Accessibility links

«Миттал Стил Теміртау» компаниясы қазанның 1-інен Шахтинск көмір бассейні кеншілерінің жалақысын өсіруге келіскен

  • Досан БАЙМОЛДА

Осыған дейін жұмыс тастау ереуілін өткізіп келген Шахтинск көмір бассейіні кеншілерінің айлық жалақысын көтеру және шахтадағы жағдайды жақсарту жөніндегі талабын қарастыруға қатысты құрылған арнайы комиссия «Миттал Стил Теміртау» компаниясы басшылығымен сәрсенбі күні кешкісін өткізген отырыс қортындысында кеншілердің жалақысын көтеруге келіскен. Бұл жөнінде радиомызға «Миттал Стил Теміртау» компаниясы бас директорының баспасөз хатшысы Николай Кубраков бейсенбі күні хабарлады.

Компания өкілінің айтуынша шахталарда, жер үстінде жұмыс істейтін кеншілердің жалақысы осы қазан айының 1-інен бастап 20 процентке көтеру, ал жер астында жұмыс істейтін кеншілердің жалақысы ең төменгі салалық стандартқа сәйкес белгілену жөнінде шешім қабылданған.

«Миттал Стил Теміртау» компаниясының баспасөз өкілінің айтуынша, қыркүйектің 20-сы күні Шахтинск қаласы маңындағы Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан 41 адам қаза болған оқиғадан соң кеншілер 10 күнге жалғасқан ереуілін өткізді. Оның соңында олардың жалақыны көбейту жөніндегі талабы орындалып отыр. Мысалы, осыдан былай стандарт бойынша 5-ші дәрежелі кенші жұмыс жоспарына қарамай орта есеппен 90 мың теңге мөлшерінде айлық жалақы алмақшы.

- Компанияның көмір департаментіне қарасты 8 шахтаның барлық кеншілері бейсенбіден бастап жұмысқа шықты. Тіпті кейбір шахталарда түнгі кезекте шығатын кеншілер сәрсенбінің кешінде жұмысқа шыққан. Шахталар жұмыс жағдайына толық енді, - деді компания өкілі бейсенбі күні Азаттыққа» берген сұқбатында.

Бұл хабарға байланысты Шахтинск қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің маманы Айнура Екеновамен хабарласқанымызда ол бейсенбі күнгі жағдаймен қалалық әкімшілік үйі алдында ереуілдеуші бірде бір кеншінің жоқ екендігін, олардың жұмысқа шыққандығын хабарлады.

Ал Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Бекбанова ереуілдеуші кеншілер мен компания арасындағы келіспеушіліктің ақыры аяқталғанын, ал қазан айының 7-сі күні кеншілер қалада үлкен митинг өткізбек болған жоспарынан бас тартып ол өтініштерін қайтарып алғанын жеткізді.

Алайда жергілікті «Шахтинский вестник» газетінің жауапты хатшысы Ольга Онколеваның айтуынша, кеншілер мен компания арасындағы келіспеушілікті толық аяқталды деп айтуға келмейді. Өйткені жалақыны өсіру жөніндегі кеншілер талабы орындалғанымен олардың шахтадағы жұмыс жағдайын жақсарту жөніндегі талабы әлі орындалған жоқ.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келісім комиссиясы әлі 3 аптадай уақыт жұмыс істейтін көрінеді. «Миттал Стил Теміртау» компаниясы жыл соңына дейін Шахтинск қаласының жолдарын жасауға, бағдаршамдар орнатуға және қаладағы мәдениет үйін қайта жөндеуге арнап 200 млн теңге мөлшерінде қаржы бөлмекші.
XS
SM
MD
LG