Accessibility links

«Қазақфильмнің» ең үздік 20 фильмін таңдау – жұртшылықтың дауыс беруі бойынша анықталмақ

  • Әлібек БАҚЫТБЕКҰЛЫ

Қазаның айының 4-інен бастап Қазақстан көрермендері «Қазақфильм» киностудиясы қорында сақталған фильмдердің рейтингісін анықтайтын акцияға қатыса алады. 4 қазан күні осы жайында мәлімдеген «Қазақфильм» киностудиясының директоры Сергей Әзімов, халық ұнатқан фильмдеріне интернет немесе мобильді телефонның SMS хабары арқылы дауыс беруге қатыса алатындығын айтты. Акция соңында 1934-1995 жылдар аралығында түсірілген 50 фильмнің ең көп дауыс жинаған 20-сы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетіліп, бейнетаспаға түсіріледі деп хабарланып отыр.

Дауыс беруге қатысатындар Қазақстан азаматтары болғандықтан, біз акция туралы және қазақ кинолары ішіндегі таңдаулы фильмдер жайлы пікірді халық арасынан іздеген едік.

- «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» болса.

- Мен өз дауысымды «Менің атым Қожаға» берер едім.

- Қатысуға болады.

- Дауыс береміз. «Қыз Жібе», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» сияқты фильмдерді көргіміз келеді.

- Осы қазақ фильмдері ішінен «Бейбарыс» фильміне беретін едім.

Сергей Әзімовтың айтуынша, сынаққа түсетін 50 фильмді анықтау 4 қазан мен 12 желтоқсан аралығында жүргізілмекші. Ұйымдастырылып жатқан іс-шара коммерциялық емес, тәрбиелік мақсатты көздейді деп есептейтін «Қазақфильм» киностудиясының директоры қоғамға Кеңестік кезеңде түсірілген фильмдерді кеңінен насихаттау керек дегенге де тоқталды.

- Осы фильмдерді жастар қабылдауы керек. Өйткені, бұл фильмдердің гуманистік потенциялы жоғары. Сапасы, мазмұны, көркемдік дейгейі де жоғары. Сол кездегі фильмдер ешқашан да зорлыққа, жаман істерге шақырмаған.

Ал «Алтын қорда» сақталған кинолармен халықтың сүйіп қауышатындығына күмәнданбаймын деген Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, шетелдік атыс-шабыс фильмдерден гөрі Қазақстан киноматографистері түсірген туындыларды ұнататындығын айтты.

- Бұрынғы ескі фильмдер қайтіп келейін деп жатыр. Осындай бір тарих келе жатыр бізге. Осындай бір қуаныш келе жатыр. Бәленбай жылдан бері ала алмай жүрген нәрсемізді алып жатырмыз.

Ал көптеген фильмдердің режиссері Талғат Теменов Қазақстанда шығатын өнер туындыларын анықтауда ешқандай да әділеттіліктің жоқтығын айтып, Кеңестік кезеңде түсірілген фильмдер қоғам қажеттілігіне жауап бермейді деген пікір білдірді.

- Мысалы, Америкада арнайы канал бар. Ресейдің «Наш фильм» деген каналы бар. Бұрын болған, өтіп кеткен кинолардың барлығын сол телеканалдар арқылы ғана көруге болады. Ал бізде сол фильмдерді қайтадан пленкаға шығарып, дыбысын жазу - шығын. Ал егер бұған маркетингтік, менеджерлік көзқараспен қарайтын болсақ, мұның бәрі ақталмайтын нәрсе.

Айта кететін жайт, «Қазақфильм» киностудиясы қолға алып отырған шара алғаш 2003 жылы көтеріліп, қазақстандық кинорежиссерлер таңдаулы фильмдерін қайта қалпына келтірген болатын. Сол кезден бастап бүгінге дейін Мәскеудегі бұрынғы КСРО Мемлекеттік фильм қорынан 40 жуық туынды Қазақстанға қайтарылды, дейді режиссер Сергей Әзімов.
XS
SM
MD
LG