Accessibility links

Румыния мен Болгария үшін ЕуроОдаққа жол ашылды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сонымен, қыркүйектің 26-сы күні Еуропа комиссиясының президенті Барросоның ЕуроПарламент алдында мәлімдегеніндей, 12 жылға жалғасқан күрес науқанынан кейін Қара теңіз жағалауындағы екі мемлекет – Болғария мен Румынияға Еуропа одағына кіру мүмкіндігі туып отыр.

Еуропа комиссиясының бұл ұсынысын енді, қазан айындағы саммит кезінде ЕуроОдақтағы 25 ел саяси басшылары қолдаса, бұл екі үміткер ел де, алдағы жылғы қаңтардың бірінен бастап Одақтың төрінен орынға ие болуы мүмкін.

Бұл тарихи оқиғаға орай Еурокомиссия президенті Хосе Барросо Страсбургтегі жиын кезінде:

- Еуропа комиссиясы Болғария мен Румынияның Одаққа қабылдануы жөніндегі соңғы баяндаманы қабылдады. Біздің қорытынды шешіміміз бойынша, аталған екі ел де, 2007-жылдың 1-қаңтарынан бастап, ЕуроОдақ мүшелігінің құқтарына ие болып, міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі бар, - деді Хосе Мануел Барросо.

Дегенмен, бұл екі елдің ЕуроОдаққа мүшелігі жөніндегі үлкен алаңдаушылыққа байланысты, алдағы 3 жыл бойына Еурокомиссия ол екі елдегі реформалардың орындалуы бойынша қатаң бақылау жүргізіп отыратын болады дей келе Хосе Барросо:

- Еурокомиссия заң реформасы саласындағы өзгеріс пен ынтымақтастық, коррупция мен қылмысқа қарсы күрес тетігін қалыптастыратын болады. Ал ол шараның нәтижесін Комиссия Еуропарламент пен Кеңеске тұрақты түрде баяндап тұрады, - деді.

Ал егер қойылған шарттар орындалмайтын болса, онда Болғария мен Румынияға санкция жарияланып, қатаң жазаға кезігуі мүмкін екен.

Мысалы, егер ол екі елден келетін ауыл шаруашылығы өнімі сапасыз болса, онда ЕуроОдақ базары оларға жабық болады. Сонымен қатар, ол екі мемлекет өздеріндегі сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты жою жолында заңдық шараларды іске асыруы тиіс. Кері болған жағдайда, ЕуроОдақ ол елдегі кейбір сот шешімдерін қабылдамауы мүмкін.

Дегенмен, 2004-жылдан бері ЕуроОдақ елдерінен иммигрант жұмысшыларға есігін еркін ашқан Британия, Ирландия және Швеция секілді елдердің өзі, енді Болғария мен Румыниядан ағылатын болашақ иммигранттарға күдікпен қарап отыр екен.

Балқан аймағындағы бұл екі елдің халқы 30 млн-дай. Бұл ЕуроОдақ халқының 6 пайызын құрағанымен, жалпы ішкі өнім табысы 1 пайызға да жетпейді. Сондықтан, сонау 2004-жылдың өзінде ЕуроОдақтың кеңеюіне салқын қабақ танытқан Батыс, енді, София мен Бухарестке оңай ғана қош келдің дей қоймас.

Өткен жылы, Балқан елдері мен Түркияның ЕуроОдаққа мүшелігі мәселесінде Одақ шеңберінде заңдық дағдарыс пайда болып, Одақ Конституциясына Голландия мен Франциялықтардың қарсы дауыс бергендігі белгілі. Ал ол Конституцияны өзгерту жөнінде әзірше мәселе көтеру де қиындау болып тұр.

Сондықтан, Барроссоның айтуынша, енді ЕуроОдақ өз заңдарын түгелдей реттеп алғанша, жаңа мүшелік жөнінде ұсыныс айту асығыстық болар. Ал, бұл, көптен бері Одаққа кіруге ынтық болып келе жатқан Түркия, сондай-ақ, соңғы кезде Одаққа талпынып отырған Украина және Балқан-Қапқаз елдерінің арманы жақын арада іске аса қоймасын байқатып отырғандай.
XS
SM
MD
LG