Accessibility links

Солтүстік Кореядағы ядролық сынақ жоспары жөніндегі хабар батыс елдерін алаңдатып отыр


Сонымен, Солтүстік Корея алдағы кезде ядролық сынақ өткізетіндігі жөнінде жариялап жіберді. Егер ол ядролық қару сынағы табыспен өтсе онда Солтүстік Корея ядролық қаруы бар державаның біріне айналмақ. Ал бұған АҚШ бастаған батыстық елдер өздерінің түбегейлі қарсы екендігін білдіріп отыр.

АҚШ бұл сынақ Солтүстік Корея төңірегіндегі дағдарысты одан әрі тереңдетіп жібереді деген үрей айтты. АҚШ барлау қызметінің дерегіне қарағанда, қазірдің өзінде Солтүстік Кореяда екі үш ядролық бомба бар. Бірақ бағдарлама аса құпия жағдайда жүргендіктен бомба саны өзгешелеу болуы да мүмкін. Бұл ядролық жанжал бойынша АҚШтық бас мәмілегер, Шығыс Азия және Тынық мұхиты аймағы бойынша мемлекеттік хатшының көмекшісі Хиллдың айтуынша, Солтүстік Корея бұл орайда шешуші кезеңде тұр.

Солтүстік Кореяда не жарқын болашақ, не ядролық қарулар болады. Бірақ бір кезде екеуі де болалмайды, дейді Кристофер Хилл. Бірақ, ядролық сынақ өте қалғанда Уашингтонның қандай шараға баратындығы жөнінде Хилл ештеме айтпаған.

Ал әзірше, АҚШ БҰҰ қауіпсіздік кеңесінен Пхеньянды қысымға алуды талап етіп отыр. Ал Қауіпсіздік кеңесі бұл орайда қандай шешім қабылдауды білмей отыр екен. Бұл орайда,

– Егер біз Солтүстік Кореяның бұл сынағына қарсы тиісті жауабын бере алмасақ, онда Кеңестегі олардың қорғаушылары бұл әлсіздіктен пайдаланып кетуі мүмкін, - дейді АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Джон Болтон.

Бірақ, Болтон Кеңестегі қорғаушылар дегенде не айтпақ болғанын ашып білдірмеді. Бұл орайда Солтүстік Кореямен жақын сауда-саттық байланыстағы Қытай Пхеньянға қарсы шыға алмасы анық. Ал оған АҚШ ызалы.

Солтүстік Кореядағы ядролық қару мәселесін қос Корея, Қытай, АҚШ, Жапония және Ресей алты жақты келіссөздерде бір неше жылдан бері талқылап келеді.

Қытайдың БҰҰ-дағы елшісі Уаң Гуаңгия сәрсенбі күні, бұл мәселе бойынша былай деді:

- Солтүстік Корея ядролық сынақ өткіземіз деп отырған кезде, меніңше, Кеңес бірер шара жасауы қажет. Бірақ бұл өте күрделі мәселе екендігін түсінүіміз керек. Біздіңше алты ел тағы да келіссөздерге отыруы тиіс.

Ал Ресей сыртқы істер министрлігі Солтүстік Кореяның бұл сынағын өткізуге болмайды, бұл саяси жағдайды нашарлатады, дейді.

Шілде айында Солтүстік Кореяда алысқа ұшар зымыран сынағы өткізілгенде батыс бір дүрліккен болатын. Міне енді, Пхеньян қазанның 3інде, Солтүстік Корея ядролық қару сынағын өткізбекші, деп батысты тағы да әуреге салып отыр. Ал, АҚШ олай болса, Солтүстік Кореяны саяси және қаржылай қысым арқылы ядролық технологиядан алыстату керек деген талап қойып отыр.
XS
SM
MD
LG