Accessibility links

Қазақстанда биыл ресми мәлімет бойынша 54 мыңға жуық нашақор тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 мыңға артық және биыл есірткіні мөлшерден тыс қолданған 405 адам қайтыс болған. Бұл туралы Астанада қазанның 3-күні Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің есірткімен күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Қарабеков хабарлады. Оның айтуынша, заң олқылықтарының кесірінен есірткі сатылатын түнгі клуб қожайындары қылмыстық жауапқа тартылмайды. Ал, кейбір бақылаушылар бұл істе полицияның жұмысын сынға алып отыр.

Қазақстандық полиция таратқан ақпаратта жазылғандай, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2005 жылы Ауғанстанда 5 мың тонна апиын шығарылған. Осы елден Ресейге тасымалданатын есірткінің бір бөлігі Қазақстанда қалып қояды, дейді полиция басшылығы. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда биылғы жылдың 9 айында 18 жарым тонна әртүрлі есірткі тәркіленген. Оның ішінде 140 келісі героин. Полиция өкілдері түсіндіргендей, бір грам героин 8 нашақорға бір мәрте егу жасағанға жетеді екен. Полиция мәліметі бойынша, биыл Қазақстанда есірткі саудасымен 111 шетел азаматы ұсталды. Және биыл есірткі тасымалдау және сатумен айналысқан 6 ұйымдасқан топ жойылыпты. Ішкі істер министрлігінің есірткімен күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Қарабековтың айтуынша, жыл сайын елде нашақорлар саны өсіп келеді:

- Былтыр есепте 48000 адам тұрған еді, биыл олардың саны – 54000 адам. Жыл сайын өсіп жатыр. Республика бойынша 10 күн ішінде 1000 адамдай есепке алынды.

Астана клубтарына жиі баратын Шынар Валиахметованың айтуынша, есірткі қаладағы түнгі клубтарда сатылады:

- Есірткі көбіне Астанадағы түнгі клубтарда бар. Мысалы, бір жігіт бір қызды ұнатып қалса, оған шырын, шарап беріп, соның ішіне қызға білдіртпей есірткі салып жібереді.

Өз аты-жөнін жасырған Астана тұрғыны есірткі саудасына қатысты түнгі клубтарда ешкім жазаға ұшырамайды:

- Түнгі клубтан ұстадық дейді, олай болса неге клуб басшысын бұлар жазаламайды, клубтарды неге жаппайды?

Полиция өкілдерінің хабарлауынша, жалпы биылғы жыл басынан бері Қазақстанда мыңға жуық көңіл көтеру мекемелері тексерілген екен. Олардың біразында есірткі тұтынған адамдар анықталыпты. Бірақ, қолданыстағы заңдарға сәйкес клуб иелерін жауапқа тарта алмаймыз дейді полиция өкілдері. Рас, оларды әкімшілік кодекстің 319-бабымен жауапқа тартуға болады. Бірақ, онда осы басшылар «нашақорлықтың барлығын біле тұра, шара қолданбаса ғана жауапқа тартылады» делінген. Полицияның мәліметінше, Қазақстанда есірткі тарататындардың төрттен бір бөлігі тек шартты түрде бас бостандығынан айырылады. Және бір бөлігі сот үкімінен кейін бір жыл өткен соң-ақ бостандыққа шығып жатады. Сондықтан полиция бұл қылмыспен күресте заңды күшейту керек деп отыр. Ал, Астана клубтарына жиі баратын Шынар Валиахметова, есірткімен күрес кезінде көп шудың қажеті шамалы деген ойда:

- Бір жеті бойы өткізіліп жатыр осы іс-шаралар есірткіге қарсы. Менің ойымша бұл әшейін тек жарнама шара сияқты. Үлкен ақша бар сияқты, үлкен адамдардың да қатысы бар бұған.

Өз аты-жөнін жасырған Астана тұрғыны болса есірткі саудасына полицияның қатысы бар екенін айтады:

- Полицияның өздері таратады деген мәлімет бар. Мысалы, Қостанайда сондай жолмен таратты деген мәлімет кеткен. Өздері де сол клубтармен байланысты шығар.

Ішкі істер министрлігінің есірткімен күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Қарабековтың айтуынша, биыл да есірткімен күресуге жауапты полиция қызметкерлерінің қызмет бабын пайдаланып есірткі сатқандығы анықталған:

- Ия, ондай фактілер бар. Жақында ғана Алматы облысында Талғар ауданында бір қызметкер ұсталды, енді жауапқа тартылып жатыр.

Ішкі істер министрлігінің есірткімен күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Қарабековтың айтуынша, жақында президент Назарабаев төрағалық етуімен өткен Қауіпсіздік кеңесінің тапсырмасына сәйкес, елде есірткі саудасымен күресу үшін 3 жылға 2 миллиард теңге бірнеше министрлікке берілмек. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне салауатты өмір салтын насихаттауға, нашақорлықка қарсы иммунитетті қалыптастыруға, мониторинг жасауға, мамандардың біліктілігін арттыруға, мекемеаралық семинарлар өткізуге қаржы бөлу жоспарланған. Нұрлан Қарабековтың айтуынша, осы қаржының ішінде 300 миллион теңге ішкі істер министрлігіне тиесілі.
XS
SM
MD
LG