Accessibility links

Шахтинск кеншілері төртінші күн қатарынан ереуілдеп жатыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Шахтинск көмір бассейні кеншілерінің ереуілі бейсенбі күні де жалғасты. Апта басынан бері айлық жалақыларын көтеруді, жұмыс жағдайларын жақсартуды талап етіп ереуілдеп жатқан Ленин, Тентексай, Қазақстан, Шахтинск және Күзембаев атындағы шахталардың кеншілеріне бейсенбі күні Костенко және Саранск деген тағы екі шахтаның кеншілері қосылып отыр.

Бейсенбі күні Шахтинск қалалық әкімшілік үйі алдындағы ереуілдеуші кеншілер жағдайымен танысқан «Шахтинский вестник» газетінің бас редакторы Эльвира Сенягина радиомызға берген сұқбатында, бейсенбі күні шамасы 500-дей адамының қалалық әкімшілік үйі алдына жиналып, кеншілердің талаптарына қатысты құрылған комиссияның қандай шешім қабылдайтындығын тағатсыз күтіп тұрғандықтарын айтты.

Оның айтуынша, Шахтинск көмір бассейндегі барлық шахталар өз жұмыстарын тоқтатқан.

- Тек қана шахталардың күнделікті желдету жұмыстарын қамтамасыз етуші кеншілердің аз тобы ғана әр шахтада өз жұмыстарын жалғастыруда. Ал қалалық әкімшілік үйі алдына ереуілдеуші кеншілердің бәрі бірдей жиналмаған, олардың қайсыбірі өз шахталарында ереуілдерін жалғастырып жатыр, - деді жергілікті журналист.

Э.Сенягинаның айтуынша, сәрсенбі күні «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшылығы кеншілердің айлық жалақыларын көтеруге уәде еткен. Алайда, бұл 10 күн ішінде шешілуі тиісті мәселе болмақ.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясы басшылығы кеншілердің айлық жалақысын 20 процентке көтеруді ұсыныпты, бірақ кеншілер өкілдері бұл ұсынысты қабылдамаған. Кеншілерәр бір жұмыс сағатына 15 доллар көлемінде ақша төленуін талап етіп отыр.

- Бірақ әзірге ол талап «Миттал Стил Теміртау» компаниясы басышылығының тарапынан қабылданбай отыр, - дейді Э.Сенягина.

Шахтинск қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Сандуғаш Нұрмұқанова бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұқбатында, ереуілдеуші кеншілер талаптарын реттеу жөніндегі арнайы комиссияның жұмысы жүріп жатқандығын, келіссөзге қатысушы жақтар әзірге қандай да бір шешімге келе алмағанын жеткізді.

Оның айтуынша, бейсенбі күні таңертең Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин қалалық әкімшілік үйі алдында ереуілдеп тұрған кеншілерге барып, кеншілердің талаптарын облыс әкімі ретінде қолдайтындығын, сондықтан «Миттал Стил Теміртау» компаниясы басшылығымен арада қатаң келіссөздер жүргізіп жатқандығын жеткізе келе, кеншілерден тәртіп, заң бұзушылықтарға бармауды өтініпті.

Шахтинск қалалық әкімшіліктің өкілі Сандуғаш Нұрмұқанова, бейсенбі күні «Азаттық» тілшісіне телефон арқылы берген жауабында, қаладағы жағдайды бір қалыпты деп бағалады.

- «Миттал Стил Теміртау» компаниясының қожайындары ереуілдеуші кеншілердің наразылығын ұзаққа создырмайын десе, олардың айлық жалақыларын көтеруге міндетті және жұмыс жағдайларын жақсартуы тиісті, - деген пікір айтады қазақстандық қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбаев.

Қыркүйектің 20-сы күні Шахтинск қаласы маңындағы Ленин атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан 41 кенші қаза тапқан болатын.
XS
SM
MD
LG