Accessibility links

«Ақ жол» партиясы парламенттегі орнына баруды ұйғарды


Қыркүйектің 25 күні Алматыда демократиялық «Ақ жол» партиясы жексенбі күні аяқталған 6-шы съезінің қортындысында өздерінің депутаттық мандаттарын қайтадан пайдаланып, парламентке депутат жіберу мәселесін қарастырып жатқанын жариялады. Ол үшін алдағы уақытта арнайы құрылған топ елдің Орталық сайлау комиссиясымен келіссөздер жүргізіп, депутаттық мандатты заңдық тұрғыдан реттемек көрінеді. Сондай-ақ партия төрағасы Әлихан Байменов мырза парламентке баратын үміткердің кім екенін нақты айтпағанымен, тұспалдап жеткізіп, «партиялық тізім бойынша бірінші тұрған адам барсын деп шешілді, ал тізім бойынша - мен тұрмын» деді.

Өздерін «конструктивті оппозициямыз» деп атап жүрген «Ақ жол» демократиялық партиясының жарты жылдан астам уақытқа созылған 6-шы съезінің қортынды отырысы жексенбі күні Алматы маңындағы Қарғалы санаторийінде аяқталды. Барлық облыстардан шақырылған 125 делегаттың съез басталғанда 111 мүшесі тіркеуден өтіп үлгерген болатын. Съездің қортынды мәжілісіндегі қаралған негізгі мәселелер қатарында «Ақ жол» партиясының депутаттық мандаты туралы да сөз болыпты.

- Біріншіден, съез партияның мандатын пайдалану жөніндегі қағидалы шешім қабылдады. Сонымен бірге партиялық тізімдегі менің және әріптестерімнің мәлімдемелері, өтініштері Орталық сайлау комиссиясына кезінде жіберілуі себепті, съез осы өтініштерді қайтарып алу жөнінде Орталық сайлау комиссиясымен жұмыс жүргізуді Людмила Жуланова және орталық аппаратқа тапсырды. Осы жұмыс аяқталған соң сайлау заңы бойынша біздің толық мүмкіндігіміз туады, - деп мәлімдеді дүйсенбі күні Алматыда журналистер алдында партия төрағасы Әлихан Байменов

Байменов мырза депутаттық мандатты кім алатынын ашық айтпағанымен «съездің айтқаны – ол мандатты тізім бойынша бірінші тұрған адам пайдалануы керектігінен» журналистерді хабардар етті.

- Егер басқаша өзгерістер болып жатса – екінші тұрған адам пайдалануы керек, яғни тізім толығымен қалпына келтірілуі керек. Тізімде бірінші боп мен тұмын. Оны партия маған міндеттеді, - деді Ә.Баймнов.

Ал тізім бойынша екінші болып Қаттыбаев, үшінші - Жанна Наурызбаева болып кете береді.

Съезде қабылданған Қарарлардың ішінде ерекше көзге түсетіні - 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларына қатысты қарарлар екен. Ол жайлы Байменов мырза былай деді:

- Бірінші кезекте жалпы «Желтоқсан оқиғасы» емес, «Желтоқсан көтерілісі» деп тарих оқулықтарында болсын, қоғамдық санада болсын, өзінің дұрыс бағасын алу қажеттілігі айтылды. Екіншіден – осы Желтоқсан көтерілісі қайраткерлерінің мәртебесі арнайы заңда бекітіліп, оларға тиісті құқықтық, әлеуметтік және медициналық көмек көрсетілу қажеттілігі айтылды.

Сонымен бірге осы қарарда желтоқсандықтарды арнайы медальмен марапаттау керектігі туралы ұсыныс та бар.

«Ақ жолдықтардың» парламентке баратыны туралы шешімдеріне байланысты пікір-болжамдар негізінен бір арнада – ол «соңғы уақытта оппозиция өкілдерінің президентпен кездесуінен соң пайда болған ой» дегенге саяды.

Айта кету керек, Ә.Байменов съезге дейін «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жетекшісі Ж.Тұяқбаймен бірге Қазақстан прездиенті Н.Назарбаевтың қабылдауында болған еді. Бұл жайында сұрақ қойған журналистерге Ә.Бәйменов «президентпен депутаттық мандат туралы әңгіме болмағанын айтып», ол кездесуде Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтің қазаларына байланысты пікір алмасқанын жеткізді

- Президент ол жалпы мынау, текетірес пен бірін-бірі түсініспеушілік, диалогтың жоқтығы осындай оқиғалардың қайталануына алып келуі мүмкін деген алаңдаушылығын сездірді, - деді Ә.Байменов.

Қазақстанда 2004 жылы күзде өткен парламент сайлауы кезінде оппозициялық «Ақ жол» партиясы «сайлау әділ өтпеді, сондықтан біз парламентке бару арқылы әділетсіз сайлауды заңдастырғымыз келмейді» деп, парламентте өздеріне тиесілі жалғыздепутаттық мандаттан бас тартқан болатын. Ал кейіннен «Ақ жолдан» бөлінген бір топ саясаткерлер жаңадан «Нағыз Ақ жол» партиясын құрған болатын. Енді олар «Ақ жол» партиясының депутаттық мандатты пайдалану туралы қазіргі шешіміне қатысты өз көзқарасын сейсенбі, қыркүйектің 26-күні арнайы мәлімдейтінін айтып, қандай да түсініктеме беруден бас тартты.

Сонымен, «Ақ жолдықтардың» мұндай шешімінің астарында не бар деген сауалды «Азаттық» тілшісі жекелеген саясаткерлерге қойған еді.

Оппозициялық саясаткер Айдос Сарым:

- Әлихан Байменовтың жалпы саяси көзқарасы мен саяси болмысы айқын адам ғой, оны ешқандай қазбалап жатудың қажеті жоқ. Жақында президентпен кездесуде болды, сол кездесуде Назарбаев оған: «... ойнадыңдар, енді қойыңдар.... Отырған орның бар, соған бар» деген шығар, негізі. Бұл орынға барудың да әртүрлі жолдары болады ғой, бірақ бұл биліктің кезекті саяси ойыны болса, мысалы, президенттің АҚШ сапары алдындағы дегендей, онда барды не, бармады не - бәрібір сияқты.

Қазақстандық «Тәуекелді бағалау тобы» зерттеу орталығының директоры Досым Сәтпаев та «мұндай шешімге биліктің өзі итермелеп отыр» деген пікір айтады.

- Саяси тыныс-тіршіліктегі қозғалыстарға қарағанда президент оппозиция өкілдері деп танып отырған Байменов пен Тұяқбай мырзаларды әріптес ретінде көргісі келетін сияқты. Оның үстіне Байменов мырзаға депутаттығы арқылы саяси сахнадағы белсенділік қарқынын арттыру керектігі туралы нұсқау да бар сияқты, - дейді Д.Сәтпаев.

Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың АҚШ-қа сапары қыркүйектің 26-күні басталады. Қазақстан президенті Н.Назарбаев 3 күндік сапармен Вашингтонға сейсенбі күні жетіп, жұма күні АҚШ президенті Дж.Бушпен кездесуі жоспарланып отыр.
XS
SM
MD
LG