Accessibility links

Гитлер салған суреттер, қытайдың раушан гүлі және ту жасау ісінен пайда тауып отырған кәсіпкер жайлы


Сейсенбі, қыркүйектің 26-сы күні саудаға 20-ға жуық өнер туындылары түспекші. Акварельдік бояумен салынған шіркеулер мен коттедждер және ауыл өмірінің түрлі бейнелері атақты Адольф Гитлер қолымен салынған, деген пікір бар. Англияның оңтүстік-батысында орналасқан аукцион үйіне аталған суреттерді белгиялық бір клиент жіберген екен.

Былтырғы жылы сатылған суреттер құны шамамен 9 мың 800 долларға жуықтаған болатын. Аукцион иесі Ян Мористің айтуынша бұл жолы саудаға түсетін әрбір сурет құны 5 мың 600 доллар шамасында болуы мүмкін. Дей тұрғанмен бұл әрекеттер моральдық жағынан қалай бағаланбақ деген сауал туындауда. Морис болса бұл сұраққа орай дау айтады.

“Ең бастысы, бұл акварельдік бояу суреттері бірінші дүниежүзілік соғысы жылдарында, яғни 1916-18-ші жылдары, аймақта бұдан 90 жыл бұрын салынған. Бір жағынан алғанда бұл - тарихи құжат. Суреттер Гитлердің саясатқа араласуына және одан кейінгі өмір жолына дейін салынған. Ол суретші болуды армандаған, архитектура оны қызықтырған. Сондықтан ол Венадағы сурет мектебіне оқуға түскісі келген. Алайда 1907-08-ші жылдары оған өте алмаған. Сондықтан біз мәселенің тек осы жағына ғана назар аударудамыз”, - деді Морис.

Бұдан бұрынғы осындай саудаға еврейлер қарсы болған еді. Алайда, Британия еврейлері кеңесінің жетекшісі Джон Бенжамин болса мәселеге түсіністікпен қарап, “қызығушылық бар жерде нарық бар” деген еді.

Онсыз да әлемдік базарды өз тауарларымен жаулап алған Қытай елі ендігі жерде экспортқа қиылған гүлдерді шығармақшы. Ондай гүлдер қатарына ұзаққа шыдайтын раушан гүлдерін жатқызса болады. Әлем бойынша кесілген гүлдер саудасы онсыз да жақсы өркендегені белгілі. Шамамен бірнеше миллиард долларлық сауда айналымына айналған бұл бизнеспен негізінен Оңтүстік Америка, оңтүстік Азия елдері, Кения және Голландия елдерінің айналысатыны белгілі.

“Біздің жоспарымыз алдағы 10-15 жыл ішінде Азиядағы ең ірі гүл өсіруші елге айналу”, - дейді компания жетекшілерінің бірі.

Қытай үкіметі болса 2010-шы жылға дейін бұл істі экспорт саласында 200 миллион долларға жеткізуді көздеп отыр.

Кейде біреудің қайғысының келесі біреулерге жағдайлы іс әкеліп жататыны бар.Табиғи апаттар мен саяси дағдарыстар, жанжалдар тұсында адамдардың туларды көтеріп шығуға тырысатыны белгілі. Осындай тапсырыс арқылы ісін жақысы жүргізіп отырған компанияның бірі Уэльсте орналасқан ту жасаушы фирманың веб парақшадағы аты - МрФлаг.ком. Оның иесі Чарльз Ашбурнердің айтуынша, оның ісі таяуда Ливандағы Хизбуллаға қарсы Израйль жанжалы барысында жақсы жүрген екен. Сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын Цунами табиғат апаты кезінде және Құрама Штаттардағы 11-қыркүйек оқиғасынан кейін тапсырыс көбейген көрінеді.

Қазіргі кезде Мажарстан мен Тайланд туларына сұраныс көбейіп тұрған көрінеді.
XS
SM
MD
LG