Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.29.2006 жыл.


Жұма күні жарыққа шыққан басылымдардың дені Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары туралы жазыпты: бірқатар газеттер Вашингтонда Қазақстан тәуелсіздігі монументінің ашылғандығына мән берсе, тағы бір басылымдар Нұрсұлтан Назарбаев пен Джордж Буш кездесуінде не мәселе талқыланады деген сұраққа жауап іздеген.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары Мэн штатынан соң Вашингтонда жалғасып жатқандығы «Егемен Қазақстан» газетінде баяндалыпты. «Қыркүйектің 28-күні Нұрсұл¬тан Назарбаев ВАшингтонда Сенат және Конгресс мүшелерімен, мем¬ле¬кеттік лауазым иелерімен, сондай-ақ ірі ком¬па¬ниялар басшыларымен кездесулер өт¬кізген. Ал кешкі қонақасыда Құрама Штаттарда¬ғы халық қалаулылары Қазақстан-АҚШ қарым-қатынастары қанатының беки түскенін жеткізіп, конгрессмен Том Лантос Президентке әлемде ірілігі жөнінен екінші орында болған Қазақстандағы қауіпті ядролық полигонның жабылуына 15 жыл толуына орай Өкілдер палатасы¬ның түйіндемесін табыс етті. Сондай-ақ Конгресс мүшелері Джозеф Питтс пен Роберт Векслердің өтініштері бойынша Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жасаған ресми сапарының құрметіне Капитолий ғимаратының төбесіне Құрама Штаттар туы көтеріліпті» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

АҚШ Қазақстанды Орта Азияның қозғаушы күші ретінде танитындығы туралы мақала «Айқын» газетінде жарық көрген. «Нұрсұлтан Назарбаев «Уокер пойнт» қонысына келіп, АҚШ-тың экс-президенті Джордж Буштың үлкенімен кездескенде үлкен Буш үйге тек достарды ғана шақыратындығын айтқан. Сондықтан бірін-бірі баяғыдан білетін екі адамның кездесулері өте жылы болды» делінген мақалада. «Ал Вашингтондағы кездесулерде сенатор Мэри Ландрье Астанаға барған сапарларының бірінде Қазақстаннан қыз асырап алғандығын айтыпты. Сондықтан Мэри Ландрье Қазақстанды әдемі, гүлденген ел ретінде есінде қалдырыпты» деп жазды «Айқын» газеті.

Ал қыркүйектің 29-күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Джордж Буш Ақ үйде кездесетіндігіне «Деловая неделья» газеті мән беріпті. «Қазақстан басшысының Вашингтондағы сапары басталардан бір күн бұрын АҚШ президенті өзінің резиденциясында Пәкістан президенті Первез Мушаррафты және Ауғанстан басшысы Хамит Карзайды қабылдады. Бұл кездесулерде көбіне терроризммен күрсе мәселесі әңгіме болған болса, Нұрсұлтан Назарбаевпен өтетін жүздесу тақырыбы басқаша өрбімек. Қазақстан және АҚШ президенттері энергетикалық әріптестікті арттыру мен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдану мәселелерін талқыламақ» делінген «Деловая неделья» газетінің мақаласында.

Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары барысында бірқатар келісімдер қабылданғандығына «Литер» газеті мән беріпті. Атап айтқанда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Ерлан Атамқұлов пен «Дженерал Электрик Транспорейшн» компаниясының басшысы Джон Динен мырза Қазақстан аумағында 300 локомотив салу туралы келісімге қол қойған. Ерлан Атамқұловтың айтуынша, келісімнің алғашқы бөлігінің құны 670-680 миллион доллар тұрады. Ал жалпы жинақ миллиард долларға жуық соммаға бағаланады. Бұл келісім бойынша келесі жылы-ақ алғашқы локомотив Қазақстанда жасап шығарылады. Ал 2009 жылы Қазақстан локомотивтермен толық қамтамасыз етіліп, оларды сыртқа шығару басталады» деп жазды «Литер» газеті.

«Экспресс К» газеті болса Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың басым бағыттарына тоқталып өтіпті. «Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі кезінде конгрессмен Джим Сакстон екі мемлекет экономика және әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында әріптестік таныта алатындығын атап көрсеткен» деп жазды «Экспресс К» газеті.

Вашингтондағы кездесулерде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда азаматтық қоғам қарқынды дамып келе жатыр деп айтқандығын «Казахстанская правда» газеті келтіріпті. «2001 жылғы кездесулерде біз Қазақстандағы экономикалық және саяси реформаларды дамыту туралы, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты арттыру жөнінде айтқан едік. Бұл жолғы сапарымда біз осы мақсаттарға жеттік деп ашық айта аламын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге Президент конгресмендермен кездесуінде Қазақстанның келесі мақсаты бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру екендігін жеткізде» деп жазды «Казахстанская правда» газеті.

Ал «Егемен Қазақстан» газеті Вашингтонда Қазақстан Тәуелсіздігінің монументі ашылғандығын хабарлады. «Бұл еңселі ескерткіш Америка астанасының нақ ортасында орналасқан. Монумет Алматыдағы Тәуелсіздік ескерт¬кішінің шағын үлгісі негізінде жасалған. Осы салтанатта құттықтау сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев мұндай монументтің АҚШ-тың бас қаласында ашылуы екі ел арасындағы жақын әрі сенімді қарым-қатынастар деңгейін айқын дәлелдейтінін көлденең тартты» делінген «Егемен Қазақстан» газетінің мақаласында.
XS
SM
MD
LG