорғау үшін шықты. Біздің балалаларды соттауға болады да, оларды соттауға болмайды ма? Олар да заң бұзды, - деді К.Айтбаев.

Ал осы жиынды ұйымдастыруға ұйытқы болған «Шаңыраққа тірек» қоғамының төрағасы Дос Көшім өздерінің кезекті іс-шараларынан белгілі бір мақсаттар күтетіндігін айтады.

- Осыған байланысты мүмкін Парламент комиссия құрар, мүмкін Адам құқығын қорғау жөніндегі омбудсменның құлағынан жетер. Осыдан кейін билік тарапынан белгілі бір қадамдар жасала ма деп отырмыз. Мейлі, заңдық тұрғыдан болсын, әйтпесе, келісімге келу жағы болсын. Біздің мақсат - бейбіт жолмен шешу, өйткені бұл жерде адам өлімі болды, - дейді Д.Көшім.

Сонымен қатар, «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің жетекшісі, шиеленіскен жер мәселесін бейбіт реттеумен қатар, 14 шілде күні қақтығысқа байланысты жүргізіліп жатқан істің әділетті аяқталуына ықпал етуді де мақсат етіп отырғандықтарын айтты.

- Желтоқсан оқиғасы сияқты, дәлелсіз айыптарменен жазықсыз адамдардың кетуі мүмкін. Себебі билік басқаларға сабақ болсын, қарсылық көрсетпесін деген оймен қатты жазалайтын болады. Оны біз «Бақайдағы» екі жас жігітті соттағанынан көріп отырмыз, - деді Д.Көшім.

Ал осы ұйымның тағы бір белсенді өкілі, саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, жер-жерлерде көтеріліп жатқан баспана мәселесі жалпыхалықтық мәселе.

- Сондықтан, мұндай жағдайды дұрыс шешу үшін әртүрлі мүдделі топтардың басын біріктіріп, белсенділік көрсету керек. Біз ақпарат жағынан жеңіске жеттік деп ойлаймын. Себебі, халықтың көзқарасы өзгерді. Сол жердегі халықтың үрейі тоқтап, өздерінің қамалып, ұрылғанын жазып, бәрін айтып отыр. Прокуратура шешімінің шығуы, бұл да біздің жеңісіміз деп ойлаймын, - дейді саясаттанушы.

Сенбі күні Алматы әкімшілігінің рұқсатымен өткізілген наразылық жиыны - «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетінің жер мәселесіне кезіккен Алматы мөлтекаудан тұрғындарын кезекті қолдау шарасы болды. Бұған дейін осы қоғамдық комитет мөлтекаудан тұрғындарының құқығын қорғау мақсатында билік және заң органдарына бірнеше рет ашық хат жолдаған болатын.
XS
SM
MD
LG