Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрі: Қазақстан 2009-жылы Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуге лайықты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Қазақстан сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев Қазақстанның ЕуроОдақ елдерімен энергетикалық байланысы және Қазақстанның Еуропа Қауіпсіздігі және Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық ету тілегін тағы да кезекті рет білдірді.

Қазақстандық бас дипломаттың бұл Брюссель сапарының маңыз-мақсаты ерекше болды. Қ.Тоқаев, алдымен, Қазақстанның энергетикалық ресурсын аймақтық, әлемдік деңгейде ұсынсақ, сол арқылы әлемдік энергетикалық қауіпсіздікке Қазақстан өз үлесін қосса деген ниет білдірді. Бұл жөнінде Қ.Тоқаев сейсенбі күні Еуропа парламентінің сыртқы істер комитетінде айтты.

Қазақстандық министрдің айтуынша, энергетика саласында ЕуроОдақ елдері сондай-ақ, Қытай және Үндістан арасында үлкен бәсеке кетіп жатқан кезде, мұнай өндіруші негізгі аймақтардағы тұрақсыздық кесірінен мұнай өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік шектеулі болып тұр екен.

Бірақ бұл жағдай Қазақстанға мәселе туғызбайды, дейді Қ.Тоқаев.

- Міне осы жағдайда Қазақстан мұнай өндірісін ұлғайтуға мүмкіндігі бар аз санды елдердің бірі. Сондықтан, Қазақстан әлемдік және Еуропалық базарға энергетикалық қолдау жасай алатын кезеңде тұр, - деді Қазақстан сыртқы істер министрі.

Қ.Тоқаев, ЕуроОдақ аймағының энергетикалық мұқтаждығын салыстыра келе, Каспий аймағы Еуропаға қажетті энергияның 25 пайызын қамтамасыз ете алады, дейді. Қ.Тоқаевтің айтуынша, Қазақстан Орталық Еуропадағы энергетикалық инфрақұрылымдарға жол ашуға ынталы. Сондықтан, Астана Буграс-Александраполус және Одесса-Броди-Гданск мұнай жолы жобаларын да қарастырып отыр екен.

Қ.Тоқаевтің айтуынша, алдағы 15жылға Қазақстандағы мұнай өндірісі үшін кемінде 80 млрд доллар инвестиция қажет екен. Сол үшін Еуропа елдерінің қолдауы қажет дейді Тоқаев.

Қ.Тоқаевтің айтуынша, Астана ЕуроОдақ ұйымына ерекше талпынып отырған жоқ екен. Бірақ, Қазақстан ЕуроОдақтың өзара көршілік саясатына қарсы емес дейді Тоқаев.

Қазақстан сыртқы істер министрінің Брюссельдегі тағы бір негізгі міндеті, бұл басқосуда Қазақстанның 2009-жылы Еуропадағы Қауіпсіздк және Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық мәселесіне қолдау сұрау еді. Бұл орайда, Германия сыртқы істер министрі Гернот Ерлер, Берлин Қазақстанның ОБСЕ ге 2009-жылғы төрағалығын қолдайды. Қазақстан онда реформаларға түрткі болар еді деген сенім білдірді. Сондай-ақ, ЕуроОдақ, жалпы алғанда, Қазақстанның ол үміткерлігіне қарсы еместігін байқатқандай.

Дегенмен, португалиялық социалист депутат Ана Гомес ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы кейбір саяси және адам құқықтары жағдайына қатты сынмен қарайтындығын айтты.

- Министр мырза, сіздер ОБСЕ төрағалығына талпынып отырсыздар. Бірақ, ОБСЕ-нің Қазақстандағы соңғы сайлаулар бойынша бақылауының көрсеткеніндей, көптеген жағдайда ол сайлаулар халықаралық талап деңгейінен көріне алмаған. Сондай-ақ, саяси көзқарасы үшін, тіпті діни топтарды қудалау жөнінде біз біліп, есітіп отырмыз, - деген А.Гомес.

Бірақ Қ.Тоқаев ондай айыптаманы кері қаққан. Министрдің айтуынша, қазақ оппозициясы әлсіз, сондықтан үкіметпен саяси күресте белсенділік таныта алмай отыр екен. Сондай-ақ, қазақ халқының ертеден демократиялық үрдісі болмағандықтан, оны түсіну үшін әлі біраз үйренуі қажет екен. Ал, ОБСЕ-нің Қазақстандағы сайлау жөніндегі баяндамасында техникалық қателер бар, біржақты дерек келтірілген. Ал өзге бақылаушылар ол сайлаудан кемшілік таба алмады, дейді Қ.Тоқаев.
XS
SM
MD
LG