Accessibility links

Қазақ-өзбек шекарасында атыс болып, бір өзбекстандық азаматша жарақаттанды


Қыркүйектің 27-сі күні қазақ-өзбек шекарасында атыс болуының салдарынан 19 жастағы өзбекстандық азаматша жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген. "Азаттық" радиосына бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі Нұрмахан Жолдасовтың жұма күні берген түсіндірмесінен мәлім болды. Оның сөзіне қарағанда, өзбекстандық шекарашылар Қазақстан ауқымына заңсыз өтіп кеткен. Олардың бірі қолға түскен кезде қалған екі өзбекстандық шекарашы Қазақстан тарабына қарай бірнеше оқ атқан. Қазақстан Сыртқы істер министрілігі қазір бұл оқиға бойынша нақты шаралар қабылдауға шешім шығарғандарын айтып отыр.

Қыркүйектің 27-сі күні 16 сағат 45 минөт шамасында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасына белгісіз азаматтан осы ауданға қарасты Төңкеріс елді мекені тұсында Қазақстан және Өзбекстан шекарашылары арасында атыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Оқиға болған жерге Сарыағаш аудандық ішкі істер қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, әскери прокуратура, №2020 әскери бөлім қызметкерлері жедел түрде жетті дейді Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданы ішкі істер басқарамасының қызметкері Талғат Оқашев «Азаттық» радиосына жұма күні:

- Төңкеріс деген ауыл бар дәл шекараның бойында орналасқан. Сол жерде біздің шекарашылар біздің территорияға өтіп кеткен үш өзбекстандық шекарашыны көреді. Тоқтатпақ болғанда олар өтіп кетеді, бұлар біреуін ұстап алады. Өзбекстандықтар әр жағынан «Жіберіңдер!» деп оқ атады. Біреуін аспанға, біреуін біз жаққа қарай атады. Бір оқ сол маңдағы үйлердің бірінде бақшада жүрген бір қыздың аяғына келіп тиеді. Ол қыз сол күні осындағы әпкесінің үйіне қонаққа келген екен. Бірақ қазіргі жағдайы жеңіл. Арыз жазудан бас тартты.

Сонымен, алдын-ала тексеру барысында анықталғаны: «Өзбекстан Республикасының шекарашылары Қазақстан территориясына заңсыз өтіп, қазақстандық шекарашылар Қалабаев, Әбдікаилов, Моисеевтердің оларды тоқтатпақ болған әрекеттеріне бой ұсынбай, бой тасаламақ болған» дейді Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі Жолдасов «Азаттық» радиосына жазбаша берген түсіндірмесінде. Оның ұсынған деректеріне қарағанда, шекара бұзған бір өзбекстандық қолға түскен, ал Өзбекстан территориясына өтіп үлгерген 2 өзбекстандық шекарашы бірнеше дүркін оқ атқан:

- Олар үш оқты ескерту ретінде аспанға атып, содан кейін бірнеше оқты Қазақстан территориясына қарай атқан. Нәтижесінде шекара сызығынан 100 метр жерде тұрған 1987-ші жылы туған Өзбекстан азаматы Шахноза Иргашева сол аяғының жіліншегінен жараланған. Иргашева Сарыағаш ауданы ауруханасына жеткізілді. Осыдан кейін Қазақстан шекарашылары күштеп тоқтатылған Өзбекстан шекарашысының №3505568 санды 1984 жылы жасалынған АК автоматын алған. Қазақстан шекарашылары табельдік қару қолданбаған, - дейді Сарыағаш ауданының әкімі Нұрмахан Жолдасов «Азаттық» радиосына жазбаша берген түсіндірмесінде.

Мұндай хабарламаны аудан әкімі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевке де жолдаған. Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша Қазақстан тарапының нақты шаралар қабылдауға шешім шығарғандығын, бірақ оның қандай шаралар екендігін ашып айтудан бас тартты, қыркүйектің 29-күні «Азаттық» тілшісіне Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев:

- Әрине, шара қабылданады. Бұл туралы шешім бар. Ол жөнінде тиісті түрде хабарлайтын боламыз.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің аты-жөнін айтқысы келмеген жауапты қызметкері мұндай жағдайда әдетте Қазақстан жағы Өзбекстан тарапына нота жолдайтындығын айтты:

- Біздегі тәртіп былай: егер ондай оқиға болғанда, тергеу жүргізілген жағдайда Ішкі істер министрлігінің Орталық опертивті іс жүргізу жүйесінен хабарлама келіп түседі. Соның негізінде реттеп, ноталар жолдаймыз. Егер ресми түрде ақпарат түспесе, онда біз елшілікке хат жолдаймыз. Сосын олар бұл мәселені зерттейді.

Жалпы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында мұндай оқиға алғаш болып тұрған жоқ. ҰҚҚ комитеті Шекара қызметінің 2006-шы жылғы мамыр айындағы деректеріне қарағанда, 2002 жылдан бері қазақ-өзбек шекарасында өзбек шекарашылары қару қолданған 9 оқиға тіркелген. Олардың салдарынан Қазақстанның 6 азаматы жарақат алып, 1 адам қаза болған. Бұл мәселе Қазақстан парламенті ауқымында да көтерілген.
XS
SM
MD
LG