Accessibility links

Тәжікстан алдағы айда өтетін президент сайлауына дайындалып жатыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Тәжікстандағы 1999-шы жылғы президент сайлауы кезінде Имомолы Рахмоновқа тегеурінді қарсылас болған үміткер елдегі Исламның қайта өрлеу партиясынан еді. Ал биылғы қараша айында болатын бұл жолғы президент сайлауына аталған партия өз үміткерін ұсынбайтын болып отыр. Бұл жолы қазіргі президентпен жарысқа тағы бес үміткер түспекші.

Исламның қайта өрлеу партиясының басшысы Сайд Абдул Нури қаза болғаннан кейін 40 жасар Мухиддин Кабири ол орынға таңдалған болатын. Нури марқұмның Ислам жөніндегі білімі терең болса, Кабири мырза университеттің Шығыстану бөлімінде оқып, білім алған екен. Бұл жолғы президент сайлауына екі ай уақыт қалған кезде Кабири мырза партия басшылығын қолына осылайша алып отыр. Әрине, бұл орайда, “президенттікке үміткер Исламның қайта өрлеу партиясынан белгіленер ме екен?”деген сауалдың туындары белгілі. Қыркүйектің 25-індегі кеңесі барысында партия басшылығы аталған сайлауға өз үміткерін ұсынбайтын боп шешті.

Кабири мырзаның «Азаттық» радиосына айтуынша, мұндай шешімнің бірнеше себептері бар. Ең әуелі қазіргі кез - Ислам партиясы үшін үміткер ұсынуға қолайсыз мерзім. Сондай-ақ алдағы сайлауға үміткер ұсыну арқылы 7 миллион халқы бар Тәжікстанға артық назарды аударып алуымыз мүмкін деп те Кабири ойлануда. Бұл ойды партияның бұрынғы рухани көсемдерінің бірі Қожа Акбар Туражонзоде де қолдауда. Оның айтуынша, Тәжік қауымдастығы да, аймақ та Исламдық бағыттағы тұлғаның басшы болуына әзір емес.

- Сондай-ақ Еуропа, Батыс елдері, оның ішінде Ресей елі мемлекет басшылығында Исламшыл адамның отырғандығымен келіспейді. Исламшыл бағыттағы үміткер жарысқа түсер болса, мұның өзі ел ішіндегі жағдайды күрделендіріп жіберуі мүмкін. Бұл - халыққа да, мемлекетке де қажет емес жайыт, - деді Туражонзоде.

Ол 1990-шы, елде азамат соғысы болған жылдары аталған партияның Нуриден кейінгі екінші басшысы болатын. Бейбіт келісімдер нәтижесінде Туражонзодеге мемлекеттік қызмет ұсынылып, сондықтан ол Ислам партиясы құрамынан 1999-шы жылғы президент сайлауы қарсаңында шыққан болатын. Бұл жолы да ол президент Имомолы Рахмоновтың кандидаттығын қолдайтындығын айтты.

2005-ші жылғы парламенттік сайлаулар барысында саяси қарсыластары Исламдық қайта өрлеу партиясын “елді кері қарай сүйремекші, сөйтіп, екінші Ауғанстанға айналдырмақшы” деп сипаттаған болатын.

“Енді біз оларға демократияны қалай жүзеге асыратындықтарын дәлелдеулері үшін мүмкіндік бермекшіміз”, - дейді Кабири.

15 жылдық тарихы бар бұл партия алдағы уақытта ұйым мүшелерінің бірлігін нығайтуға күш салмақшы екен.

“Мүмкін басқа партияларға сайлаулар көбірек қажет шығар. Халық бізді онсыз да біледі. Бізге қазір партия ішіндегі тұрақтылық ауадай қажет”, - деді Кабири мырза.

Алдағы сайлауларға бойкот жарияламайтындықтарын және партия мүшелерінің қалауынша дауыс бере алатындығын да ол баса көрсетті.
XS
SM
MD
LG