Accessibility links

Қазақстан президентінің АҚШ-қа сапары нені көрсетті?

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Қыркүйектің 26-29-дағы Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Уашингтонға сапары жалпы алғанда табысты болды. Ал, Қазақ-АҚШ байланыстарын нығайту тұрғысында, әрине өзіндік табиғи шек-шамалар байқалды. Ресей президентімен Назарбаевтың кездесуінде де осы құбылыс аңғарылды. Бұл жағдай сыртқы саясатында көп векторлы саясат ұстанып отырған Қазақстан бағытының маңыздылығын аңғартады.

Қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен қыркүйектің 29-дағы кездесуде Құрама Штаттар президенті Джордж Буш Қазақстанды “тәуелсіз ел” деді. Біріккен мәлімдемеде Орта Азиядағы тұрақтылық, гүлдену және демократиялық реформалардың жүзеге асуына олар ортақ көзқарастарын білдірісті. Арнайы мәлімдемеде Құрама Штаттар жаппай қырып-жоятын қару түрлерінің таралуына жол бермеудегі Қазақстанның ұмтылысын мадақтады. «Екі ел халықаралық лаңкестікке қарсы күресте- табанды әріптестер» деді.

Назарбаев мырза болса өз сөзінде Құрама Штаттардың Қазақстан үшін басты инвестор екендігін атап көрсетті. Бушпен кездесуден кейін Қазақ мемлекет басшысы Америкалық ірі мұнай компанияларының басшыларымен кездесті.

Дей тұрғанмен, аталған сапар барысында айтарлықтай келісімдерге қол қойылған жоқ. АҚШ-тың Энергия және Ұлттық ядролық қауіпсіздік әкімшілігі департаменті арқылы қаржыландырылып отырған бағдарламасы бойынша, Қазақстан жоғары деңгейде байытылған уранның өзіндегі мөлшерін азайтуға келісті. Бұл отын Қазақстанда қайта өңдеуден өтіп, кейінірек Құрама Штаттары ядролық электр бекетінде пайдаланылатын болады.

Сондай-ақ Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ықпалдастық ұйымына 2009-шы жылы төрағалыққа ұмтылысын Құрама Штаттары қуаттауда. Алайда мәселе ол төрағалықтың қашан жүзеге асатындығында”,- деді Қазақ Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев. Сондай-ақ министр мырза, сапар кезінде Қазақстан делегациясының қонақүйге емес, “Блейр үйі” деп аталатын қонақтар резиденциясында тұрғандығының өзі бұл сапарды АҚШ тарапының жоғары деңгейде ұйымдастырғандығын көрсетеді, деді.

Дей тұрғанмен, Қазақстанда демократия мен шын мәніндегі саяси тәуелсіздікті дамыту жөнінде сыншылар тарапынан айтылған пікірлер екі ел байланыстарына шектеу қойғандай. Сондай-ақ Қазақстанның Ресеймен байланыстары да Америкамен ара-қатысқа әсер етуде.

АҚШ сапарынан бірнеше күн кейін, яғни қазанның 3-де Орал қаласында Назарбаев мырзаның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде Қарашығанақ газын Орынбор газ өңдеу зауытына айдау жөніндегі келісімге қол жеткізілген болатын. 2012-ші жылға қарай бұл зауыт жылына 15 миллиард текше метр көлемінде Қазақ газын өңдейтін болады. Ресей өкілінің айтуынша, ол газдың 7 миллиард текше метрі Қазақстанға қайтарылады. Қалған бөлігін газға зәру Ресей өз ішінде қолданып және шетке де шығаруы мүмкін екен. Бұл - екі жаққа да тиімді болғалы тұр, дейді сарапшылар. Назарбаевтің сипаттауынша, Қазақстан үшін бұл келісімнің қос пайдасы бар. Біріншіден, қаржыны сақтап қалу мүмкіндігі, екіншіден, Ресеймен қарым-қатынасты одан әрі жақсартуға көмектеспекші. “Алғаш рет Ресей экономикасына Қазақстан қомақты қаржы салғалы отыр”, деді Назарбаев мырза.
XS
SM
MD
LG