Accessibility links

Теміртау қаласында бірнеше мың адам қатысқан наразылық митингі өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Қыркүйектің 30-күні Қарағанды облысының Теміртау қаласында, қалалық әкімшілік тарапынан рұқсат етілген наразылық митингісі өтті. Митингте, «Миттал Стил Теміртау» компаниясына қарасты Теміртау металлургия зауытының жұмысшылары Шахтинск көмір бассейіні кеншілерінің апта бойы өткізген ереуілдерін қолдай отырып, өздерінің айлық жалақыларын 40 процентке дейін көтеруді компания басшылығынан талап етті.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясының бас директоры Навал Чоудхаридің баспасөз хатшысы Николай Кубраковтың айтуынша, сенбі күні Теміртау қаласындағы метталлургия зауытының басқарма үйі алдында өткен митингке 3 мыңдай адам қатысыпты. Бұл ақпараты Теміртау қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің бастығы Мәдина Сәлкенова да растады. Ал кейбір ақпарат көздері Теміртаудағы ол жиынға қатысқандар саны бұдан екі мыңға артық деген хабар таратты.

- Митинг қалалық әкімшілік тарапынан рұқсат етілгендіктен, таңертең сағат 10 кезінде басталып, шамасы 2 сағаттай уақытқа созылды. Одан соң жұрт тарап кетті. Қалада дәл сол күні қала күні аталып өтілгендіктен бәрі де тыныш өтті, - деді Мәдина Сәлкенова.

Ал «Миттал Стил Теміртау» компаниясы өкілінің айтуынша, митингке қатысушылар өздерінің айлық жалақыларын бірден өсіруді талап еткен, алайда компания басшылары айлық жалақыны бірден ұлғайтуға өз келісімдерін бермеген, олар нарық заңын алға тартып, айлық жалақыны біртіндеп қосу керектігін айтқан.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясының бас директоры Навал Чоудхари металлургтер алдында сөз сөйлеп, қазіргі әлемдік рынокте кейбір металлдардың бағасы арзандай бастағанын, ал металл өнімдерді сату, оларды тасымалдау мәселесінде қиындықтар туып жатқандығын, сондықтан металлургтер талап етіп отырған айлық жалақыны бірден 40 процентке көтеру мүмкін еместігін, алайда оны біртіндеп көтеру жоспары барлығын айтыпты.

Оның бәрі кәсіподақ ұйымы мен компания басшылығы арасындағы келіссөздерге байланысты, соның шешімі қалай болатындығын күту керек деген ол.

Сенбі күнгі митингке қатысушылар «Миттал Стил Теміртау» компаниясының басшылығына арнап, өздерінің үндеулерін қабылдаған. Онда компанияда жұмыс істейтін 20 мыңдай жұмысшының атынан және кәсіподағы мүшелері атынан 2006 жылдың маусым айының 1-інен бастап металлург, жұмысшылардың айлығын 40 процентке көтеру талабы қойылыпты.

Теміртау қаласында өткен митингке Қазақстанның кәсіподағы ұйымдарының басшылары, парламент пен жергілікті мәслихаттың бірқатар депутаттары қатысқан.
XS
SM
MD
LG