Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың саны 69-ға жетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сәйкес республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасында тағы 8 бала мен 14 әйелдің сынамалары тексерілуде.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы Шымкентегі 69 балада ВИЧ инфекциясын растады. Осы облыстағы «Азаттық» радиосы тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өтетін штабтың бейсенбі күнгі кешкі жиынында белгілі болды. Алайда, бұл мәселеге байланысты Оңтүстік Қазақстан облысының шенеуніктері «Азаттық» тілшісіне қандай да бір ақпарат беруден бас тартып отыр.

- Журналиспін? Мен сізді қайдан білем журналиссіз ба, басқасыз ба? Қысқасын айтқанда, телефонмен ақпарат бермеймін, - деді облыстық денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары Талғарбек Мейірханов қыркүйектің 28-күні.

Ал облыс әкімінің баспасөз хатшысы Кеңес Исмайлов:

- Осы сіздер – журналистер, ВИЧ мәселесін ушықтырып жібердіңіздер. Жер бетінде тек Шымкентте ғана ВИЧ инфекциясы бар сияқты. Кеше «Айқынға» жазыпты Оңтүстік Қазақстан облысындағы жағдай Африкадағы жағдайдан да қиын болып кетті деп. Бізде облыста 3 млн.ға жуық халықтың арасынан 760-ы ВИЧ инфекциясын жұқтырған. Оны пайызға шақсаңыз қанша болады? – деп кейіс білдірді.

Жалпы, облыста тексерілетін балалар саны – 12285. Оның 8900-ы тексерілді. Олардың барлығы қатер анықталған кезде ауруханаларда емделіп жатқан. Жақын күндері балалардың барлығы анализ тапсырып болады деп хабарлайды Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша, қазір індет жұқтырған алты бала антиретровирустық ем қабылдауда. Олардың үшеуі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр, үшеуі стационардан шығып, үйлерінде ем қабылдауда. Тағы алты бала басқа да ауруларынан емделуде. Оның ішінде төртеуі облыстық құрт ауруына қарсы диспансерде, екеуі облыстық балалар ауруханасында жатыр. Сонымен бірге індет жұқтырған бес баланың анасынан да ВИЧ індетінің қоздырғышы анықталды. Қазіргі жағдаймен СПИД орталығының республикалық зертханасында 8 бала мен 14 әйелдің сынамалары тексерілуде.

Тексеруден өтуге тиіс 175 донордың 166-сы тексерілген. Сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сәйкес, қазір 6 донор іздестіріліп жатыр, бір студент қыз Ресейде оқуда жүрсе, екі донор қайтыс болған.

Бұдан бұрын облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалардың әрқайсысына резервтік қордан 100 мың теңгеден өтемақы төленіп, облыстық қан құю орталығына қажетті жабдық сатып алу үшін облыстық бюджеттен 63 млн теңге бөлінетіндігін айтқан болатын. Осыған орай, індетке шалдыққан балалар ата-аналарының бастамасымен қор құрылды. Бұл қор арқылы ата-аналар бөлінген қаржыға бақылау жасамақ. Бұл туралы «Азаттық» радиосына бастамашыл топтың басшысы, дерт жұққан балаллардың бірінің әкесі Қанат есімді азамат хабарлады. Ол жақын күні облыстық әкімшілік баспасөзде жаңадан ашылған қордың есеп-шотын жариялайды деді.

Осыдан бір ай бұрын баспасөз беттерінде Оңтүстік Қазақстан облысында аталмыш дертті жұқтырғандардың жалпы саны 754 адамға жеткендігі айтылған еді. Қазақстан бойынша бұл дертті жұқтырып ресми тіркелгендер саны осы жылдың маусым айында 6 мың адамнан асқан.
XS
SM
MD
LG