Accessibility links

Шахтинскідегі болған жарылыс себептерін тексерген үкіметтік комиссия апатқа кінәлілердің қатарында компания басшыларын атады

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 20-сы күні Қарағанды облысының Шахтинск қаласы маңындағы Ленин атындағы шахтада орын алған жарылыс себептерін тексерген үкіметтік комиссия жұма күні өзінің жұмыс қортындысын таныстырды.

Бұдан екі күн бұрын апат себептерін тексеру жөніндегі үкіметтік комиссияның төрағасы, Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шалбай Құлмаханов үкімет басшысы Даниял Ахметовке жарылыс себептері жөніндегі комиссияның алдын ала қортындысын таныстырған кезде жарылысқа адам факторы мен шахтада техникалық қауіпсіздіктің өрескел бұзылғандығы себеп болды деген еді.

Жұма күні, Қарағанды облысының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бастығы Станислав Ситник «Азаттық» радиосына берген сұхбатында шахтадағы жарылысқа техникалық және ұйымдастыру жұмысындағы заң бұзушылықтар себеп болғанын айтты.

Оның айтуынша, жер астында шаң-тозаң, улы газдарды тазартып, желдетіп тұратын желдеткіш белгісіз себептермен жұмысын тоқтатқандықтан улы метан газы көбейген, сондай-ақ шахтадағы инженер, механик, кеншілер тарапынан басқадай техникалық қауіпсіздік ережелерінің бұзылуына жол беріліпті.

- Шахтадағы жарылыс себептерін тексерген үкіметтік комиссия апаттың шығуына барлығы 23 адамды кінәлі деп тапты, олардың ішінде қарапайым кеншіден бастап осы шахтаның қожайындары «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшыларына дейін бар, - деді обылыстық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма бастығы.

Жұма күні ресми ақпарат көздері үкіметтік комиссия төрағасы Шалбай Құлмахановтың апатқа кінәлі адамдар қатарында «Миттал Стил Теміртау» компаниясының көмір департаментінің атқарушы директоры Григорий Презент және «Миттал Стил Теміртау» компаниясының бас директоры Навал Чоудхариді айтқанын хабарлады.

Г.Презент мырзаға шахтадағы еңбек қауіпсіздігін дұрыс жолға қоя алмады деген кінә тағылса, компания басшысы Н.Чоудхари мырзаға жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі келісім-шартты бұзды деген айып тағылып отыр.

Комиссия төрағасының айтуынша, 41 адамды өлімге душар еткен жарылыс салдарынан «Миттал Стил Теміртау» компаниясына 501 миллион теңгенің шығыны келіпті. Оның 140 млн теңгесі тікелей апаттан келген шығын болса, қалған 361 млн теңге қаза болған кеншілердің отбасыларына төлемақы ретінде төленіпті.

Қазақстанның бас прокуратурасы да Шахтинскідегі 41 адамның өмірін қиған апатты оқиғаға байланысты қылмыстық із қозғаған болатын. Жұма күні бас прокурордың орынбасары Ерғали Мерзадинов Ленин атындағы шахтадағы жарылысқа тікелей кінәлі үш адамның - шахтаның бас инженері, бас механик және участок механигі қамауға алынғанын хабарлады. Прокуратура үш күннің ішінде оларға қарсы қылмыстық іс қозғамақшы.

Шахтинск көмір бассейнінің барлық кеншілері дүйсенбіден бері жұмысты қойып, ереуілдеп жатыр. Олар айлық жалақыларын көтеруді және жұмыс жағдайын жақсартуды талап етуде.
XS
SM
MD
LG