Accessibility links

Оңтүстік Қазақстан облысында ауруханаға жатқызылған 9 адамнан күйдіргі дерті анықталып, ВИЧ дертінен тағы бір бала қаза болды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Күйдіргіні жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болған және індет ошағында тұрып жатқан 460 адам қазір дәрігерлер бақылауына алынғаны, сондай-ақ, облыста ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың саны 72-ге жетіп, тағы бір бала көз жұмғаны хабарланып отыр.

Соңғы күндері Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш аудандық ауруханасына күйдіргі дертін жұқтырды деген күдікпен 9 адам келіп түскен. Сарыағаш аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекбосын Хасенов сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында:

«Күдіктелген тоғыз адамныңда диагнозы расталды. Науқастарға бұл дерт малдан жұққан. Іңкес ауылының тұрғындары ауырып өлгелі жатқан малды бауыздап, оның етін боршалаған», - деді.

Дәрігердің айтуынша, дертке шалдыққандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені, сойылған малдың еті көрші-қолаңға таратылып кеткен. Қалғанын мамандар өртеп жіберген. Бекбосын Хасенов Іңкес ауылының тұрғындары дәрігерлер бақылауына алынып, ауырған малдың етін ұстаған басқа да адамдарға бес күн профилактикалық емдеу белгіленгендігін айтты. Бүгінде өңірде күйдіргінің 200-ден астам ошағы тіркелген. Әзірге аурудың қайдан шыққаны анықталған жоқ. Аймақта індеттің алдын-алу үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

Ал республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы облыста ВИЧ инфекциясы анықталған адам саны 80 адамға жеткенін (72 сәби мен 8 әйелде) растады. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Морис Абдуллин:

«72 баланың алтауы қайтыс болып, 20 бала емделуде, 11 бала жұқпалы аурулар ауруханасының арнайы бөлімшесінде жатыр. Соның ішінде 7 бала антиретровирустық ем қабылдауда», - деген дерек берді «Азаттық» радиосына.

Денсаулық сақтау департаментінің мәліметі бойынша, сәрсенбі күні Шымкентке Украинадан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесшісі болып істейтін Светлана Комар келген. Бұл балалар арасында ВИЧ індеті белең алуға байланысты облысқа келген екінші шетелдік маман. Санкт-Петербургтегі ВИЧ індетін жұқтырғандар мен балаларға көмек көрсету орталығының жетекші психологы Елена Ведмедь бір аптадан бері облыс орталығында жұмыс істеп жатыр. Балалармен бірге ересектер де ВИЧ инфекциясына қарсы тексерілмек. Қазір соңғы алты айда қан ауыстырған ересектердің тізімі жасалуда. Осы оқиғаға орай, Мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов болашақта жалпы Қазақстан халқын диспансеризациялаудан өткізу туралы мәселе көтерді.

«Осы мәселеге байланысты президентке, үкіметке, денсаулық министріне хат жолдадым. Менің бұл ұсынысым қаралады. Диспансеризацияға көшу – халықтың денсаулығын жақсарту деген сөз», - дейді Ерасыл Әбілқасымов.

Облыстық денсаулық сақтау департаменті ауру жұқтырған балалармен қарым-қатынаста болғаны - 10 175 бала, оның 9093-і тексерілді деп хабарлады. Ерасыл Әбілқасымов аурулармен қарым-қатынаста болғандар ғана емес Қазақстан балаларын жаппай тексеруден өткізу керек дейді:

«Міне, бүгін 72 болды. Бұл жерде екі мәселе алдыдан шығып тұр. Бірінші, кейбір донорлар табылмай жатыр. Екінші, кейбір ем қабылдаған балалар да табылмай жатыр. Аурулардың саны солардың барлығын тексеріп біткен кезде белгілі болады. Ол балалар қайда кетеді? Балалар табылмаса бүкіл Қазақстан балаларын тексеру керек деген мәселе алдыдан шығады».

Ал шетелден келген арнаулы мамандар ВИЧ инфекциясынан зардап шеккен отбасыларға психологиялық көмек те көрсетпек.
XS
SM
MD
LG