Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ дертін жұқтырған балалар саны 61-ге жетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды. ЮНИСЕФ балалар қоры мен өзге де халықаралық ұйымдардың ВИЧ/СПИД саласы бойынша жетекші мамандарынан құрылған сарапшылар тобы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысына келеді деп күтілуде.

Қазақстаның СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы Шымкентегі 61 балада ВИЧ инфекциясы барын растады. Облыста емі жоқ індеттің таралу себептерін тексеретін, құрамына денсаулық сақтау министрлігі мен департаменттерінің, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау мекемелерінің мамандары кірген комиссия өз жұмысын одан әрі жалғастыруда.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөзбен байланыс жөніндегі маманы Морис Абдуллин:

- Өлкедегі тексеруден өтуге тиісті 12000 бүлдіршіннің бүгінгі күні 70 пайыздан астамы қаралды. ЮНИСЕФ балалар қоры мен өзге де халықаралық ұйымдардың ВИЧ/СПИД саласы бойынша жетекші мамандарынан құрылған сарапшылар Шымкентке келетін болды. Олар адамның қорғаныс тапшылығы қоздырғышы инфекциясын жұқтырған балалар мен олардың ата-аналарына психо-әлеуметтік көмек көрсетіп, денсаулық сақтау саласы мамандары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен бірлесіп жұмыс істейтін болады», - деді «Азаттық» тілшісіне.

Сондай-ақ Шымкентке көршілес Ресейден де мамандар келмекші екен.

- Петербордың СПИД орталығының мамандары да шақырылды. Олар осы жұма күні келіп қалуға тиіс. Қазірше әр балаға 100 мың теңгеден ақша бөлінді. ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың ата-аналары өз бастамаларымен қор құрған болатын. Қазір сол қорды тіркеу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы алдымыздағы жұма күні облыстық мәслихаттың отырысы болады. Сол отырыста қандай медициналық құрал-жабдықтар алынуы керек, қажетті дәрі-дәрмектер мен шақырылатын мамандардың тізімі жасалып, оған жұмсалатын қаржы мәселесі қайта қаралатын болады, - деді Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшіліктің баспасөз қызметкері Кеңес Исмайлов.

Қыркүйектің 26-сы күні Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы облыстық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы басшылығында лауазымды қызмет атқарған, барлығы 8 адамның үстінен қылмыстық іс қозғағаны мәлім болды. Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенов бұл туралы «Азаттық» радиосына:

- Қозғалған қылмыстық істі Қазақстанның бас прокурорының аға көмекшісі Төрехан Адай өз бақылауына алды, - деді.

Қылмыстық іс барлық лауазым иелеріне өз міндетіне немқұрайлы қараған деген айып негізінде қозғалып отыр. Сейсенбі күні Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаменті директорының міндетін уақытша атқарушы болып Астана қалалық денсаулық сақтау департаментінің бұрынғы директоры Вячеслав Дудник тағайындалды. В.Дудникке бірінші кезекте індет жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандарды тексеруді аяқтап, қалыптастқан ахуалға байланысты денсаулық сақтау саласына қажетті қаржының сметасын жасау міндеті жүктелді.
XS
SM
MD
LG