Accessibility links

Алматыда ІІІ халықаралық Еуразия кинофестивалі ашылды

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Алғашқы күннің бағдарламасында сайысқа түсетін 15 фильмнің көрсетілімінен бөлек, Ұлыбритания, Ресей және Германиядан келген майталмандар кино және театр институтының шәкірттеріне арналған шеберлік сабақтарын өткізді. Ал американдық киножұлдыз Стивен Сигал осы күннің басты кейіпкері болды.

Алғашқы конкурстық күн немістің «Эден» фильмімен ашылды. 2006 жылы түсірілген Майкл Хофманның бұл туындысы - Роттердам халықаралық кинофестивалінде көрермендер көзайымы сыйлығының иегері. Сонымен қатар, Еуразия кинофестивалінің басты конкурсына қатысушылардың ішінде алғашқы күн бағдарламасына енген – оңтүстіккореялық Ким Ки Дуктің «Буырқанған сезім» және мажарстандық режиссер Сабош Хайдудың «Ақ пальмалар» фильмі көрермендер назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, ІІІ халықаралық Еуразия кинофестивалінің аясында ирандық Махмальбафтар киноүйінің, неміс режиссері Фолькер Шлёндорфтың және даңқты қазақ режиссері Абдолла Қарсақбаевтың фильмдерінің ретроспективасы да жоспарланған. Фестивальдің арт-директоры Гүлнар Әбікеева қазақ режиссерлары мұндай бағдарламаға алғаш еніп отырғанын айтады.

- Біз былтырғы фестивалімізде жасаймыз деп ойлағанбыз. Алайда, мамагдар – несіне асығасыздар, фестиваль әлі де болады, киноларын да дайындауға мұрша беріңіздер деген еді. Сонымен қатар, Абдолла Қарсақбаев ағамыз биыл 80ге толатын жылы екен. Сондықтан, біз бір жағынан мерейтойлық ретроспектива ұйымдастырдық.

Ретроспективаны ұйымдастыру құрметіне, режиссердің қазір Канадада тұрып жатқан баласы Тоқтар Қарсақбаев келді. Тоқатардың айтуынша, ол зайыбы екеуінің Солтүстік Америкаға көшіп кеткеніне 2 жыл болған. Даңқты режиссердің баласы батыстың киноиндустриясын зерттеп, тәжірибе жинап, кейін елге оралып, үлкен жобаларды іске асырсақ деген ойымен бөлісті.

- Мен былайша айтқанда, Америкадағы Еуразиялық Кинофестивальдің мүддесін қорғаушысымын. Біз Қазақстанға қазір фестиваль ұйымдастырушыларының шақыруымен келіп отырмыз. Құрқол келген жоқпыз, танымал американдық жұлдыз - Стивен Сигалды да шақыра келдік. Өйткені, менің әйелім – актердің 3 продюсерінің бірі болып табылады.

Әкесінің шығармашылығы туралы Тоқтар оның туындыларының басты кейіпкерлері – балалар екенін атап өтті. 8 толық метражды киносының дені – жасөспірімдерге арналған. Ретроспектива аясында олардың алтауы ұсынылмақ.

Канн кинофестивалінің тарихында қазақтан жүлдегер болған алғашқы және соңғы туынды – «Менің атым - Қожа» фильмі екені де тілге тиек болды. Тоқтар Қарсақбаев кейінгі жылдары түсірілген «Киллер» фильмінің әйгілі киносайыста жүлдегер болдым деп кеуде қағатындай жөні жоқ дейді.

- Бұл фильм Канн фестиваліне қатысқан алғашқы фильм деп аталып жүр. Мен Жаңа толқын өкілдерін түсінемін, олардың мұндай үлкен шараға қатысудың өзі бедел деген ойларын да білем. Бірақ, мен қазақстандық киноның жанкүйері болсам да, сіздерге айтарым КИЛЛЕР фильмі Канн фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына ғана қатысты, - дейді Тоқтар Қарсақбаев.

Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығында бала тақырыбы ерекше орын алғанымен, оның жанын күйзелткен – халқының тарихы болатын. Оның кеңестік өкіметтің қуғынына шыдамай, Қытайға ауған қазақтардың тарихы бейнеленген «Қилы кезең» атты туындысы – 1966 жылы түсірілгенімен, ұзақ жылдар бойы көрсетілмей келген. Режиссердің шәкірттерінің бірі, актер әрі режиссер Болат Қалымбетов кезінде Абдолла Қарсақбаевқа қысым тек қана өкімет тарапынан болмағанын айтады.

- Оның жанындағы өзіндей режиссерлер де қысым көрсететін, Каннан сыйлық алды, қызғаныш қой бой бермеген. Әйтпесе, Абдолла ағаның жетер биігі мен шыңы одан да биік еді.

ІІІ халықаралық Еуразия кинофестивалімен танысуға келгендердің бірі – АҚШ актері Стивен Сигал мұнда келгені үшін ешқандай сыйақы алмағанын, керісінше осындай шараның куәсі болу үшін, өзі шығындалғанын айтады.

Оның басты мақсаты – «Шыңғысхан» фильмін түсіруге қолайлылық туғызуға жергілікті басшылармен келісу көрінеді. Стивен Сигал келе салысымен, Қазақстанның мәдениет министрімен кездесіп, американдықтардың бұл фильмді қазақтармен бірігіп түсіруіне рұқсатын алғанын қуанышпен жеткізді.

- Менің арғы аталарым – моңғол болғандықтан, Шыңғыс хан тұлғасына, оның өмірбаянына деген қызығушылығым тегіннен емес. Бұл ой мені 17 жыл бойы мазалап келеді. Енді оңтайлы сәт туды деп ойлаймын. Қазақстан үкіметі бұл жобаны бірігіп жүзеге асыруға ниетін білдірді. Сондықтан, алдағы уақытта оған қатысатын қазақ актерлерін жинап, декорациялық тұрғыда кеңес беретін мамандарды іздестіре бастаймын.

ІІІ халықаралық Еуразия кинофестиваліне келген қонақтардың қатарында Сигалдан өзге Эрик Робертс, Петр Тодоровский, Кира Муратова сынды белгілі киномайталмандар бар. Кинофестиваль қазанның 1-іне дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG