Accessibility links

Хельсинки комиссиясы Шанхай ынтымақтастығы ұйымының ықпалына алаңдаулы


АҚШ-тағы Хельсинки комиссиясының төрағасы, сенатор Браунбак Конгрестік талқылаудағы тақырыпты «Шанхай Ынтымақтастық ұйымы АҚШ-тың Орта Азиядағы мүддесіне қарсы әрекет ете ме?» деп атапты.

Ал Орта Азия аймағы бойынша сарапшы доктор Марта Брилл Олкоттың комитет алдына шығып ол сұраққа, «жоқ» деп жауап берді.

- Шанхай ынтымақтастығы ұйымының барлығы ешқашан АҚШ мүддесіне сай болмақ емес, бірақ кедергі де болмауы тиіс. Шанхай ұйымын демократиядан алыс елдердің одағы деп сынау оңай. Бірақ ол елдер өзара бірлесіп өзгелерді демократиядан алшақ ұстау ниетінде емес. Оларға ортақ мүдде - ол қауіпсіздік мәселесі, - дейді Марта Брилл Олкот.

Олкот ханым, Шанхай ұйымына мүше елдер Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның дәстүрлі басқосулары жылдық Форумға айнала бастағанын мойындайды. Кейде олар АҚШ саясатымен келіспейтіндігін білдіріп жатады, бірақ бұл олардың негізгі саясаты емес, дейді сарапшы.

Марта Олкоттың ол сөзіне жауап ретінде, сенатор Браунбак, Шанхай ұйымы 2005 жылы маусымдағы саммиты кезінде АҚШ Орта Азиядан өз әскерелерін шығаратын мерзімді белгілесін деген талап қойды емес пе деген сауал қойды.

Сенатордың пікірінше, Шанхай ұйымының бір мақсаты – АҚШ-тың Орта Азиядағы ықпалын әлсірету екен. Браунбактың айтуынша, Шанхай ұйымындағы бақылаушы мүше елдер – Үндістан, Иран, Монғолия және Пәкістаннан алғашқылардың қатарында Иран Шанхай ұйымының толық мүшесі болуды қалайды.

Бірақ Олкоттың пікірінше, ұйым жақын арада кеңейе қоймас. Оған себеп, ұйымдағы елдердің экономикалық миссиясы стратегиялық деңгейде анықтала қойған емес.

Сенатор Браунбак, Шанхай ұйымы демократия мен адам құқықтарына кері әсерін тигізеді, сондықтан президент Каримов Әндіжан қырғынынан кейін жеке қалған кезде сол Шанхай ұйымынан қолдау іздеді, дейді. Дегенмен Олкот ханым ескерте келе:

- АҚШ Орта Азия елдері мен Қытайдың өзара қарым-қатынасына араласпағаны жөн. Әсіресе, қазақтар мен қырғыздар өз болашақ тағдырларын Қытайдан сырт, бөле-жара елестете алмайды. Кемінде қазіргі кезде, Қытай Орта Азия үшін жауапкершілікті өз мойнына алып отырғандай, - деді.

Сондай-ақ, Орта Азиялық бір министр өзара әңгімеде Олкот ханымға, Шанхай ұйымының арқасында біз Ресейдің үстемдік билігіне қарсы тұра аламыз депті.

Конгрестік комитет алдына шыққан АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орта Азия бойынша көмекшісі Ричард Баучер, стратегиялық 3 аспект: қауіпсіздік, коммерциялық және саяси-экономикалық мәселеге тоқтала келе:

- Біз әлемдегі көпжақты аймақтық байланысты қалаймыз. Біздіңше, бір ел жеке бір базар, бір саудалық серіктестік немесе бір ғана жеке инфрақұрылымдық байланыста қалмауы керек. Байланыс қаншама көп болса, тәуелсіздік те еркін болмақ. Ал молырақ тәуелсіздік егемендікке алып келмек. Біздің Орта Азиядағы мақсатымыз да сол. Сондықтан ол аймақтағы елдермен жеке-жеке, сондай-ақ көпжақты ұйымдық байланыс арқылы Орта Азиядағы мақсат-мүддемізбен ортақтасатын боламыз, - дейді.

Ал, Хельсинки комиссиясының төрағасы, АҚШ сенаторы Браунбак, Шанхай ұйымы АҚШ бұрын-соңды кездеспеген өте қауіпті ұйым. Оны Варшава Пактымен ғана салыстыруға болады, деген американдық бір сарапшының сөзін қайталайды. Ал бірақ, Орта Азия елдері кез-келген ұйымға мүше болуға да, одан шығуға да құқы бар дегенімен Р.Баучер, Шанхай ұйымының агрессиялық жолға түсуіне абай болу қажет, деген сенатордың ойымен келісетіндігін айтқан.
XS
SM
MD
LG