Accessibility links

Шымкентте ВИЧ инфекциясына шалдыққан балалар саны 75-ке жетті

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Тағы бір баланың сынамасы тексерілуде. Қараша айында ВИЧ індетін жұқтырған балаларды емдеу және зерттеу үшін словакиялық дәрігерлер тобы Шымкентке келетін болды.

Республикалық СПИД-ке қарсы күрес орталығының зертханасы тағы үш сәбиде ВИЧ инфекциясын растады. Олардың саны бұған дейін 72 болып, 6-уы көз жұмған болатын. Облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығы директорының орынбасары Күрші Құрбанов бейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында:

«Негізгі жұмыс аяқталды. Аурулармен қарым-қатынаста болған 10 175 баланың 9044-і тексерілді. Қазір 21 бала ауруханаға жатқызылды. 8 бала антиретровирустық терапия қабылдап жатыр. Бірақ тексеруді тоқтатқан жоқпыз. Қазір облыстан кетіп қалғандарды іздеп жатырмыз. Қазақстанның барлық облыстық денсаулық сақтау департаменттеріне осы жерден кетіп қалған балаларға қатысты мәліметтер таратылды», - деді.

Оның айтуынша, Словакия Республикасы ВИЧ індетін жұқтырған балаларды емдеу үшін Оңтүстік Қазақстан облысына дәрігерлер тобын жіберетін болды. Словакиялық мамандар қараша айының 21-інде келеді деп күтілуде. Бұл туралы Словакияның Қазақстандағы елшісі Душан Подгорски Денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновоймен кездкескенде мәлімдеген.

Облыста ересектер де ВИЧ инфекциясына қарсы тексерілмек. Қазір соңғы алты айда қан ауыстырған ересектердің тізімі жасалуда. Денсаулық сақтау саласының басшылығына қатаң сын айтып, кінәлілер жазалануы тиіс деп мәселе қойған депуттатың бірі Ерасыл Әбілқасымов әлі де сол ойынан қайтпай отыр.

«Бұған кім біріншіден - дәрігерлер, екіншіден - қан құю орталығы, үшіншіден- департаменттің бастықтары кінәлі. Соған көңіл бөлмей, халықты тексермеген. Ауру наурыздың 21-інде белгілі болған. Сол кезде дәрігерлер неге дабыл қақпайды? Одан бері жарты жыл өтті. Дер кезінде шара қолданса олардың саны 75 емес, оншақты болар еді», - дейді Ерасыл Әбілқасымов.

Ал өткен аптаның жұма күні Оңтүстік Қазақстанда болып, зардап шеккен отбасылармен кездесіп, оларға моральдық көмек беріп қайтқан кейбір кәсіпкерлер арнайы есеп-шот ашып, ВИЧ инфекциясына шалдыққан балаларға материалдық көмек беру туралы Қазақстан халқына үндеу жариялады. Осы бастамашыл топтың белсенділерінің бірі жазушы Дидар Амантай: «Қазір біз ашқан есеп-шотқа 3 млн. теңге ақша түсті. Қазақстанда жұмыс істейтін американдық бір фирма 1 млн.АҚШ долларын аудармақшы», дейді. Оның айтуынша, жиналған қаржыға облыс орталығынан ВИЧ дертіне шалдыққан балаларды емдейтін орталық салынуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG