Accessibility links

Адвокат Н.Устемиров: А.Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өлімінде қолданылған тапаншаның қайда жасырылғаны маған мәлім

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты негізгі қылмыскер ретінде сотқа тартылып, өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Устемиров «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, қылмыс жасалған қарудың қазір қайда жасырылып жатқанын білетінін мәлімдеді. Адвокат қазірде не тергеу орындарына, не Ұлттық қауіпсіздік органдарына сенбейтіндіктен, Жоғарғы сотқа арнайы хат жазып, қаруды соларға табыстау процесін құжаттау мақсатында телеарналар мен тәуелсіз тілшілерді шақырмақшы екенін айтты. Сондай-ақ ол Рустам Ибрагимовтың президентке хат жазып, өзінің ешкімді өлтірмегені себепті рақымшылдық сұрағанын айтты. Ал жәбір көруші жақ өкілдері де алдағы дүйсенбіде Алматы облыстық соты арқылы Жоғарғы сотқа 5 тармақтан тұратын шағым арыздарын бермекші.

Сонымен, оппозиция көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты сот ісінің аяқталып, үкім шығарылғанына бір айдай уақыт өтті. Талдықорғанда өткен сот ісі аяқталып қалған кезде, «қылмысты негізгі орындаушы» деп өлім жазасына кесілген Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Устемиров, беймәлім біреудің «дер кезінде қылмыс құралы – тапаншаны аласыздар» деп, өзіне телефон шалғанын мәлімдеген болатын. Адвокат Н.Устемиров «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, сол беймәлім азаматтың жақын арада оған тағы да телефон шалып, қылмыс жасалған тапаншаның қайда жасырылғанын айтқанын мәлімдеді.

- Менің телефоным тыңдалуда ғой, мейлі тыңдай берсін! Мен бес-алты сенімді адамдарға ол тапаншаның қайда жасырылғанын айтып қойдым. Иә, әлгі беймәлім адам маған телефон шалып, тапаншаның қайда екенін айтты. Егер маған бір кездейсоқ жағдай болса, олар өздері бұл жайлы хабар таратады, - дейді Устемиров мырза.

«Енді ол мәліметті тиісті органдарға хабарламайсыз ба?» деген «Азаттық» тілшсінің сауалына Устемиров мырза қазіргі уақытта өзінің ешқандай да органдарға сенбейтіндігін айтты.

- Мен Жоғарғы сот төрағасына хат жазып, тек соларға ғана сенетінімді айта келіп, бұл тапанша жайлы мәліметті қалай алғанымды түсіндірмекпін. Егер олар мақұл көрсе, шақырылған тілшілердің көзінше мен еріп барып, тапаншаның қайда екенін көрсетпекпін, - деген Устемиров мырза, өзінің жақтауындағы Рустам Ибрагимов жақында президентке хат жазғанын да хабарлады.

- Ол өз хатында Нұртай Әбіқаев пен Нартай Дүтбаевты қылмысқа тапсырыс берушілер деп есептемейтіндігін және ол есімдерді оған Ержан Өтембаев айтқанын айта келіп, мән-жайды Өтембаевтың ар-ожданына табыс ететінін айтып, өзінің адам өлтірмегені себепті қайырымдылық жасауын сұрап, ол өзіне берілген рольді ғана орындағанын айтады, - дейді Нұрлан Устемиров.

Талдықорғанда өткен сот барысында Рустам Ибрагимовтың қылмысты негізгі орындаушы екендігі нақты дәлелденбегенін екі жақ та айтқан болатын. Оның үстіне, оқиға орнынан табылды деген тапанша бөлшектері де көпшілік көкейінде көптеген жауапсыз сұрақтар қалдырған еді. Бірақ, егер осы қанды қылмысқа қатысты деген басқа тапанша шынымен табылса, оны тиісті органдар тексеріске ала қояды дегенге сену де қиындау. Себебі, ондай жағдайда, алдын-ала тергеу органдарының жұмыстарын айтпағанда, Алматы облыстық соттың екі жарым айғы жұмысы да далаға кетері сөзсіз. Онда тергеуді қайтадан бастап, қылмысқа тапсырыс берушілер мен нақты орындаушыларды іздестіру керек болады. Ал оған ресми билік бара қояр ма екен? Ол жағы әзірге белгісіз. Ондай бола қояды деп Устемиров мырзаның өзі де бәлендей сенбегенімен «әділдік болатын шығар деп үміттенеміз» дейді.

Ал енді жәбір көруші жаққа келсек, олардың өкілдері де Жоғарғы сотқа деген шағым-арыздарын алдағы дүйсенбі, яғни қазанның екісі күні табыстамақ екенін айтып отыр. Олардың жақтаушыларының бірі Серікқали Мусин «Азаттық» тілшісіне мынаны хабарлады:

- Бүгін аппеляцияны жазып болдық. Жәбір көрушілер - алты адам, бүгін қолдарын қойды. Дүйсенбі күні шағымды апарып Жоғарғы соттың қылмыстық коллегиясына тапсырамыз. Шағым арызымыз бес пункттен тұрады

Адвокат Мусиннің айтуынша, ол шағым-арызда жәбір көруші тарап Жоғарғы соттан:

Қылмыстық тергеу заңы елеулі бұзылуы себепті сот үкімін тоқтатуды;

Қылмыстық істі қайтадан қосымша тергеуге жіберіп, қылмысты орындаушыларды лаңкестер ретінде сотқа тартылуын;

Прокуратураны қылмысқа негізгі тапсырыс берушілер мен орындаушыларды табу мақсатында қылмыстық іс ашуға міндеттеуді;

Лаңкестікке жол бергені үшін Ұлттық қауіпсіздік комитет қызметкерлері – В.Стороженко, А.Садықов, Б.Мусатаевты ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілері ретінде сотқа тартуды;

Президенттің көмекшісі Алексей Кекшаевты лаңкестікті ұйымдастырушы ретінде сотқа тартуды сұрамақшы.

Сонымен, шағымданушылардың айтуынша, белгіленген заң ережесіне сәйкес, Жоғарғы сот бұл шағымдарға қазан айынынң аяғына таман жауап беруі керек.
XS
SM
MD
LG