Accessibility links

Орталық сайлау комиссиясы «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменовке Мәжіліс депутаты куәлігін берді


Парламент Мәжілісінің сайлауы өткеннен кейін екі жылдан соң «Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов депутаттық мандатын пайдаланатын болды. Сейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулы қабылдап, Әлихан Бәйменовқа Парламент Мәжілісінің депутаты деген куәлік берілді.

Әдетте Орталық сайлау комиссиясында депутаттарға куәлік табыстау бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен болатын. Бұл жолы Әлихан Бәйменов куәлігін Оңалсын Жұмабековтің қолынан журналистердің қатысуынсыз оңаша алуды жөн санапты. Ал Орталық сайлау комиссиясына Бәйменовке депутаттық мандатын беру жөнінде өтінішпен «Ақ жол» партиясының орынбасары Людмила Жуланова келді. Ол қыркүйек айының 24-інде партияның съезі өткенін, соның шешіміне сәйкес «Ақ жол» партиясы парламенттегі депутаттық мандатын пайдалану жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Және осыған дейін Орталық сайлау комиссиясына депутаттық мандаттан бас тарту жөнінде партияның атынан берілген өтінішін қайтарып алу туралы қорытындыға келгенін айтып, Людмила Жуланова Орталық сайлау комиссиясының мүшелерінен съезд шешімін қолдауын сұрады.

Орталық сайлау комиссиясы бір ауыздан шешім қабылдап, партия төрағасы Ә.Бәйменовке Мәжіліс депутаты деген төс белгі және куәлігін тапсыратын болды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабеков мұның сайлау заңына қайшылығы жоқ екенін түсіндірді:

– Заңда ешқандай кедергі жоқ. Мәжілістің депутаттары бес жылға сайланған. Сол бес жылдың ішінде саяси партия өзінің құқығын іске асыруға мүмкіндігі бар. Біз Мәжіліске Орталық сайлау комиссиясының көшірмесін жібереміз, содан кейін кірісе береді.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов депутаттық мандатты пайдалану керек деп үстіміздегі жылдың басында, дәлірек айтсақ ақпан айында айтқан болатын. Сол кезде Астанада өткізген баспасөз мәслихатында Әлихан Бәйменов былай деген еді:

– Үлкен сайлау өтті. Өткенге салауат дейді. Әрі қарай елді алға қарай жылжытатын істерге мұрындық болуы керек партия. Ол үшін бүкіл мүмкіндікті пайдалану керек. Мен бірақ, мандат туралы айтқанда, жеке Бәйменовтің баратыны туралы айтып отырғам жоқ, партия жалпы өзінің мандатын пайдалану туралы ұсыныс жасаймыз дедік. Ал ол кім болады? Мен болам ба, жоқ менен кейінгі тізімдегі адамдар бола ма - оны съезд шешеді.

2004 жылы Парламент сайлауына «Ақ жол» партиясы тұтастай тең бес төрағамен түскен еді. Сол жолы жүргізілген тәуелсіз сауалнама қорытындысы бойынша, тұтас «Ақ жол» партиясы сайлаушылардың басым дауысына ие болған. Алайда, ресми қорытынды бойынша, «Ақ жол» партиясына парламенттен бір-ақ орны берілген еді. Сол кезде партиялық тізімде бірінші болып Әлихан Бәйменов тұрса, екінші болып марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының аты-жөні жазылған еді. Алайда, ол жолы «Ақ жол» партиясы сайлауды әділетсіз деп танып, депутаттық мандаттан бас тартқан болатын. Бірақ, сайлау өткеннен кейін көп ұзамай «Ақ жол» партиясы екіге бөлінді.

Ал кейін Ә.Бәйменовтің қайтадан депутаттық мандатты пайдалану керек деген сөздеріне байланысты сол кезде «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы болған, биылғы ақпан айында жауыздықпен өлтірілген марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы «Азаттық» радиосына төмендегідей ойын білдірген еді:

– Партияның атында да, затында да, депутаттық мандатқа да - барлығымыздың үлесіміз бар. Бірақ, билік партияны да, мандатты да Бәйменовтің қолына берді ғой. Әлихан күн сайын пікірін өзгертеді. «Президенттік сайлау әділетсіз өтті, біз сотқа береміз» деді. Үш күн болған жоқ өзгеріп шыға келді: «жоқ, сайлаудың қалай өткенін айту - саясаттанушылардың шаруасы, Назарбаев жеңді, келісімге келеміз» деді.

Саясаткердің саяси аренада сан түрлі ұстаным білдіруі - дұрыс емес деген ой айтады саясаттанушы Болатхан Тайжан:

– Бұл саясаткерге лайықты мінез, лайықты қадам емес деп санаймын. Өйткені, о баста сайлауды әділетсіз десе, қазір қалайша әділетсіз сайлаудың нәтижесінде танылған орынға жармасады?

Жалпы, парламентте партиялық тізіммен «Асар» партиясының да мандаты бар. Бірақ, «Асардың» «Отанға» қосылып кеткені белгілі. Ал енді «Асар» партиясының мандаты қалай болмақ, бұл мандатты Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева енді пайдалана алады ма деген сұрақты «Азаттық» тілшісі Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековке қойған еді. Өйткені, Дариға Назарбаева «Асар» «Отан» партиясына қосылғаннан кейін парламентте қарасын көрсеткен емес.

– Депутаттық мандат заңға сәйкес тізімге кірген партиядан шығатын болса, содан кейін партия тарайтын жағдайда жойылады. Ал «Асар» мен «Отанда» жағдай басқа. Азаматтық кодекске сәйкес, бір партия бір партияға қосылған кезде түгел құқықтары мен өкілеттіктері сақталады. «Асар» партиясы «Отан» партиясына қосылды. Барлық құқықтары, өкілеттіктері сақталды. «Асардың» мандаты күшінде қалады, - деп жауап берді О.Жұмабеков.
XS
SM
MD
LG