Accessibility links

Қыркүйектің 26-сы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары басталды. Бұл сапарында ол АҚШ президенті Дж.Бушпен, вице-президент Дик Чейнимен, АҚШ конгресінің өкілдерімен, ірі американдық компания басшыларымен, көрнекті қоғам және діни қайраткерлермен кездеседі. Бұл туралы "Азаттық" радиосына Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев сейсенбі күні хабарлады. Оның айтуынша, екі ел президенттері кездесу кезінде халықаралық терроризммен күрес, энергетикалық қауіпсіздік, Қазақстанның ДСҰ-ға кіру мәселелері мен Қазақстандағы саяси реформалар жөнінде де пікір алмасады. Қазақстан президентінің АҚШ-қа ресми сапары қыркүйектің 29-ында аяқталады.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарабаевтың АҚШ-қа ресми сапары - соңғы бес жылдағы осындай сипаттағы алғашқы сапар. Сондықтан, оған Вашингтонда да, Астанада да үлкен мән берілуде дейді Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан АШЫҚБАЕВ. Оның айтуынша, бұл сапар барысында ең жоғарғы мемлекеттік деңгейдегі бірнеше кездесулер өткізу жоспарланған:

- Құжаттар жайында айту қиын. Соңғы уақытқа дейін дайындалатын құжаттар да бар... Бірақ, президент Н.Назарабевтың кездесетін адамдарының арасында – АҚШ президенті Дж.Буш, вице-президент Дик Чейни, АҚШ конгресі өкілдері, бірқатар министрліктер мен ірі АҚШ компания басшыларымен, сондай-ақ көрнекті діни және қоғамдық қайраткерлермен кездесу жоспарланған.

Қазақстан мен АҚШ президенттері екі ел арасында экономикалық және саяси тақырыптарда маңызды мәселелерді талқылайтындығын айтады Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Негізгі тақырып – екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі дамыту. Атап айтқанда, халықаралық терроризммен күресті жалғастыру, ғаламдық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, энергетикалық ынтымақтастық, инвестициялық мәселелер, Қазақстаннның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) кіру мәселесі, сондай-ақ демократияландыру саласында Қазақстанның саяси реформалары жөнінде де пікір алмасу көзделіп отыр.

АҚШ - Ұлыбритания мемлекетімен қатар Қазақстанның 2009-шы жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету мәселесінде әзірге оң шешім қабылдамаған ел. Сол себептен де, бұл мәселенің де екі ел президентінің кездесуі кезінде қаралуы мүмкін екендігін айтады Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі. Бұл ретте АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің пресс-атташесі Жаклин МАККЕНОН да сондай пікірде. Оның айтуынша, Қазақстандағы демократия тақырыбы екі ел президенттерінің кездесуі кезінде міндетті түрде қозғалады:

- Қазір біздің елші АҚШ-та. Оның бүгін журналистермен осы сапарға байланысты кездесуі болады. Президенттер арасында демократия мен энергетикалық қауіпсіздік тақырыбы қозғалатындығы жайында Ақ үйдің мәлімдемесінде және Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сұхбатында айтылған, - дейді АҚШ елшілігінің пресс-атташесі Маккенон ханым.

АҚШ пен Қазақстан президенттерінің кездесуінен кейін Қазақстан белгілі бір саяси реформалар жасауы, тіпті кезектен тыс парламенттік сайлауды да жариялауы ықтимал деп есептейді саясаттанушы Айдос САРЫМОВ:

- ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мәселесі ағылшындар мен осы американдықтардың позициясына тіреліп отыр. Сондықтан, ол елдермен міндетті түрде осы мәселе талқыланады. Ал егер осы мәселені алдыға қарай қозғайтын болса, Американың қолдауын іздегісі келсе, онда Қазақстан белгілі бір уәдені беріп, белгілі бір қадамдарға баруға мүдделі болады. Егер бәрі біз ойлағандай болса, азын-аулақ конституциялық өзгерістер болуы мүмкін. Одан асып бара жатса, осы парламентті таратып, жаңа асйлау жасауы мүмкін.

Ал Ұлттық саяси зерттеулер орталығының директоры Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ мұндай болжамдарға әлі ерте, себебі, Қазақстан президентінің АҚШ-қа сапарының негізгі мақсаттары бөлек дейді:

- Саяси өзгерістер болса да, олар кардиналды түрде болмайды деп ойлаймын. Неге десеңіз, президент қазір Америкаға басқа мәселелерді көтеру үшін бара жатыр. Ең бірінші – энергетикалық мәселе, екінші – терроризммен күрес, үшінші – ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарға байланысты. Жақында біз Астанада діндер съезін өткізгеніміз белгілі. Ал саяси реформаларға келсек, соған қарай аздаған бет бұруы мүмкін. Бірақ, өзгерістерді биыл немесе тез арада жасайды деп ойламаймын.

Қазақстанда 400-ден астам АҚШ компаниясы жұмыс істейді. АҚШ Қазақстан экономикасына 12 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Бұл - жалпы экономикаға салынған шетелдік инвестицияның үштен бір бөлігі. Алдағы 5 жылда АҚШ Қазақстанға салынатын инвестиция көлемін екі есеге дейін өсіруді жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG