Accessibility links

Шахтинск кеншілерінің ереуілі жалғасуда

  • Досан БАЙМОЛДА

Шахтинск көмір бассейніндегі төрт көмір шахтасы - Ленин атындағы, Тентексай, Қазақстан және Шахтинск шахталарының жұмысшылары айлық жалақыларын көтеруді, сондай-ақ шахталардағы ескірген құрал-жабдықтарды ауыстырып, орнына жаңа, озық технологияларды енгізу арқылы жұмыс жағдайларын жақсартуды талап етіп, дүйсенбіден бері жұмысқа шықпай ереуіл өтікізіп жатыр.

Шахтинск қаласында жарық көретін «Шахтинские вести» газетінің жауапты хатшысы Ольга Викторовнаның айтуынша, қыркүйектің 27-күні таңертең 700-ге жуық адам Шахтинск қалалық әкімшілік үйі алдындағы алаңға жиналып, бейбіт түрдегі шеру өткізген.

Шахтинск қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Әсел Екенованың айтуынша, сәрсенбі күні қалалық әкімшілік үйінде ереуілдеуші кеншілер талаптарын шешу жөніндегі арнайы комиссия өз жұмысын бастаған.

- Оған әр шахтадан сенімді өкілдер ретінде 5 кеншіден қатысып отыр. Сондай-ақ комиссияның алғашқы жұмысына Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин, Шахтинск қаласының әкімі Нұрлан Төлепов, Мәжіліс депутаттары Шәймерден Оразалинов және Владимир Нехорошев, сондай-ақ «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшылары қатысуда, - деді қала әкімшілігінің өкілі «Азаттық» тілшісіне.

Комиссияның алғашқы жұмысы барысында «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшылығы кеншілердің айлық жалақыларын көтеруге уәде беретіндіктерін, алайда оның көлемі қанша болатындығын алдағы 10 күнде шешетіндіктерін мәлімдепті.

Кеншілер жалақыларын сағатына 15 долларға дейін көтеруді, сондай-ақ ұжымдық шартқа өзгерістер енгізіп, өлімге душар еткен жағдайда кеншінің жылдық жалақысының 10 есе көлемінде бір мәрте жәрдемақы беруді, ал адам өндірісте жүріп 1-ші топтағы мүгедек болып қалған жағдайда 5 еселеген, 2-ші және 3-ші топтағы мүгедектікке душар болған жағдайда 2 есе көлемде жәрдемақы беруді талап етіп отыр.

«Шахтинские вести» газетінің жауапты хатшысы Ольга Викторовнаның айтуынша, комиссия сәрсенбі күні түсте үзіліс жасап, түстен кейін өз жұмысын одан әрі жалғастырған. Ал ереуілдеуші кеншілер комиссия жұмысының қортындысын есту үшін әкімшілік үйі алдында жиналып тұрған.

- Әзірге комиссия қортындысы қандай болатындығын айту қиын, - деді ол.

Ал қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің қызметкері Әсел Екенованың айтуынша, ереуілдеуші кеншілер егер де өз талаптары 10 күн ішінде орындалмайтын болса, онда кеншілерді жаппай қамтыған митинг ұйымдастыратындықтарын мәлімдепті.

Сондай-ақ, оның айтуынша, өткен аптада Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтада болған жарылыс себептерін тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия өз жұмысын әлі жүргізіп жатыр.

- Шамасы енді 4 аптадай уақыт ішінде комиссия өзінің толық қортындысын шығарады, - деді қала әкімшілігінің өкілі.

Ал сейсенбі күні осы үкіметтік комиссияның төрағасы, Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Шалбай Құлмаханов үкімет басшысы Даниял Ахметовке комиссияның алдын ала қортындысын таныстырды. Оның айтуынша, апаттың болуына адам факторы мен шахтадағы техникалық қауіпсіздіктің өрескел бұзылғандығы себеп болыпты. Үкімет басышысы Даниял Ахметов үкіметтік комиссия төрағасы мен бас прокурорға оқиғаны әлі де мұқият тексеруді, кінәлі адамдар анықталса, оларды қатаң жазалауды тапсырыпты.

Өткен аптада Шахтинскідегі Ленин атындағы шахтада болған күшті жарылыс кесірінен 41 кенші қаза болған еді.
XS
SM
MD
LG