Accessibility links

Алматы қаласындағы аудан әкімдерінің бірі пара алды деген күдікпен тұтқындалды


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық депатаментінің баспасөз қызметі қаладағы Түрксіб аудандық әкімнің тұтқындалғанын растап отыр. Олардың айтуынша, әкім үлкен мөлшерде пара алу үстінде ұсталған және ол қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық депатаментінде қамауда отырған көрінеді.

Дерек көздеріне қарағанда, Алматыда бұрын-соңды аудандық әкім деңгейіндегі шенеуікті қылмыс үстінде ұстаған оқиға болмапты. Енді міне Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметкері Болатбек Тулетаев Түрксіб аудандық әкімнің пара алу үстінде ұсталғанын айтып отыр.

- Әкімнің ұсталғанын растаймыз, ол Қылмыстық кодекстің 311-бабымен ұсталды. Яғни ол бапта «пара алу немесе мүліктік пайда көру» деп көрсетілген. Әзірге мен соны ғана айта аламын, өйткені, тергеуші біздің өзімізге «әлі анықтайтын жайлар бар» деп, ешқандай ақпарат бермей отыр. Ал әкім қазір тергеу абақтысында қамауда отыр, оған қарсы екі жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды. Басқа ақпарат әзірге «тергеу құпиясы» болғандықтан, өзге дерек бере алмаймын, -деді қазанның 4-күні «Азаттық» тілшісінің сауалына берген жауабында Алматы қалалық департаментінің өкілі.

Қазақстанның бірқатар ақпарат көздері әкімге екі бап бойынша, яғни «қызметін асыра пайдаланған» және «үлкен мөлшерде пара алған» деген айыптар тағылғанын хабарлап отыр.

Осы жайтқа қатысты қосымша ақпарат алу мақсатында Астанадағы жемқорлықпен күресетін қаржы полициясына да телефон шалғанымызда олар бұл оқиғадан бейхабар болып шықты.

Жалпы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің баспасөз қызметінің айтуына қарағанда, әкімнің ұсталғанына да бірнеше күн болған екен. Алайда, осындай жоғарғы лауазымды шенеуіктің парамен ұсталғаны жөніндегі ақпаратты одан әрі жасыру мүмкін болмаса керек. Ақпарат көздері әкімнің Түрксіб ауданын басшылыққа алғалы бір жылдан астам уақыт болғанын, ал одан бұрын Алматыдағы Медеу ауданын басқарғанын айтады. Әкімге қарсы қозғалған қылмыстық істе, ол өзінің зәулім сарайын қандай қаржыға салғаны да күмән тудырып отырса керек.

Қазақстан жұршылығы Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің есімін Бақай ауылындағы заңсыз салынған деп бұзылған 300-дей үйге қатысты көп естіген еді.
XS
SM
MD
LG